Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі депутаттар назарында болмақ. Жақында «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыстық мәслихаттың депутаты Гүлмира Нұрханова қоғамдық көліктердегі мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызмет түрімен танысып, арнайы рейд жүргізді.

- «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 15 маусымнан бастап өңірімізде айлық басталды. Барша қоғамдық көлікті кембағал жандарға қолжетімді етіп, оларға жағдай жасау жағын бірлесіп қарастырамыз. Әрі тиісті нәтиже шығарамыз деп ойлаймыз, - дейді Г.Нұрханова.

Мүмкіндігі шектеулі жандар кейбір қоғамдық көлікте жағдай жасалмағанына наразы. Мысалы, есту қабілеті нашар Дмитрий Белинов қоғамдық көліктермен қатынаудан қалдым дейді. Өйткені кейбір автобус пен трамвайларда аялдаманың аты жазылған жүгіртпе жол жоқ екен. Жолаушы толы көлікте терезеге жаутаңдап жүріп талай рет ыңғайсыз жағдайларға тап болған. Сол сияқты жанарынан айырылғандар жүргізушілер аялдамаларды хабарламайтынына қапаланды. Ал арбаға таңылғандар жүргізуші көлікте тиісті пандус болса да, оны түсіруге ерінетінін, кейде ішке көтеріп кіргізетінін айтады.

Рейд барысында №1Э, 27 автобус пен 3 бағытта қатынайтын трамвайда көрсетілетін қызмет түрін тексерді. №1Э бағытындағы автобуста мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жиналмалы пандус пен автобустың іші-сыртында арнайы батырмалар орнатылыпты. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандар батырманы басу арқылы автобус жүргізушісі мен кондукторды шақырып, пандустың көмегіне жүгіне алады.

Аталмыш шара барысында І топ мүгедегі Ерлан Құрманғазин мүгедек жандарға арналған мобильді қосымшаны іске қосуды ұсынды. Кез келген автобусқа телмірмей, мүгедек жандарға қолайлы автобустарға мінетін едік, дейді ол.

Бүгінде шаһарда инватакси қызмет көрсеткенімен, барлығына бірдей үлгере бермейді. Алдын ала тапсырыс беріп, ұзақ күтесің. Сондықтан тағдыр тауқыметін тартқан жандар өз беттерінше амалын тауып, діттеген жерлеріне жетеді.

- Жарымжан жандарға қолайсыздық тудыратын ескі автобустар қолданыстан алынып тасталады. Жаңадан сатып алынатын автобустардың барлығының сапасы, талап бойынша техникалық өлшемдері тексеріліп, жіті қадағаланады. Біз қаладағы автобус жүргізушілері мен кондукторларын арнайы оқу курсынан өткіземіз. Соның ішінде арбамен жүретін жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, олардың автобусқа кіріп-шығуына көмектесулері керектігі де ескеріледі, - дейді «Павлодар автокомбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол қауіпсіздігі жөніндегі инженері Сергей Вагнер.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz