Д.Димитров қызметінен кеткелі «Ертіс» футбол клубы басшылығында тұрақсыздық орын алғаны белгілі. Бірнеше бас бапкер ауыстырып үлгерген команданың жаңа маусымдағы жағдайы көңіл көншітерліктей емес.

- Димитар Димитров – білікті маман. Ол бұған дейін Ресейде, Сауд Арабиясында, Болгарияда, Қазақстанда нәтижелі жұмыс істеді. Еуропалық футболдың қыры мен сырын білетін азамат. Біз ойлана келе бұрынғы бапкерді қызметіне қайта шақырдық. Алдағы уақытта бес дүркін ел чемпионы деген атағы бар командамыздың жіберген қателіктерін түзетеді деп ойлаймын, - деді Павлодар облыстық футбол федерациясының төрағасы Ұлан Жазылбек.

Қызметіне қайта оралған бас бапкер өзіне артылған зор сенімді ақтау жолында тер төгетінін айтты.

- «Ертіске» қайта келу туралы ұсыныс түскен кезде 2019 жылдың басынан қызметке кіріссем деп ойладым. Бірақ команданың қазіргі жағдайын көріп, тез арада шешімімді өзгерттім. Әрі павлодарлық жанкүйерлердің ыстық ықыласы мені өзіне тартты. Өткен күндердің барлығы менің көз алдымда. Жанкүйерлер бізден қолдауын аяған жоқ. Биылғы маусым бел ортасына барып қалды. Қандай да бір үздік нәтиже көрсетеміз деп бос уәде беруден аулақпын. Ал келесі жылы жаңа маусымда жақсы жетістікке қол жеткізетінімізге сенімдімін, - деді бас бапкер.

Бас бапкердің сөзінше, команда сапына өзгерістер енгізу қажет. Қазақстандағы мықты ойыншылардың барлығы басқа клубтарда доп теуіп жүр. Сырттан ойыншы алдыру мәселесі қаржыға тірелетін көрінеді.

Димитар Димитров павлодарлық клубты 2015-2017 жылдары аралығында жаттықтырған. Осы кезде «Ертіс» аяқдопшылары ел чемпионатының қола жүлдесін қоржынға салды. Сондай-ақ Еуропа Лигасының 2017-2018 жылғы маусымына қатысуға жолдама алған еді. Жергілікті команда Д.Димитровтың жетекшілігімен барлығы 79 ойын өткізіп, оның 35-інде жеңіске жетсе, 18 кездесуді тең аяқтаған. Ал 26 ойында қарсыластарына есе жіберген.

Қайта келген бас бапкер уәдесінде тұрса, «Ертіс» футбол клубының жанкүйерлері қуанатын күн алыс емес.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz