- Серік Ардақұлы, былтыр өңірде өрт фактілері жиі орын алғанын білеміз. Биыл тілсіз жаудың салдарынан болған қайғылы жағдайлардың қатары азайды ма? Аймағымыздағы ахуал қандай?

- Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл өрт фактілері 7 пайызға, шығын көлемі 9 пайызға азайды. Бірақ бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өйткені адам өлімі 25 пайызға немесе 5 жағдайға артып отыр. Ағымдағы жылдың 8 айында облысымызда 548 өрт фактісі тіркелді. Оның ішінде 374 өрт жеке сектордағы үйлерде орын алған. Салдарынан 20 адам ажал құшып, 15 тұлға түрлі деңгейде жарақат алды. Жыл басынан бері 3 адам ысты газдан уланып, бақилық болды. Сондықтан өңірде өрт мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

- Жыл сайын тілсіз жаудың жиілеуіне не себеп болып отыр?

- Қайғылы оқиғалардың орын алуына тұрғындардың қауіпсіздік ережесін дұрыс қолданбауы, балалардың тентектігі себеп болып отыр. Өйткені, оқыс жағдайда ажал құшқандардың 50 пайызы мас күйінде болуда. Жоғарыда айтқанымдай, бақилық болған 20 адамның 10-ы ішімдік тұтыну салдарынан өмірімен қоштасты. Өткен жылы қазан айында орын алған қайғылы жағдайларды да мысал етуге болады. Естеріңізде болса, Ертіс ауданындағы жеке тұрғын үйде орын алған тілсіз жау 4 және 5 жастағы балалардың өмірін қиып кетті. Ата-ананың бақылауынсыз қалған қос жасөспірім үйде сіріңкемен ойнап, соңы қайғылы жағдайға әкелді. Бұдан бөлек, Павлодарда Ак.Шөкин көшесі, 87 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйдегі өрттің салдарынан 7 жастағы қыз бала мерт болды. Оқыс жағдайға ересектердің жауапсыздығы себеп болған. Ішімдікке тойып алған олар шылым шегіп, ұйықтап кеткен. Сөйтіп, абайсызда тұтанған өрт салдарынан үйдегі жиһаздар отқа оранған. Өкінішке қарай, өрт сөндірушілер кішкентай қызды құтқара алмады. Осылайша, салғырттық салдарынан 3 бала ажал құшқан еді. Сондықтан жұртшылыққа өрт қауіпсіздігін сақтап, пешке, электрге қосылған барлық заттарды қадағалап, дер кезінде өшіріп отыру керектігін және кішкентай балаларды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмауды ескертіп келеміз. Сонымен қатар, тұрғындарға қатердің алдын алу үшін арнайы құрылғы (датчик) орнатуға кеңес береміз. Құрылғы улы газдың таралуы жөнінде дабыл арқылы хабар береді. Ауаның химиялық құрамының өзгеруін бірден анықтайтын сигнал бергіш кем дегенде жарты жылға жарамды. Егер үйде дабыл берсе, авариялық қызметке немесе 112 нөміріне хабарлау қажет. Сондай-ақ, жылдам барлық терезелерді ашып, үйді босатқан жөн.

- Жоғарыда биыл орын алған өрт фактілерінің 68 пайызы жеке сектордағы үйлерде орын алғанын айттыңыз. Алда жылу маусымы басталатынын ескерсек, аталған фактілердің қатары тағы артуы мүмкін. Мұндай қатердің алдын алу бағытында қандай шаралар жүргізілуде?

- Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Осы орайда, қыркүйек айының басынан бері аймағымызда өрт қауіпсіздігі айлығы өтуде. Шара аясында мамандар аулаларды аралап, өрт қауіпсіздігінің ереже-лерімен жұртшылықты құлақтандыруда. Тілсіз жаудан сақтандыру мақсатында ұйымдастырылған айлық барысында тұрғындарға жадынамалар таратылып, жылыту пештерін орнатудың ережелері түсіндірілуде. Сондай-ақ, халыққа өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керектігі де үйретілуде. Жыл басынан бері 65 635 тұрғын үйдің ауласында тексеру жұмыстары жүргізіліп, 150 мыңға жуық адамға кеңес берілді. Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, аз қамтамасыз етілген отбасылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ірі сауда орындары мен халық көп жиналатын мәдени-сауықтыру мекемелерінде бейнероликтер көрсетілетін болады. Жұмыстар легі мұнымен шектелмейді. Мамандар облыста орын алған барлық жағдайды бақылауда ұстап, оқиға орнына дер кезінде жету үшін бар күштерін салуда. Ал халық арасындағы түсіндіру жұмыстары мен аулаларды аралау жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz