Найля АХМЕТОВА, Павлодар қалалық мәслихат депутаты:

- Әлеуметтік желі арқылы көңіл айтуда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - дейді ғой. «Фейсбук» парақшасында еліне адал қызмет істеп, дүниеден озған адам туралы жақсы естеліктер жазу, еңбегін көрсету - сол адамға деген құрмет деп білемін.

Қазір бәріміздің таңнан кешке дейін әлеуметтік желіні пайдаланатынымыз белгілі. Сондықтан көпшілігіміз қаралы хабарды «фейсбук» парақшаларынан естіп, басқаларға таратып жатамыз. Әрине, қаза болған адамның жақындарымен көрісіп көңіл айтқан дұрыс. Ал егер жол алыс болып, белгілі бір жағдайға байланысты бара алмағандар әлеуметтік желі арқылы көңіл білдірсе де болатын сияқты. Бастысы, қайғыға ортақтаса білу керек деп ойлаймын.


Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің баспасөз хатшысы:

- Әлеуметтік желі арқылы қаралы хабар жеткізу, көңіл айту этикалық, моральдық тұрғыдан дұрыс емес. Бұл ретте асыл дініміздің талаптары да халқымыздың дәстүрімен ұштасып жатыр. Қазақтың таным-түсінігі бойынша қаралы хабарды үстінен жай түскендей емес, қорқытпай, шошытпай айту қажет. Ол ықылым заманнан солай қалыптасқан. Тіпті естірту, жоқтау айту ауыз әдебиетінің бір бөлігіне айналып кетті. Оны Жиренше шешеннің Әз Жәнібекке баласының қайтыс болғанын естіртуі немесе Жиренше шешенге жұбайы Қарашаштың өлімін естіртуі сияқты мысалдардан білуге болады. Осыдан-ақ халқымыздың этикалық, моральдық мәдениетінің жоғары болғанын көреміз. Жалпы, көңіл айту дүниеден өткен адамның рухын құрмет тұту және оның туған-туыстарына деген сыйластықты білдіреді. Сондай-ақ, өлімнің хақ екенін біліп, болашақта мұндай қайғылы жағдай өз басымызда болатынын түсіну деп білем. Бүгінде көпшілік көңіл айтуды да білмейді. Желі қолданушылар жаппай «Иманды болсын» деген екі ауыз сөз жазып, міндетімізден құтылдық деп есептейді. Негізінде қазақ халқы кісі қайтыс болған үйге арнайы барып, көңіл айтқан. Жылатқалы емес, жұбатқалы барған. Ал егер белгілі бір себептермен бара алмаса: «Көңіл айта алмадым» деп ұялып жүреді. Алда-жалда сол танысын көріп қалса, ұялғанынан кездеспеуге тырысатын. Қазақтың басы торқалы той, топырақты өлімде қосылатынын ұмытпауымыз керек. Жолдың шалғайлығына қарамастан келіп, көңіл айтудың өзі халқымыздың береке-бірлігінің белгісі. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы қаралы хабарды естіртіп, көңіл айту дұрыс емес деп есептеймін.


Үмбетбек РАЙСБЕК, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Әлеуметтік желі - XXI ғасырдың қажеттілігі, заманауи тренд. Дамығаны сонша, экран бетінен көпшіліктің күнделікті тірлігі мен ішіп отырған асына дейін бақылай аламыз. Жастармен қоса егде жастағы адамдар да әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады. Әлдебіреу фейсбукте қаралы хабармен бөліскен соң, барлығы көңіл айтатыны белгілі. Мұндай жазбаларды оқып отырған соң, үндемей отыра алмайсыз. Бүгінде жұмысбастылық белең алған. Таңнан кешке дейін жұмыста отырасыз. Бірақ жеке басыңызға қатысты бірқатар істі әлеуметтік желінің көмегімен шешіп отырғанымыз шындық. Мәселен, интернет арқылы жақындарыңызбен араласып, күнделікті жаңалықтарды оқисыз, балаңыздың сабағын да бақылайсыз, т.б. Сондықтан әлеуметтік желінің маңыздылығын жоққа шығаруға болмайды. Ал жоғарыдағы мәселені шешу үшін «фейсбук», «инстаграм» парақшаларында отырудың өзіндік ережесін енгізген жөн. Ол үшін интернетті пайдаланудың мәдениетін қалыптастырып, арнайы заң қабылдау қажет шығар.


«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz