Кеше облысымызда Дүниежүзілік статистика күні ресми түрде бірінші рет аталып өтті. Статистика саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға негізделген мерекеге орай Павлодар облыстық статистика департаментінде қалыптасқан дәстүр бойынша тоқсан сайын өтетін «Ашық есіктер күні» шарасы ұйымдастырылды. Шараға департамент қызметкерлері, Алматы статистика және экономика академиясының студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара барысында статистика департаментінің бастығы Дана Сұлтанова үстіміздегі жылдың тоғыз айындағы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар ҚР Статистика агенттігі және облыстық статистика департаменті дайындаған негізгі статистикалық басылымдар қонақтар назарына ұсынылды. Бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен статистикалық және сараптамалық мәліметтерді таратуды да статистика департаменті басты назарға алып, ауқымды жұмыстар атқаруда. Мекеме қызметкерлері даярлаған басылымдар баспасөз, интернет құралдарында тұрақты жарияланып тұрады. Статистика органдары жұртшылықтың статистикалық көрсеткіштермен ақпараттандыру мақсатында шығарылатын басылымдар қаламыздың кітапханаларына таратылып отырады.
Мекеменің баспасөз хатшысы Дина Шәкенова облыс тұрғындарына арналған статистикалық мәліметтердің қолжетімділігі туралы ақпарат беріп, веб-сайтты пайдалану ережелерімен таныстырды. Қазіргі таңда кез келген интернет пайдаланушы облыстық статистика департаментінің электрондық мекенжайына кіріп, өзіне қажетті статистикаліқ мәліметтерді алу мүмкіндігіне ие. Д.Шәкенованың мәлімдеуінше, сайттың «кері байланыс» қызметіне күніне орташа есеппен үш адам сұраныс жібереді екен. Ал департамент мамандары пайдаланушының сұрағына бір күн ішінде жауап қайтарады. Осы жылдың қаңтар айынан бастап сайт көмегіне 9245 адам жүгініпті.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

