Айта кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2018 жылы еліміздің басым аймақтарында коммуналдық қызмет бағасы өсетіні туралы ақпарат таратқан болатын. Осыған сәйкес, «Павлодар-энерго» АҚ-ның ақпаратына сүйенсек, Павлодар қаласында 1 қаңтардан бастап су және кәріз жүйесі тарифтері 4,5 пайыздан 6,2 пайызға дейін өскен.

Жыл басынан бері жеке есептегіш құралдары бар тұтынушылар үшін 1 текше метр суды пайдалану тарифі 32,94 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,5 пайызға қымбат. Ал есептегіш құралдарды орнатпаған тұтынушылар үшін тариф 50,93 теңгені құрамақ. Бұл өткен жылғы тариф мөлшерінен 7,2 пайызға көп.

Бұған қоса, жылу тарифтері де қымбаттаған. Жылу бағасы да жылу есептегіш құралдарға байланысты болмақ. Мәселен, жеке жылу пункттеріне қосылған, жалпы жылу есептегіш құралдары бар тұтынушылар бір гигакалория үшін 1872 теңге 65 тиын төлейді. Ал жылу есептегіш құралды орнатпағандар биылдан бастап бір гигакалория үшін 2733 теңге 58 тиын төлейді. Ол былтырғымен салыстырғанда 7,2 пайызға көп. Орталықтандырылған жылыту жүйелеріне қосылған, сондай-ақ, есептегіш құралдармен жабдықталған үйлерде тұратын тұтынушылар үшін жылу пайдалану тарифі биыл 7,2 пайызға артқан. Яғни, мұндай үйлерде тұратын тұтынушылар бір гигакалория үшін 1152 теңге 60 тиын төлейтін болады. Ал сәйкесінше есептегіш құрал орнатпағандар 2436 теңге 13 тиын төлейді. Яғни, тариф өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға дейін өскен.

Айта кетейік, есептегіш құралдарды орнатуға техникалық мүмкіндігі жоқ үйлер бар. Мамандардың айтуынша, мұнда жылумен жабдықтаудың ең жоғарғы құны сақталады. Тұтынушылар жеке жылу пунктіне тартылған жылу үшін 2277 теңге 98 тиын төлейді. Дәл осындай үйлер, бірақ, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұтынушылар үшін тариф 2305 теңге 67 тиынды құрайды. Айта кетейік, электр- мен жабдықтауға байланысты монополист өтініш бермегендіктен, электр қуатының құны 2017 жылдың желтоқсан айындағы тариф деңгейінде қалмақ. Осылайша, өңірімізде коммуналдық қызмет бағаларының 7,2-25,5 пайыз аралығында өскенін байқауға болады.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz