Менің редакторларым

1929 жылы 15 ақпанда тұңғыш саны жарық көрген «Сарыарқа самалы» газетіне келер жылы 90 жыл болады. Облыста тұңғыш қазақ тіліндегі басылымның шыққан уақыты қазақ ауылдарын кеңестендіруге дәл келгеннен болар, «Кеңес туы» деп аталды. Одан кейін ұжымдастыру басталды, газет атауы өзгеріп, «Колхоз» атанды.

Қазақ өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен «Кеңес туы» газетінің редакторы Мәскеуде жоғары әдебиет курсының тыңдаушысы, кейін қазақ әдебиетімен түркі халықтарының әдебиеттерін жалғастырған ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев болды.

Одан кейінгі екінші редактор - әдебиетші, ақын, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Ғалым Малдыбаев, Хамза Сыздықов, Әубәкір Аяпбергенов – жауапты редактор. 1937 жылы сталиндік қуғын–сүргіннің құрбаны болып, атылып кетті.

Сыздық Смағұлов «Қызыл тудың» шығарушысы, кейін Ертіс аудандық газетінің редакторы болған, 1950 жылдардың басында айдаудан оралып, «Қызыл туда» қызмет етті (Ә.Аяпбергенов пен С.Смағұловқа «Сарыарқа самалының» ғимаратының қабырғасында мемориалды тақта орнатылған). Мұнан әрі сталиндік қуғын–сүргін газетті айналып өтпеді. 1937 жылы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған, шыққан тегіне қарамастан, кедейлерден бола тұрса да, қуғын–сүргінге тап болған Хамза Тілеулесов облыстық партия ұйымының конференция-сында басылымның атауын «Қызыл ту» деп өзгертуге келісті.

Тоқсаныншы жылдардың басында газет ардагерлерінің бірі – журналист, ақын, сатирик Қажымұрат Смағұлдың бастамасымен «Сарыарқа самалы» деп аталды.

Мен осындай мол тарихы бар басылым ұжымына он алты жасымда келдім.

Журналистер қатарына қазіргі Әл–Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген Зейнел–Қабиден Әйтімов пен Көкіш Әміржановтың көмегімен келдім. Жат жазу жаздырып, сынақтан өткізіп барып, жауапты хатшы Хасанат Ысқақов мені редактор Әзілхан Нұршайықовтың алдына алып барды.

...Сөйтіп, 1955 жылы 7 қыркүйекте хат тасушы (курьер) әрі корректордың көмекшісі болып шыға келдім. Екінші лауазым сағат 4–те басталады екен. Ертеңінде жұмысқа кірістім. Редакцияға хат тасимын (газеттің макеттерін баспаханаға жеткіземін, обкомнан қағаздар әкелемін, бұл шаруа- лар түске дейін атқарылады, түстен кейін корректорлардың қарауындамын). Алғыр, орысша-қазақша бірдей сайрап тұрған Мұқатай Әлжанов, Семейден Төлеубек, Семейбек атты екі інісімен келген Жиенбек Сәттенов қарауында түнгі сағат 12–1–ге дейін созылатын корректордың көмекшісі болатын қызметті атқарамын. Кейде одан да кешігемін.

Редактор кейде кездесіп қалады. Кейде арнайы шақырады. Бірде басылымның бір бетін (станоктан жаңа шыққан) редактор оқып шығып, қатесін түзетуді сұрады. Жасап бердім. Шаруасын тыңғылықты орындағаным ұнаған болу керек. – Хасеке, мына жігітке бір бетті тапсыру керек, өзі оқысын, өзі түзесін, - деді. Осыдан кейін газеттің төртінші бетіне иелік еттім. Еңбегімді, сауаттылығымды байқаған болар, редактор Ә.Нұршайықов шақырып алып, өзінің жолдама, жақсы мінездеме беретінін айтып, «Білім ал» деді. Бұл 1956 жылдың жазы еді... Жолым болды. Жеті емтиханды үздік тапсырып, студент атандым...

1961 жылы университетті (журналист–аудармашы тобын, бір жыл әскери міндетті өтеп келген соң) бітірген мен «Қызыл туға» оралдым. Әзілхан Нұршайықов «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болыпты, оның орнын Қазақ журналистика институтының түлегі, Ұлы Отан соғысына қатысқан, Қытайда «үш аймақ төңкерісіне» қатысқан чекист, Семей тумасы Омарғали Құдышев басқан екен. Ол келе сала облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне де өтіпті. Облыстық «Звезда Прииртышья» (ол кезде «Павлодарская правда») газетінің редакторы Катерининмен қоян–қолтық қызмет еткен. Қателік жіберді деп айып тағылып, бюро мәжілісінде талқыланған әріптесін қорғап, партиялық жазадан қорғап қалған О.Құдышев облыста беделді редактор болған екен. Мен осы кісінің қарауында оның арнайы тапсырмасын орындайтын болдым.

Кейін Омекең Алматыға «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы» газетінің бас редакторы болып кетті. Оның алдындағы Әзілхан Нұршайықов «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор болған–ды. Үшінші редактор – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының тумасы, соғысқа дейін Семей облыстық «Екпінді» газетінің тілшісі болған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болған Сұбықан Шошанов «Қызыл туға» редактор болып келді. Ол 1962–1963 жылдың 19 сәуіріне дейін редакторлық етті.

1963 жылдың сәуірінде облыстық газеттер таратылып, тыңдағы бес облыстың журналистерінің таңдаулылары өлкелік «Тың өлкесі» газетіне шақырылды. Біздің облыс- тан бұл басылымға бес қызметкер шақырылды: «Қызыл тудың» бас редакторының орынбасары Жылқайдар Қарпықов, Айтжан Бәделханов (меншікті тілші), Мүбәрак Жаманбалинов (меншікті тілші), Мұхамеджан Дәуренбеков, Төлеубек Қоңыров.

«Тың өлкесі» газетінде бас редактор Сафаржан Хайдаровтың тікелей тапсырмаларын орындайтын тілші қызметін атқардым. Білікті журналистің қарауында өлке тарағанша 1966 жылдың қаңтарына дейін болдым.

Білікті, ардагер журналист, қаламгер Сафаржан Хайдаровтан журналистік дағды және тәжірибе жинақтап, Павлодарға келдім. Мұнда бізге бір жарым жылдан аса уақыт редактор болған Сұбықан Шошанов «Қызыл туға» қайта ие болды. 1966 жылдан 1981 жылға дейін облыстық «Қызыл ту» газетіне екінші рет редактор болды. Кейін марқұм Айтжан Бәделханов: «Қызыл ту» басылымына ұзақ жыл редактор болған Сұбықан ғана деп еді. Обалы нешік, (марқұм Сұбықан) жұртқа жайлы болды, әркімнің еңбегін бағалай білді, сәл нәрсеге бола ренжіп сөйлей қалса, қайтымы шапшаң. Оның редактор тағында ұзақ отырғаны содан болар. Бұдан кейін басшылыққа келген Балтабай Сейсенбековпен сегіз жыл қызмет істедік.

Торғай және Жезқазған облыстары тарады. Ондағы журналистердің біразы Павлодарға, Қарағандыға жіберілді. Бізге Әлғожа Мұхамеджанов пен оның бір қызметкері келді. Редактор Әлғожа - білікті журналист. Оны бірден таныдық. Жайылыңқырап бара жатқан ұжымды тәртіпке келтірді, жариялылық заманында орныққан қиындықтан басылымды ойдағыдай алып шықты. Алпысынан асып барып зейнеткерлікке шықты. Денсаулығы көп ұзамай сыр берді, дүние салды. Ұжымда әділдігімен, журналистік іскерлігімен есте қалды. Бұдан кейін редакторлық қызмет Мұхит Омаров інімізге тиді. Зейнеткерлікке жасы жеткен соң, орнын жас ұрпақ өкіл-дерінің біріне босатты.

Он алтыдан асқан шағымда шаңырақтың табалдырығын аттап кірген мен «Қызыл ту» - «Сарыарқа самалында» елу жылдан аса қызмет етіппін, «Ұстаздар» газетінде 2003 жылдан 2014 жылға дейін он бір жыл қалам ұстаппын. «Менің редакторларым» деген естелігім арқылы журналистік жолда көрген–білгенімді қазіргі буын журналистерімен бөліскім келді. Алдағы сексен жылдығым «Сарыарқа самалының» тоқсан жылдығымен бірге келгелі тұр.

Төлеубек ҚОҢЫР, ҚР Құрметті журналисі, Астана қаласы.

saryarka-samaly.kz