Редакциямызға «ҚазТрансОйл» АҚ-ның облысымыздағы Шығыс филиалы таратылуы мүмкін деген бейресми ақпарат келіп түсті. Бұл кәсіпорында да жүздеген адам еңбек ететінін ескерсек, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық саласына өзіндік кері ықпалы тиетіні сөзсіз. Сонымен, мұндай өзгерістердің салдары қандай болмақ?

Ресми мәліметке сүйенсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақтелеком» АҚ басшылығының шешімімен компанияның Павлодар облысындағы филиалы жабылып, орнына аймағымыз бен Шығыс Қазақстан өңірінің аумағында жұмыс істейтін Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы құрылды. Оның орталығы Өскемен қаласында орналасқан. «Облысымыздағы филиал жабылды» деген ақпарат берілгенімен, ондағы жылдар бойы еңбек етіп келген қызметкерлердің «тағдыры» не болатыны жайында айтылмады. Компанияда қысқарту жүре ме? Жалпы, оның алдағы уақыттағы жұмысы қалай өріледі?

Бір қызығы, «ҚазТрансОйл» АҚ өзінің Шығыс филиалы таратылатыны жөнінде ресми ақпаратты жарияламай отыр. Есесіне, бейресми ақпарат соңғы уақытта жиі айтылатын болды. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» белгілі. Облысымызда өткен алқалы жиындардың бірінде ірі мұнай тасымалдаушы компанияның аймағымыздағы өкілдігі жұмысын тоқтататыны туралы әңгімені құлақ шалған. Атап өтерлігі, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Атырау қаласында орналасқан Батыс филиалы да жабылып жатыр. Бұл жөніндегі ақпарат ресми түрде расталды. Аталған өңірге жұмыс сапарымен барған компания директорының трансформация жөніндегі орынбасары Орал Ыдырысов жергілікті «Ақ Жайық» газетінің тілшісіне сұхбат берген. Батыс филиалдың жабылу себебін түсіндірген ол, жуық арада Павлодар облысындағы өкілдіктерінің де таратылатынын тілге тиек етіпті. Компания өкілінің атыраулық басылымдағы бұл жөніндегі пікірін қаз-қалпында беруді шештік:

«2018 жылы компанияның екі филиалын – тиісінше Атырау мен Павлодарда орналасқан Батыс және Шығыс филиалдарын жабу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі кезде Павлодардағы 9 қабатты кеңсемізді сатуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Атыраудағы кеңсеміз сақталып қалды. Онда Магистральді су құбыры басқармасы мен Операторлық қызмет басқармасы орналасатын болады» (Атырау қаласының «Ақ Жайық» газеті. 2017 жыл, 6 желтоқсан).

Сондай-ақ, О.Ыдырысов мұнай тасымалдаушы компанияның барлық бастамалары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның трансформация-лау бағдарламасы, яғни жұмыс тиімділігін арттыру бағытындағы оңтайландыру шарасы аясында жүргізіліп жатқанын атап өткен.

Былтыр ғана 20 жылдығын тойлаған «КазТрансОйл» АҚ-ны мұндай қадамға нақты не итермелеп отырғаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Бәлкім, компанияның қаржылық жағдайы көңіл көншітерліктей деңгейде емес болар. Бұлай деуіміздің себебі, материалды әзірлеу барысында «Atameken Business Channel» бизнес-порталында жарияланған мына бір деректерге көзіміз түсті. 2016 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның шоғырландырылған табысы төмендеген. Дей тұрғанмен, бұл - болжам ғана. Мәселенің мән-жайын білмекке компанияның орталық аппаратына басылым атынан ресми сауал жолдадық. Дәл осындай сауал «Қазақтелеком» АҚ-ның басшылығына да жіберілді. Қолымызға ресми жауап тигеннен кейін, газетіміздің алдағы сандарында жариялайтын боламыз.

Жоғарыда аталған қос компанияның облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік үлестері бар. Сондықтан осынау өзгерістер аймағымыздың кейбір салаларына әсер етпей қоймайтыны анық. Басқасын айтпағанда, әрбір компанияның жұмысы нәтижесінде облысымыздың қазынасына қомақты көлемде салық түседі. Демек, «Қазақтелеком» АҚ-ның Павлодардағы филиалының жабылғанын, ал «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Шығыс филиалы таратылуы мүмкін екенін ескерсек, қазынамыз айтарлықтай қаржыдан қағылуы мүмкін. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Ғалия Нұрсиханованың айтуынша, мекемеге мұнай тасымалдау компаниясының аймағымыздағы филиалы таратылатыны жөнінде ақпарат түспеген. Ал еліміздегі жетекші байланыс операторының өкілдігі ресми жабылғанымен, оның жергілікті жұмысы қалыпты деңгейде жүретіні жөнінде айтылған.

Павлодар облысының еңбек басқар-масының басшысы Асқар Қапанов әзірге мемлекеттік мекемеге «Қазақтелеком» АҚ мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның аймағымыздағы филиалдарының қызметкерлері атынан ешқандай арыз-шағым түспегенін айтты. Егер шағым түссе, онда басқарма өкілдерімен компаниядағы жұмысшыларды қысқарту үрдісінің қаншалықты заңды түрде жүргізіліп жатқаны тексеріледі. Сондай-ақ, А.Қапанов аталған компанияларда жаппай қысқарту орын алар болса, онда олар бұл жайында облысымыздағы еңбекпен қамту орталығы сияқты жауапты органдарды бір ай бұрын хабардар етуге міндетті екенін атап өтті. Және қысқартуға түскен қызметкерлеріне бір айлық еңбекақы көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.

Не болса да, әліптің артын бағып, ресми мәліметті күтеміз.

Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz