Көне тарих құпиясы

«Абылайкит» бекiнiс-монастырі еліміздегі сакралды жерлер тізіміне енгізілген. Мұның тарихы да өзгеше. 17-ғасырда тұрғызылған бекіністе будда дiнiне табынушылар бас қосқан екен. Тарихшылардың зерттеуі кезінде 1720 жылғы храмдардың орнынан будда иконографиясы, статуэткалар, тибет және моңғол тілдеріндегі буддистер кітапханасының орны табылған. Археологиялық ескерткіш бүгінде әлем ғалымдарының назарын аударып отыр.

Астанадағы «Археологиялық сараптама» ЖШС-нің ғылыми қызметкері Ерлан Ғазизовтің сөзінше, ғибадатханалық кешен жалпы көлемі 80-45 метр болатын тік бұрышты платформаның үстінде орналасқан. Ғибадатхананың өзінің үлкендігі 45-20 метр болғаны анықталды. Нысан құрылысы қытай стилінде салынған.

- Бұл жерден кезінде Қазақстан аумағын мекендеген жоңғар тайпалары туралы көптеген құпия деректерді ашуға болады. Ғибадатхана-бекініс құрылысын жүргізуші - Абылайтайшаның нұсқауымен Абылайкит бекінісі салынады. Алайда арада көп уақыт өтпей, 1671 жылы осы жерде тұрып жатқан монахтар мен священниктер бұл жерді тастап кетуге мәжбүр болады. Бұған Абылтайшаның жоңғарлар көсемі Галдан Бошоктумен шайқаста жеңіліске ұшырауы себеп болды. Дәл қазір біздің тұрған жерімізде бекіністің оңтүстік қақпасы орналасқан еді. Монастырьға келіп табынушылар, құрбандық шалушылар дәл осы қасиетті саналатын қақпа арқылы кіретін болған. 18-ғасырда өмір сүрген саяхатшылар мен зерттеушілердің салған суреттерінде гүлмен көмкерілген аркасы бар кірпіш қақпалар бейнеленген, - дейді Ғазизов.

Зерттеушінің сөзіне сүйенсек, ғибадатхана-бекіністің орналасқан жері өте ыңғайлы. Біріншіден, тау бөктері болғандықтан арнайы іздеп келмесең, көзге түсе бермейтін жасырын жерде орналасқан. Екіншіден, нысан іргесінде сарқырап ағып жатқан бұлағы бар. Будда кешені қабырғасының периметрі 2125 метр болған. Содан бері неше мың жылдықтар өтсе де, тас қабырғалар сол қалпында тұр. Құрылыстың түрлі түсті бояулары да өшпеген. Соған қарағанда ғибадатханамен бірге тұрғын үй және шаруашылық бөлмелер болғаны анық.

- Храмның кіре берісінде: керамикалық мүсіншелер, құрбан шалу рәсімінде пайдаланатын шырақ тәрізді шаруашылық заттарын сақтайтын қойма болған екен. Қорған-ғибадатхана құрылысына Қалба тауының жақпар тастарын пайдаланған. Бұдан 2 жыл бұрын басталған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Биыл қазба жұмыстарын аяқтап, келер жылы қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ, - дейді Ерлан Ғазизов.

Әлемге әйгілі Берел қорымы да осы Катонқарағай ауданы аумағында. Мұны тарихшы ғалымдар «Тоң басқан қорғандар» деп атап, еліміздегі ең бірегей тарихи нысандар қатарына жатқызған. Бұл тарихи орынды алғаш 1865 жылы неміс ғалымы В.В.Радлов ашса, 1959 жылдан бастап орыс археологы С.Сорокин зерттеп, 3-4 ғасырларда өмір сүрген адамдардың молаларын тапқан. Одан кейін 1998 жылы бұл зерттеуді тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог Зейнолла Самашев қолға алып, біріккен қазақ-француз экспедициясын жүргізген. Шетелден білікті ғалымдар келді. Сол кезде олар қорымның бір шетіндегі 11-ші қорғанды қазып, одан екі адамның сүйегін тапқан. Ғалымдар бұл екі адамды зерттеп, бір-бірімен жақын туыс екенін анықтаған. Сонымен қатар, бұл адамдардың қасынан ағаш бұйымдары, жылқы сүйектері мен ат әбзелдері табылған. Тіпті жануарлардың терілері мен биологиялық қалдықтары да сақталыпты. Соған қарағанда олар патшалық билікте болғаны анық, дейді ғалымдар. Бүгінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары мен студенттері қазба жұмысын жүргізуде. Болашақта мұнда үлкен қорымдар мұражайы бой көтеретін болады дейді олар.

- Біз мұнда 2016 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Археологиялық зерттеу жұмыстары Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтің қолдауымен жүргізілуде. Алдымен бұл жердегі екінші қорғанды аштық. Одан жеті жылқының сүйектерінің қалдықтары мен басқа да сол заманғы құнды жәдігерлер табылды. Былтырғы жылы бесінші қорғанды қазып, алтынмен апталған бас киімдер мен сол заманға тән құнды әшекей бұйымдарын таптық. Яғни, патшалар жатқан жер. Оны біз Өскемендегі тарихи-өлкетану музейіне тапсырдық. Біздің қазба жұмыстарымыз 2020 жылға дейін жалғасады. Ал, негізі бұл жерде тағы 100 жылға дейін зерттеуге болатын ауқымды тарихи қор бар, - дейді С.Аманжолов атындағы ШҚ мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері Елдос Кәрібаев.

Ғалымдар бұл жерде жатқан адамдар мүрдесін 3-4-ғасырларда өмір сүрген пазырық мәдениетіне жатқызады. Яғни, сақ және түркі халықтарының ата-бабалары деп есептейді. Яғни, біздің арғы тегіміз. Себебі, пазырықтықтардың қолөнері Алтай өлкесіндегі қазақтардың қолөнер туындыларына ұқсайды, яғни тікелей сабақтастық бар деуге болады. Оған қорымдардан табылған классикалық қошқар мүйізді оюлары бар сырмақтар дәлел болады. Ал діни наным-сенімінде қайшылық бар. Адамдардың бастары құбылаға емес, керісінше шығысқа қарата жерленген. Себебі, ол кезде бұл далаға Ислам діні әлі келген жоқ болатын.

Бұдан кейін павлодарлық журналистер делегациясы Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарайтын «Ақ бауыр» тарихи-археологиялық кешенінде болды. Бұл Ұлан ауданы Бестерек ауылының солтүстігінен 3 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде әртүрлі археологиялық ескерткіштер мен ерте дәуірден қалған петроглифтер сақталған. Сондай-ақ, қола дәуір қорымдары, темір ғасыр қорғандары, ерте орта ғасыр дәуірімен шектесетін молалар шоғырланған. Тарихи кешен аумағы темір тормен қоршалған екен. Сол қоршаулардың ішіндегі жартастардың бетінде аң мен құстың бейнелері қашалып салынған.

Таңғажайып табиғат

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Катонқарағай ауданы табиғатының сұлулығына көз тоймайды. Аудан Ресей Федерациясының Алтай өлкесімен шектеседі. Бұл жаққа барсаңыз, төбесін көк тіреген қарлы шыңдарды көресіз. Ал тау беткейіндегі қарағайлы орман бейне бір суретшінің майлы бояумен басқан қылқалам туындысы іспетті. Бұл жақта жаздың шіліңгір ыстығында да тау бастарын тұман басып, қар жауып тұрады. Содан да болар, жазы қысқа, қысы қатал келеді. Осы Катонқарағайдан жиырма шақырымдай жерде Шыңғыстай деген ауыл бар. Бұл - қазақтың заңғар жазушысы Оралхан Бөкейдің туған жері. Оралхан ағамыз бір естелігінде: «Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан мен жазушы болуды армандаймын» деп жазады. Соған қарағанда, жазушының жазушы болуына Алтайдың осындай тұмса табиғаты әсер еткендей, туған даласының ғажайып көрінісінен шабыт алғандай...

Біз Катонқарағай ауылына екі күн еруледік. Бірінші күні жоғарыда айтқан Берел қорық-мұражайын тамашаласақ, екінші күні ұйымдастырушылар сол ауылдан ары жүз шақырымнан астам жердегі «Рахман қайнары» шипажайына алып жүрді.

Бұл демалыс орны теңiз деңгейiнен 1750 метр биiктікте орналасқан. Бір әттеген-айы, мұнда баратын жолдың жағдайы өте төмен екен. Сондықтан алыс-жақыннан келген саяхатшыларды осындай таулы жолға арналған «КРАЗ» автокөлігі алып жүреді. Біз де соған отырып, шамамен үш сағатқа жақын уақыт жүріп жеттік. Себебі, мұнда жету үшін тау асып, тас басып, небір қия жолдардан өтуге тура келеді. Мұнда «Радон» ваннасы деп аталатын шипалы арасан бар. Осы арасанның суын ішуге және жуынуға айына мыңдаған адам ат басын бұрады. Саяхатшылар Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де келеді, дейді қызметкерлер. Ал шипажай неліктен «Рахман қайнары» аталған деп сұрадық қызметкерлерден. Сөйтсек мынадай бір аңыз бар екен. Ерте кезде осы өңірді Әбдірахман деген аңшы мекендеген. Аң аулап дүниенің жүзін шарлап жүріп, осы бұлақтың үстінен түседі. Сөйтіп жаралы киіктің осы бұлақ суынан ішіп жазылғанын байқайды да, жан торсығына су құйып, өзінің сырқаттанып жатқан баласына әкеп береді. Су баласына да ем болып дариды. Сол оқиғадан кейін халық «Рахман қайнары» деп атап кеткен. Ал 1933 жылы Баянауылдан шыққан белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы Сәлкен Субханбердин көлдің ерекше қасиетін дәлелдеген. Шипажай қызметкері Ольга Кисточканың айтуынша, көл мен бұлақ суының құрамында көмiр қышқылы мен радон, гидрокарбонаттар, натрий, кальций сынды тағы басқа пайдалы элементтер бар.

- Бұл жерге келген адам көптеген ауруға шипа табады. Мысалы, асқазан, ревматизм, гинекологиялық, жүйке, тыныс жолдары ауруларына пайдалы. Тіпті, омыртқа сүйектерін емдеуге болады. Шөлмекке құйып алғаннан кейін судың құрамындағы радон екі сағат өткен соң ұшып кетеді, дегенмен минералдық құрамы сақталып қалады, - дейді ол.


Түйін:
Алты күнге созылған экспедициялық сапардан әріптестеріміз айрықша әсермен оралды. Қазақ даласының небір құпиясына көз жүгіртіп, ежелгі тарихи және мәдени орындар туралы мол мағлұмат жинап қайттық. Болашақта Шығысқазақстандық әріптестеріміз Павлодар өңіріне келіп, Ертіс-Баян өңірінің сакралды орындарын аралап қайтады деген жоспар бар.


Тілеуберді САХАБА Павлодар-ШҚО-Павлодар.

saryarka-samaly.kz