Облыста шөп шабу науқаны қыза түсті
Төрт түлігінің қысқы жайын ойлаған ауылдағы ағайын шөп қылтия шабындық іздейтін әдеті. Мал азығы - жан азығы. Облыста қазір шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Былтырғы қытымыр қыс ауылдықтарға есте қаларлықтай сабақ болған. Соған орай қазіргідей жаздың ашық күндері шөпті молынан шабуға күш жұмылдыруда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жаздың құрғақ болуына байланысты биыл шабылатын шөп көлемі өткен жылғымен салыстырғанда едәуір аз. Өңір бойынша 619,6 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланса, соның 281,1 мың тоннасы бүгінге дейін шабылды. Аудандар арасында Шарбақты науқанды бірінші болып аяқтап қойды. Отыз мың тоннадан астам шөп дайындаған шарбақтылықтар жоспарды асыра орындады. Павлодар ауданының мал өсірушілері шөпті басқа аймақтарға қарағанда молынан шабуды ұйғарған. Алпыс сегіз мың тонна мал азығын әзірлеуді ойға алған олар қазірдің өзінде қырық бес мың тоннаны өндіріп тастады.
Қырдағы шөптің өнімділігі гектарына 3,6-3,8 центнерден айналуда, ал жайылмаларда гектарына 16-21 гектардан түсіп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механикаландыру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мұхамед Нұғұмановтың айтуына қарағанда, шаруалардың қолында былтырдан қалған мол шөп қоры бар, соның нәтижесінде биыл қыста қысылмай шығамыз деген сенім мол. Мал азығына деген мұқтаждық болмайды. Баянауыл ауданында биылғы ерте көктемде шөптен таршылық көрген ағайындар мал азығын көптеп қамтып қалатыны анық. Аталмыш аудандағы шабылатын шөптің жоспары өткен жылғымен салыстырғанда әдеуір ұлғайтылды.
Шөп шабушыларды қолдау мақсатында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры шаруалар арасында жылдығы 9,7 пайызбен шағын несие таратуда. Осы кезде жанар-жағармайға деген сұраныстары күрт артатын ауылдағы ағайынға мемлекет осылайша жәрдемдесіп отыр. Мал азығын дайындау науқаны күздің басында аяқталады деп күтілуде. Ал өңірдегі астық өсірушілердің алды бүгінде қара бидайды оруға кірісіп кетті.
Мұрат АЯҒАНОВ.

