Павлодар ауданында ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер байқалуда. Бұған осы жылдың алғашқы жартысында шығарылған көрсеткіштер дәлел бола алады. Мәлімет бойынша алты ай ішінде ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1798 млн. теңгені құрады. Сонымен бірге мұнда мал саны да өскен: жылқы 13,1%-ға, қой мен ешкі 9,5%-ға, шошқа 8,3%-ға, құс 5,7%-ға артқан. Аудан бойынша өсірілетін малдардың ішінде асыл тұқымды түліктердің үлес салмағы үш пайыздай өсіп, көрсеткіш 18,7 %-ды құрады. Ауданда сонымен қатар сүт, ет және жұмыртқа өндірісінің ұлғайғанын атап өткен жөн.
Аудан бойынша өндірістің әрі қарай арта түсуі үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік тұрғыда қолдау бағдарламалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 59,1 млн. теңге берілді, жалпы сомасы 184,3 млн. теңге болатын 31 техника сатып алынды, оның он біріне лизинг жүйесі бойынша қол жеткізілсе, қалғандарына шаруа қожалықтары мен серіктестіктер 67,5 млн. теңге көлемінде жеке қаржысын жұмсады. «Ақнұр» шағын несие ұйымы 3,8 млн. теңге болатын несиені жеке ауласында мал ұстауға ниет білдірген ауыл азаматтарына үлестірді. Аймақта 11000 гектар жерде ылғал сақтайтын технология қолданылады. Былтыр мұндай заманауи технология пайдаланылған алқаптың көлемі 6000 гектарға аз болған еді.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

