- Айзада Амангелдіқызы, жергілікті өзін-өзі басқару саласын дамытуға байланысты бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізумен айналысқан арнайы жұмыс тобының құрамында еңбек еткеніңізді білеміз. Оның ішінде, бюджеттің 4-ші деңгейін іске асыруға көп мән берілді. Енді осы жаңашылдық жөнінде айтып берсеңіз...

- Халқының саны 2 мың адамнан асатын еліміздің әр ауылына бюджеттің жаңа түрі өзіндік өзгеріс әкелетіні анық. Өйткені, бұдан былай мұндай елді мекендер қазынаға жиналған қаржыны қажеттеріне қарай жұмсай алады. Ауылдықтарды мазалаған мәселені жоғарыдан көмек күтпей өздіктерінен шешу мүмкіндігі пайда болады. 2020 жылдан бастап дербес бюджет әр елді мекенде қалыптастырылады. Айта кетейін, биыл Павлодар облысында 32 ауылдың дербес бюджеті болады. Дайындық жұмыстарының уақытылы әрі жүйелі өткізілгенін аңғаруға болады. Бұл жұмыстардың бәрі Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша қолға алынып отыр.

- Сонда ауылдың қазынасы қандай қаржы көздерінен толығады?

- Алдымен, салық түсімдерінің алты түрі бұрынғыша қалалар мен аудандардың қазынасына түспейді. Тікелей ауылдың бюджетіне қабылданады. Яғни, заңды және жеке тұлғалардың төлейтін жер, мүлік, көлік салықтары, жеке табыс салығы есебінен қалыптасады. Одан бөлек, салықтық емес түсімдер арқылы да қазынаны қампайтуға болады. Бұл дегеніңіз, демеушілік қаражат, коммуналдық меншіктегі мүліктерді жалға беруден түсетін төлемдер де бюджеттің кіріс бөлігіне жатады. Оған қоса, аудандық, қалалық бюджеттерден де субвенциялар қарастырылған. Тағы бір айтып өтерлігі, әр ауылдық азамат салық неғұрлым уақытылы төленсе, жергілікті түйткілдерді шешу мүмкіндігі де соғұрлым көп болатынын білгені жөн. Демек, ауылдықтар салық базасының толықтығына мүдделі болуы шарт.

- Ауылдардың дербес бюджеті қаржысын қандай мақсатқа жұмсау керектігі жайлы заңнамада нақты талаптар қарастырылған ба?

- Заң бойынша ауыл әкімдері мен жергілікті халық бірлесе отырып, елді мекеннің керегіне жаратады. Нақты жұмсалуы тиіс 9 бағыт айқындалған. Яғни, қазына қаржысы ауылды абаттандыру, санитарлық тазалық, жол жөндеу, көшелерді реттеу сынды елді мекеннің көркін келтіруге арналған шараларға пайдаланылады.

- Ауылдықтар қазына қаржысын кәдеге жаратуға араласа алатын көрінеді. Бұл бағытта атқарушы билік пен тұрғындардың ара қатынасы қалай реттелген?

- Қолданысқа енгізілген заңнаманың негізгі ерекшелігі жергілікті бюджетті жоспарлау, бөлу және қаржының тиімді игерілуіне мониторинг жасауға ауыл әкімдерімен бірге жергілікті қауымдастық, яғни тұрғындар қатысады. Демек, ауылды көркейтуге ортақ жауапкершілік болады. Бұл жұмыстар ауыл азаматтарына барынша түсіндірілуі тиіс. Әрбір тұрғын оның қатысуымен ауылы алға басатынын түйсінуі қажет. Атқарушы орган өкілдеріне толығымен бюджетті басқарудың тетіктері айтылып, олар арнайы оқудан өтті. Әлбетте, тұрғындарға мемлекеттік бюджет қаржысын игерудің өзіндік талаптары, кезеңдері болатынын да түсіндіру қажет. Дербес бюджет кез келген кезде шетінен керте салатын дүние емес. Бәрі бюджеттік заңнама аясында жүргізіледі. Бұл ретте, атқарушы орган жергілікті қауымдастықпен талқылаудың өткені жайлы жалған хаттама толтырудан аулақ болуға шақырар едім. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікке тартылады. Әр әрекеттің ашық әрі толыққанды жасалуы назарда болуы керек.

- Тұрғындардан не талап етіледі?

- Бастысы – белсенділік. Ауылдықтар енжарлық танытпай, «бізсіз де шешеді» деген ойдан алшақ болулары керек. Ортақ жауапкершілік екенін сезінген абзал. Осы орайда, тұрғындардың белсенділігін арттыру үшін, бәлкім, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына жүгіну қажет болады.

- Жаңа жүйе қолға алынғанда, алғашқыда кейбір ескерілмеген тұстар оның нәтижелі жүзеге асуына тұсау болатыны бар емес пе?! Бюджеттің 4-ші деңгейін енгізу бойынша сіздерге жергілікті атқарушы органдардан ұсыныстар түсіп жатқан жоқ па?

- Ауылдардың дербес бюджетін қалыптастырудың алғашқы дайындық кезеңі сәтті аяқталды. Енді ескерілуі тиіс тұстар барын байқап отырмыз. Мәселен, қазынаға түсетін салықтық емес түсімдер бойынша әлі де нақты тетіктер қарастырылмаған. Яғни, заң бұзғандарға айыппұл қалай салынатыны, демеушілік қаржының қалай қабылданатыны жайында алгоритм жасалмаған. Осы мәселені құзырлы органдармен бірлесіп, амалын қарастыруымыз қажет.

- Сұхбатыңызға рақмет!

СұхбаттасқанГ.ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz