Қазанғап Сатыбалдиев (1771-1856 жж.) – 1843-1848 жылдары Баянауыл округінің аға сұлтаны, Бәсентиін руының белгілі биі болған. Өз заманында халық арасында дана, қайратты би ретінде танылды. Жергілікті басшылар Қазанғап арқылы қазақ рубасыларымен келіссөздер жүргізген.

Қазанғап Сатыбалдыұлы - Ертіс өңірін дамытуда, қазақтардың өндіріспен шұғылдануына үлкен үлес қосқан, Баянауыл округінің ашылуына ұйытқы болған адам. Қалқаман көлінен тұз шығаруды ұйымдастырды. Осындай игілікті істері үшін кезінде халық Қазанғапқа «Би майор» деген атақ берген дейді.

1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлының қазасынан кейін көмекшісі Рамазан Қызылжар (Петропавл) мен Омбыдан күйдірген қызыл кірпіш пен ақ мәрмәр әкеліп, ақ күмбезді кесене салған және орнатылған ақ мәрмәр тақтаға бидің еңбегін жазғызған. Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған уақытында кесене кірпіштері ауылдың құрылысына пайдаланылған.

2008 жылдың тамыз айында Ақсу ауданы Жолқұдық ауылында Қазанғап Сатыбалдыұлына ескерткіш орнатылды.

Халық арасында сақталған аңызда Қазанғап өткір тілді, шындықты тура айтатын шешен адам болған дейді. Сондықтан бұл жөнінде: «Шоң би сөйлегенде, қара арғымақты суға батырады, ал Қазанғап сөйлесе, сол арғымақты судан алып шығады» дейді екен.

Би Абайдың әкесі Құнанбайдың замандас досы болған. Қазанғап аталас Құнанбай мен Бөжейді татуластыру үшін екеуіне мынадай өлең жолдарын арнаған:

Бөжей менен Құнанбай,
Жүйріктігің құландай,
Шұбарлығың жыландай,
Ағайынмен ұстасып,
Омбыда жаттың бірталай.
Жеңемін деп жеңе алмай,
Не бетіңмен келесің,
Ел-жұртыңнан ұялмай.

Ел жадында сөз ұстаған шешендігімен, өткір, беттілігімен және ұлағатты істерімен қалған Қазанғап бидің жерленген жері де киелі орын болып белгіленді.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz