Мұндай ақпарат әлеуметтік желілердегі парақшаларда тарай бастаған. Одан аузы-мұрнынан шығып шашылып жатқан қоқыс контейнерлерін анық көруге болады. Үш күн бойы тазартылмаған қоқыс тау боп үйіліп қалған. Тұрмыстық қалдықтардың көптігі сонша, тұрғын үйлердің алды аяқ алып жүруге келмейді. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары мұндай мәселе туындағанын жасырмады.

Павлодар қаласында тұрмыстық қалдықтарды жинау-мен және тасымалдаумен «Спецмашин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Кәсіпорынның демалыс күндері қоқыс жинамаған себебі әлі де беймәлім. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асхат Омаров аталмыш мәселеге қатысты арнайы жиын өткенін айтады. Негізі тұрмыстық қалдықтар күнделікті шығарылып отырылуы тиіс. Жіберілген кемшілікке байланысты жауапты орган жергілікті полиция қызметіне хат та жолдап қойыпты.

- Қазіргі уақытта қоқыстың не себепті уақытылы шығарылмауы анықталып жатыр. Әзірге бізге техникалық ақауларға байланысты қоқыстың шығарылмағаны ғана белгілі. Нақты қандай техниканың істен шыққаны алдағы уақытта анықталады. Қоқыстың шығарылуына жауапты ұйымдардан жергілікті полиция қызметі мәселенің мән-жайын анықтауда. Сонымен қатар, қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің мамандары да арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Өйткені ол жерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұзылып отыр, - деді Асхат Омаров.

Тұрғындар қоқыстың үйілуін тазалаушы компанияның тарифті көтермеуіне байланысты наразылығы деп топшылауда. Қала тұрғындарының айтуынша, осымен үшінші жыл компания басшылығы қалдықтардың ұлғаюына байланысты тарифті екі есе көбейтуді талап еткен көрінеді. Дегенмен қаланы тұрмыстық қалдықтан тазартуға жауапты компания мамандары мұндай мәселені жоққа шығаруда. «Спецмашин» ЖШС-нің басшысы Вячеслав Рудько қоқыс жинауға қатысты айтарлықтай мәселе туындамағанын айтады.

- Мәселе бар деп айта алмаймын. Біздің компания штаттық режимде жұмыс істеуде. Күн сайын таң атысымен барлық аумақты күл-қоқыстан тазартуға барымызды саламыз. 40 көлік шығады, 5-6 көлік резервте қалады. Бүгінгі күні қаланы күл-қоқыстан тазарту бойынша мәселе жоқ. Демалыс күндері мерекеге дөп келгендіктен, тұрмыстық қалдықтар да өте көп болды, - деп түсіндірді.

Бүгінгі күні қоқыс шығаруға жауапты мамандар штаттық режимге көшкен. Күн сайын қоқысты тазалауға 77 бірлік техника жұмылдырылуда.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz