Павлодар облыстық статистика департаменті 2010 жылдың І жартыжылдығы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын жасады. Департамент бастығы Дана Сұлтанова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Павлодар облысы еліміздегі индустриалды өңір болғандықтан Д.Сұлтанова алдымен өңіріміздегі өнеркісіп орындарының дамуына тоқталды. Өңірімізде өнім өндіруден өнеркәсіп салалары алдыңғы орында тұрғаны белгілі. 2010 жылдың І жартыжылдығында облыста жалпы өнім көлемі 223 миллиард теңгені құраған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға артқан. Облыс деңгейінің көрсеткіші республика үлес салмағының 5,1 пайызын құрайды. Ал өнеркәсіп өнімі өңіріміздегі жалпы өнімнің 48,7 пайызын құрап отыр.
«2010 жылдың қаңтар-маусым айларында Павлодар облысының өнеркәсіп орындары 401,6 миллиард теңге сомасында өнім өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 2009 жылмен салыстырғанда 139,3 пайызды құрап отыр» - деді Д.Сұлтанова. Өндіріс көлемінің 96 пайызын құрамында 50 адамнан көп жұмыс жасайтын кәсіпорындар жүзеге асырады.
Павлодар облысында қарқынды дамып келе жатқан ауылшаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артып, 17,6 миллиард теңгеге жеткен. Нақтырақ айтсақ, соңғы бес айда тірідей салмақта 30 мың тонна мал мен құс еті, 165 мың тонна сүт және 94 миллион дана тауық жұмыртқасы алынған. Бұл - өткен жылдағы көрсеткіштен 14,7 пайызға ілгері. Жан басына шаққанда облыста орташа есеппен 54 килограмм ет, 458 килограмм сүт және 209 жұмыртқа өндірілген екен.
Статистика департаментінің басшысы Д.Сұлтанова сонымен қатар облыстағы негізгі капиталға жұмсалған инвестицияға да тоқталды. Облыс бойынша соңғы бес айда жұмсалған инвестиция көлемі 62,6 миллиард теңгені құрады. «Инвестициялардың республикалық көлеміндегі Павлодар облысының үлесі 3,5 пайызға тең. Инвестициялауда әсіресе, өңдеу өнеркәсібі және электрмен жабдықтау салалары ерекше маңызға ие» - деді өз сөзінде Д.Сұлтанова. Облыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 13 миллиард теңгені құраған. Ол 2009 жылмен салыстырғанда 90 пайызды көрсетіп отыр. Соңғы бес айдың қорытындысы бойынша 125 ғимараттың құрылысы аяталды. Оның 89-ы тұрғын үй болса, 36-сы тұрғын үйге жатпайтын нысандар. Құрылыснысандары20-30 мыңшаршыметржераумағыналыпжатыр.
Департамент басшысы облыстың демографиялық жағдайына да тоқталды. Ағымдағы жылдың соңғы бес айында 5022 сәби дүниеге келсе, 3478 адам өмірден озған. Сондай-ақ, соңғы бес айда 1838 неке және 1121 ажырасу фактісі тіркелген. Қала тұрғындарының арасындағы ажырасу көрсеткіші 688 – ді құрап отыр. Ал ауылдық жерлерде 386 ажырасу тіркелген екен. Павлодар облысынан республикадан тыс өзге мемлекеттерге 774 адам қоныс аударса, 346 адам облысымызға көшіп келген. Жалпы облысымызға тұрақтаған адамдардың басым көпшілігі Моңғолия, Германия және Ресей аумағынан көшіп келгендер.
Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.

