МАЛ ӨНІМІН КӨБЕЙТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

 

      Павлодарлық ардагерлер жасаған баламалы бағдарлама Үкімет назарына іліксе игі

       2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80%-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұл үшін мүмкіндіктер бар.

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

       Жасыратыны жоқ, Үкімет тарапынан отандық ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және сату мәселесіне қолдан келгенше қолдау білдіріліп жатыр. Ауыл шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік субсидиялардан басқа жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етуге арналған түрлі бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Дегенмен де, мемлекеттік субсидиялар мен қаржылай қолдаулар нақты тауар өндірушілердің қолдарына тиіп жүр ме? Мал өсірумен айналысатын ауылдағы ағайынға көрсетіліп жатқан көмек жоқтың қасы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары еліміз бойынша мал өнімдерін даярлаудың 90 пайызы жеке үй-жайларға тиесілі екендігін мойындағанымен, осы әлеуетті тиімді пайдалануға, дамытуға әлі күнге көңіл бөлмей келе жатқандығы таң қалдырады.

 

       Шығынды субсидиялау – сапалы өнімге жол ашады
       Павлодар облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ұзақ жылдар еңбектерін сіңірген, саланы дамыту мәселесін жақсы білетін жергілікті бір топ ауылшаруашылығы ардагерлерінің еліміздегі және өңірдегі мал шаруашылығын өркендету бағытында тиімді жоба ұсынып келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болған. Ардагерлер баламалы бағдарлама жасап, онысын облыс басшылығына таныстырды, артынша еліміздің ауыл шаруашылық министрлігіне, Үкіметке жолдады. Жоба мақсаты - мемлекет көмегіне сүйене отырып, мал өнімдерін өндірушілердің тауарларын тасымалдауды субсидиялау, шалғай жатқан ауылдардағы өнім өндіру әлеуеттерін іске қосу. Малдан алынатын ет пен сүт әрбір өңірде елді мекендердің алыс-жақындығына қарамастан белгілі бір бағада сатылып алынып, тасымалдануы қажет. Осының нәтижесінде қазіргі күні мемлекет тарапынан қаржы алу құқығына ие емес жеке аула шаруашылықтарының өнімін өткізуге жол ашылады. Өнім тұрақты сатылып алынса, жеке тұрғындар өз өнімдерінің сапасына да көңіл аударатынына сене беруге болады.
       Аталған баламалы бағдарлама ең әуелі дифференциалды рентаны салаға енгізуге мүмкіндік берсе, екіншіден сүт пен еттің сатып алу бағасы көтеріледі. Бұл – шаруалар үшін аса қолайлы болмақ. Бағдарламаны жасауға қатысқан ардагерлер Қ.Ажмұратов, Н.Ахметов, Қ.Жаманбалин, Қ.Жұмабеков, М.Қанаев, Б.Нәжімиденов, Н.Сыздықов, сондай-ақ «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Р.Шөкеев, соғыс және еңбек ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы А.Жазин, ауыл шаруашылығы және өңдеу кәсіпорындары қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы П.Сурьма, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор А.Мұстафин, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қанапиянов екенін атап өткен орынды.
       Үстіміздегі жылы Мәскеуде болған кедендік одақ елдерінің басқосуында біртұтас кедендік аймақ аясында қазақстандық кәсіпкерлердің Ресейге мал өнімдерін шығаруына мүмкіндік жасау жөнінде мәселе көтерілген. Ресей үкіметі қазақстандық мал өнімдері әлемдік стандарттарға жауап беретіндей деңгейде болу талабын қоя отырып, бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Бұл үкіметаралық келісімнің алдағы уақытта қазақстандық кәсіпкерлердің ет, сүт өнімдерін Ресей рыногына еш кедергісіз шығаруына жағдай жасайтындығы анық. Осы ретте біздің аймақтағы малдың басым бөлігі табиғи жайылымдарда өсірілетінін ескерсек, оны қалай да дамытуға күш салынуы қажет.
       Ардагер Мойылжан Қанаевтың пікірінше, табиғи жайылымдағы малдың еті сапалы әрі өзіндік құны төмен келеді. Бұны қазіргі нарықтың өзі көрсетіп отыр. Бізде көршілес Ресеймен салыстырғанда еттің және сүттің сатып алу құны анағұрлым арзан. Сөйте тұра жергілікті сүт кәсіпорындарының өнімі көршілес елмен салыстырғанда қымбат. Бұл келеңсіздікті мемлекеттік ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) құрып қана шешуге болады. Аталмыш серіктестік сүт пен етті барлық елді мекендерден бір бағада жинап, тасымал шығынын көтереді.
       - Біздің ұсынған бағдарлама талаптары қарапайым ғана. Мәселен, сүт жинаушылар күн сайын өз округіндегі өнім тапсырушыларды аралап шығады, күнделікті айналым жолдың қашықтығы мен машина маркасын білу арқылы жанар-жағармай шығынын, көлікті ағымдағы және күрделі жөндеу шығындарын анықтауға болады. Көлік жүргізуші – жинаушының еңбекақысы келісімді түрде, бірақ оның тарапынан көп мөлшерде сүт жинауға деген қызығушылық болуы тиіс. Союға апарылатын мал осындай желі арқылы мал соятын пункт немесе ет комбинатының алдын ала жасап қойған жеткізу графигіне сәйкес арнаулы мал таситын көлікпен жеткізіледі. Қабылдау, сүтті салқындату пункттері және мал сою. Бұл пункттер әдетте аудан орталықтарында немесе ірі елді мекендерде орналасады, оған 50 километрге дейінгі радиус бойынша сүт пен ет жеткізіледі. Әкелінген өнімдер мұқият тазартылып, салқындатылады, ал үй жануарлары сойылып, одан әрі жергілікті жерде сатылуға тасымалданады, немесе тереңдетіп қайта өңдеуге, ұзақ мерзімге сақтауға жіберіледі,-дейді М.Қанаев.
       Мал өнімдерін өткізудің де тиімді жолдары бар. Ет-сүт өнімдері негізінен барлық ұйымдарға, жеке тұлғаларға, өзін атаулы өніммен қамтамасыз етушілерге, сауда-саттыққа, қайта өңдеуге және сақтауға босатылады. Ал қалған бөлігі халықаралық стандарттарға сай өнім алу үшін тереңдетіп өңдеуге мемлекеттік ет-сүт зауыттарына бағытталады, бұл сенімді түрде әлемдік деңгейде бәсекелес болуға, бүкіләлемдік сауда ұйымына енуге мүмкіндік береді. Көлік шығындарын субсидиялау бізге сондай-ақ ет-сүт өнімдерін жеткізуші келісімшартына сәйкес барлық жеке меншік дүкендеріне, өнімді сатуға тілек білдіргендерге жеткізіп беруге жол ашады.
       Осы аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін шаруашылық субъектілерінің алыстығы мен ірілі-ұсақтығына қарамастан барлық тауар өндірушілерден мал өнімдерін жинау және сату мен өңдеу орындарына дейін тасымалдау мен өткізу мақсатында мемлекеттік дайындау - өткізу ЖШС-ін (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) құру керек болады.
       Алыс жатқан ауылдардағы ағайындар үшін ең бірінші кезекте қажеттісі – электр жарығы мен жылу екендігі анық. Бұл мәселені ардагерлер желдің күшімен жұмыс істейтін электрогенераторлар арқылы шешуге болады дейді. Мұндай қондырғылар Германия елінде кеңінен қолданысқа ие. Қуат өндірудің мұндай арзан әрі тиімді түрін мемлекеттік тапсырыс берілсе қазақстандық ғалымдар мен мамандар тез арада жасап шыға алатынына сенім мол.

 

       Бағдарлама тұтастай елімізге қажет

       Павлодар облысы ардагерлерінің ғалымдармен бірлесіп жасаған жоғарыдағы жобасы жақында Астанада өткен еліміздің ауыл шаруашылығы кәсіподақтарының және ҚР кәсіподақтары федерациясының съезінде кеңінен талқыға түсіп, мақұлданды. Ардагерлердің сөзіне сенсек, бағдарлама еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше мәрте жолданып, ондағы кейбір пункттер Үкімет назарына іліккен де көрінеді. Бірақ бағдарламаны іске асыруға мүдделі жоғарғы мемлекеттік органдар әлі де болсын байқалмайды.
       Жергілікті ардагерлердің көтеріп жүрген мәселелерінің болашағы бар екендігін түсінген біздің облыс басшылығы қазір бағдарламаны Үкімет органдарына егжей-тегжейлі жеткізуге күш салуда. Облыс әкімінің орынбасары Төлеген Закарьянов жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаевқа ардагерлер мен жергілікті ғалымдардың, қоғамдық ұйымдардың мал шаруашылығы өнімдерін өткізу мен көбейту бағытындағы ұсыныстарын қолдауды өтініп арнайы хат жолдады. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында пилоттық жобаны ұйымдастыру мәселесін көтеруді сұрады. Оның нәтижесі алдағы уақытта белгілі бола жатар.
       Бағдарлама бүгінде ауылда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген тұрғындарға жұмыс тауып беріп, олардың өз жеке шаруашылықтарын дамытуға септігін тигізеді дейді, жергілікті мамандар. Екіншіден, елімізде бос жатқан ұлан-ғайыр алқаптарды іске қосатын уақыт жетті.
      Облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Серік Сүлейменов бағдарламаны облыс көлемінде көтеріп жүрген азаматтардың бірі. Оның сөзінше, өркениетті елдерде өңдеусіз, пайдаланусыз жер телімдері болмайды. Қазіргі адамзат үшін тамақ өндірісі мәселесі алдыңғы орынға шығып келеді. Жер бетінде жыл сайын миллиондаған адам ашығып жатады. Тағам жетіспеушілігі бізде өткір тұрған мәселе емес, алайда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ешқашан естен шығаруға болмайды әрі оны өндіріп, сыртқа сату орасан зор пайда әкеледі. Біздің өңірде ірі шаруашылықтарда ғана мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлініп келе жатқандығы рас. Себебі мемлекет демеуқаржыны тек соларға ғана береді. Ал қолдағы малынан нәпақасын тауып отырған жеке үй шаруашылықтарына Үкіметтен ондай мүмкіндік жасалмайды. Мал өнімдерін өндірудің негізгі әлеуеті жеке тұрғындар қолында болғандықтан оларға қолұшын берудің тиімді жолдарын ойлап табу керек. Осы ретте тасымалдау шығынын субсидиялау мен бірыңғай сатып алу бағасын енгізу көп артықшылықтар алып береді.
       -Мұндай бағдарлама тек қана біздің өңірге ғана емес, тұтастай еліміз үшін ауадай қажет. Павлодар облысының ардагерлері дұрыс ойлар айтып, жөн қадамдарға барып отыр. Олардың пікірлеріне толық қосылам. Үкімет оны өміршең ететініне өз басым сенемін,-дейді депутат С.Сүлейменов.
       Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасенов баламалы жобаны қолдайтынын айтады. Оны Үкімет қарауына жіберіп, толықтырса, тиімді бағдарлама шығаруға болады. Ет пен сүтті қайта өңдейтін кәсіпорындар негізінен қала орталықтарында орналасқан. Олар өздеріне қажетті шикізатты жақын елді мекендерден сатып алады, алыс жерден жеткізсе тасымал шығындарын жабу үшін бағасын арзандатып жібереді. Шалғай ауылдар осының салдарынан шетқақпай болып қала береді. Сондықтан ет және сүтті тасымалдау шығындарын мемлекет тарапынан субсидиялау дұрыс қадам болар еді.
       Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратын мал шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосуды ниет еткен павлодарлық ардагерлердің жасаған жобасы отандық ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында кемшін тұстардың бар екендігін анық көрсетіп бергендей. Ардагерлер ұсынысы Үкімет тарапынан қолдауға ие болып, нақты шешімін тапса, мал шаруашылығы саласы айтарлықтай зор қарқынмен дамуға мүмкіндік алары сөзсіз. Ал мұның өзі Елбасының биылғы жылғы Жолдауындағы 2014 жылға дейін агроөнеркәсіп саласының өнімділігін кем дегенде екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасымен үндесіп жатқандығы анық. Осыған орай, ауыл шаруашылығын қаржыландыруға жауапты қаржы институттары мен басқа да мекемелер бұл мәселені шешу жолдарын қарастыруы қажет дер едік.

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30