Еліміздің индустрия орталығы болып табылатын Павлодар қаласы дағдарыстан кейінгі кезеңде өзінің үздік көрсеткіштеріне қайтадан қол жеткізді. Бұл туралы құзырлы мекемелердің осы аптада жариялаған алты айлық даму қорытындысында мәлім болды.
Қазірде облыс орталығында 71 ірі өнеркәсіп кәсіпорны тіркелген, оның 64-і нақты жұмыс істейді. Жартыжылдықтың қорытындылары бойынша қаланың жүйе құраушы кәсіпорындарында өнім өндіру көрсеткіштері арта түскені байқалды. Мәселен, глинозем өндірісі 2,5%-ға, өңделмеген алюминий - 1,7 есеге, болат өндірісі - 42,2%-ға, жіксіз құбырлар шығару ісі - 2,1 есеге, жүк көтергіш кран жасау - 7,0%-ға, мұнай өнімдерінің өндірісі 1,5%-ға ұлғайды.
Мамандар Павлодар қаласында өнеркәсіп саласының өрлей түсуін инвестициялық жобалардың іске асуымен байланыстырады. Осы жылдың бірінші жартысында «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» атты мемлекеттік бағдарлама аясында жылына 250 мың тонна өнім шығаратын электролиз зауытының екінші кезегі іске қослыды. Қарқынды индустриялық даму бағдарламасы бойынша 5 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында марганец құймасының, алюминий ширатпасының өндірістері, құрышты вакуумдеу құрылғысын орнату, алдын-ала қапталған құбырлар шығару, алюминий зауытын электр қуатымен қамту жүйесін жаңғырту секілді маңызды істер бар.
Айта кетерлігі, жарты жылда Павлодар қаласында негізгі капиталға инвестиция құю көлемі арта түсті. Өткен мерзім ішінде барлығы 27,4 млрд. теңге инвестицияланса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 97,3 пайызды құрады. Мамандар өнеркәсіп саласындағы даму одан әрі жалғасын табатынына сенімді. Себебі индустрияландыру бағдарламасы бойынша екінші жарты жылда да бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

