Серіктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Берікбай Әміржановтың айтуынша, қазіргі таңда зауытта 620 адам еңбек етеді. Орта есеппен мұндағы қызметкерлер 160 мың теңге көлемінде айлық алады. Енді жүзден астам қызметкер қабылданса, мұндағы жұмысты төрт ауысымдық тәртіпке көшіруге болады. Күн сайын ондаған адам өтініш білдіреді. Олардың арасынан лайықтылары таңдалуда. Сонымен қатар, кәсіпорын жастарды тарту мақсатында екібастұздық колледж-бен де әріптестік орнатқан. Студенттер зауытта тәжірибеден өтуде.

- Әзірге, тапсырысты уақытында орындаудамыз. Өндірістік қуатына шықтық. Тәулігіне 8 вагон жасауымыз керек. Бұл межеге жетіп отырмыз. Бір ауысымда 4 вагон құрастырылуда. Жыл басынан бері 505 жартылай вагон шығардық, - дейді Б.Әміржанов.

Қазіргі таңда мұндағы жұмыс екі ауысыммен жүргізілуде. Биылғы жылға кәсіпорынның 270 платформа және 1988 жартылай вагонға тапсырысы бар. Жартылай вагонның 1000 данасын «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамына, тағы 988-ін «Қазтеміртранс» компания-сына жасап беруі тиіс. Ал әмбебап платформаларға «KTZ EXPRESS» Ақ тапсырыс берген екен. Жыл соңына дейін осы көлемді толық жасап шығу үшін төрт ауысымдық жұмыс тәртібі аса қажет.

Б.Әміржанов күн көзінде тез бұзылатын өнімдерді тасымалдауға арналған жабық вагондар жасауға да қауқарлымыз, дейді. Бірақ мұндай тапсырыс әзірге түскен жоқ. Жабық екі вагон құрастырып, «Қазтеміртранс»-қа сатыпты.

Алдағы жылдары да зауыт басшылығы үздіксіз жұмыс істейтіндеріне сенімді. Себебі, ұзақ мерзімді тапсырыстар бар. Мәселен, «Казтеміртранс» кәсіпорны вагондар паркін жаңартуға ниетті. Яғни, олар бірнеше жыл ішінде 10 мың вагонды жаңадан сатып алуды межелеп отыр. Бұл дегеніңіз, екібастұздық зауыт үшін айтарлықтай қолдау болмақ.

Айта кету керек, компания вагон жасауға қажетті металды Ресейден әкеледі. Жылына шамамен 2 мың тоннадан астам металл тасымалданады. Ал вагондардың доңғалақтарын екібастұздық «Проммашкомплект» кәсіпорнынан алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылы ашылған зауыт 2015 жылы экономикалық қиындықтарға байланысты тұралап қалды. Екі жыл еш табыссыз, тапсырыссыз қалды. Сөйтіп, жан-жақты қолдаудың, ірі тапсырыстардың нәтижесінде кәсіпорын қайтадан тыныстады. Десе де, әлі де толағай табысқа кенеліп жатқан жоқ. Өйткені, ескі қарыздың әлегі бар.

Екібастұзда құрастырылатын жартылай вагондардың бір данасы 13-15 млн. теңге тұрады. Кәсіпорын директорының экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары Ольга Бородинаның айтуынша, бұл соманың басым бөлігі шикізатқа жұмсалады. Маманның мәлімдеуінше, өнімді сатудан түскен қаржының тек 2 млн. теңгесі кәсіпорын еншісінде қалады. Бұл қаржыға коммуналдық қызметтер, қызметкерлерге жалақы төленеді. Сондай-ақ, ескі берешекті өтеуге бағытталады. Айта кету керек, бүгінде айлық бойынша еш қарыз жоқ, уақытылы төленуде.

О.Бородинаның мәліметі бойынша, бүгінде зауыттың 3 млрд. теңге шамасында қарызы бар. Кезінде кәсіпорын екі қарыз алыпты. Оның бірін шетел валютасымен алған. Содан бері екі рет девальвацияның орын алуы қарыз көлемінің өсуіне әкелді. Компания басшылығы бұл қарызды бір мезетте төлеп тастауға қауқарсыз. Сондықтан келісімшарт мерзімін 2021 жылға дейін ұзартыпты. Компания сол уақытқа дейін қарыздан толық құтылуға әрекет етеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz