Естай атындағы мәдениет сарайында мерейтойын атап өткен радио салтанатты кешті өткен күндерге арналған бейнероликтен бастады. Онда радиожурналистерінің әр хабарды эфирге қалай әзірлеп, үнжарияның басынан өткен алуан түрлі оқиғалары қысқаша баяндалды.

Облыстық радионың ардагері әрі дыбыс режиссері Әлия Нұрмағамбетованың бұл саладағы еңбек өтілі - 30 жыл. Салтанатты кеш барысында ол «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

- Қазір заман басқа. Біз осыдан 10 жыл бұрын таспалармен жұмыс істедік. Керек жерлерін қиып, желімдеп, бір хабарды эфирге дайындау үшін көз майын тауысатынбыз. Бүгінгі журналистерге ол қызық болуы мүмкін, - дейді ардагер.

Мерекелік шараға радиода әр жылдары қызмет еткен 30-дан астам ардагер арнайы қатысты. Әріптестерімізді құттықтай келген облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев радионың осыдан 15 жыл бұрын жаңа форматқа көшкенін, қазіргі таңда облыспен бірге өркендеп келе жатқанын атап өтті.

- Қазір облыстық радио - аймақ көлемін 100 пайыз қамтитын жалғыз радиостанция. 2005 жылдың қараша айынан бастап, FM-жиілігінде хабар таратып, «Қазтелерадио» АҚ-на және KazSat-2 жер серігіне көшті. Ал 2014 жылдың желтоқсанынан бастап біздің радиостанция «Отау-ТВ» операторының көмегімен сандық форматта әлемнің әр бұрышына тарайды. Бұл - үлкен жетістік, - деді М.Бегентаев.

Сонымен қатар, шара барысында радионың үздік қызметкерлері облыс әкімі-нің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының және қала әкімінің Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ, «Ертіс Медиа» ЖШС-нің директоры Асқар Шөмшеков «Халық радиосының» 80 жылдығына орай ардагерлерді мерейтой-лық медальдармен марапаттады.

Осы ретте 90-жылдардың соңында республикалық радиолардың барлығы өз жұмысын тоқтатып жатқан кезде, облыстық үнжарияның сақталып қалуына айрықша үлес қосқан Ғалия Балтабайдың ерен еңбегін атап өтпеске болмайды. Жуырда ғана өзінің 70 жас мерейтойын атап өткен ардагер журналист, радионың бұрынғы басшысы әріптестерінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Бұл күні «Халық радиосы» өңірдегі жас ақындар арасында жариялаған «Ыстықсың маған, туған жер!» мүшәйрасының қорытындысын шығарды. Жыр бәйгесінің Бас жүлдесін облыстық «Регион.kz» газетінің жауапты хатшысы Жарқынбек Амантай иеленді. Ал байқаудың 1-орны екібастұздық ақын Рауан Қайдаровқа, 2-орын Pavlodarnews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Абзал Қабдрашқа және 3-орын павлодарлық Алтынбек Мұқышевқа бұйырды.

Айта кетелік, мерейтойлық кеш барысында И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның джаз оркестрі, танымал жерлесіміз Серік Мұсалимов пен Астана опера және балет театрының әртістері Гүлнұр Ерманова мен Әли Көптілеу өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Халық радиосы» ұйымдастырған «Star Kids» байқауының финалистері көрерменге ерекше сый жасады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz