Себебі, көп балалы ана былтыр «Бастаудың» алтыншы легінде білім алып, түлеп ұшқан. Жастайынан тігін тігуді жаны сүйетін Сәуле ханым осы бағытты болашақ кәсібіне баласа керек.

- Тігуді бала кезімнен жақсы көремін. Анамнан дарыған қабілет. Бес балам бар. Сондықтан киімді көбінде үнемдеу мақсатында тігетінмін. Қолымнан шыққан өнімдерімді балаларымның үстінен көргендер «мұндай ерекше киімді қайдан алдыңыздар?» деп сұрақтың астына алып жатады. Содан кейін көп ойланып, тапсырысқа киім тігуді жөн көрдім, - дейді енді кәсіпкер атанған ана.

Оқудан өткен ол жетекші бизнес-тренері Гүлзина Балтабаевамен бірге бизнес- жоспарын түзеді. Олар алғашқы қадамдарын гранттық қаржыландыруға негіздепті. Құжаттарын да соған лайықтап әзірлеген көрінеді. Алайда кәсіпкердің ісін ашатын жеке ғимараты болмаған. Сондықтан осы бағытта жәрдем сұрап, жергілікті әкімдікке өтініш білдіреді. Әкімдік көп балалы ананың қолын қақпады. Бірден көмектесуге кіріседі. Жеңілдетілген шартпен бұл жобаны жүзеге асыруға орын тауып береді.

Осылайша, іргетасын қалап, енді кезекте гранттық қаржыландырудан үміт күтті. Үміті ақталды. 3 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға ие болды. Бүгінгі күні іскер әйел жаңа нысанға көшкен. Грант қаражатына тігін, пішу машиналарын, бу генераторларын сатып алмақ.

Енді бизнесмен деген атқа ие жанның айтуынша, ол он жыл бұрын ауылдастарына киім тігуді қолға алған. Бастапқыда ұлттық киім, қыз жасауларын тапсырыспен тігеді.

- Одан кейін елімізге отандық киімдер ұсынуды жөн көрдім. Осы ретте, «Қазақстанда жасалған» белгісі бар киімдер тігуді арман еттім. Міне, енді сол арманым орындалды. Былтыр бүгінгідей жеке цехым болатынын, шыны керек, көз алдыма елестете де алмап едім, - дейді қуанышымен бөліскен ісмер жан.

Ол кез келген істі жан-тәнімен жақсы көріп, жүзеге асырса, нәтижесі молынан болады деген пікірде. Сонда ғана сапалы өнім шығады, тұтынушының көңілін табады, дейді. Бір сөзбен айтқанда, әрбір айналысқан кәсіп қоғамға тек пайдасын ғана әкелуі тиіс.

Иә, кәсіптің көзін таппай, ойлағанын жүзеге асырудың жолын іздеп жүрген кейбір жандар көбінде «Бастау» бизнеске оқытудың курстарына жүгінеді. Бұл жолды Сәуле Әбілдинова да таңдапты. Мамандардың кеңесіне құлақ асып, бүгінде өзінің жеке бизнесін ашты. Сәуле Әбілдинова ісін дөңгелетуге себепші болған мемлекеттік бағдарламаға, жол сілтеген кеңесшілерге дән риза. Өзге де жандарға батылдық танытып, алға бір қадам болсын жасап көруге кеңес береді.

Гүлжайна Түгелбай

saryarka-samaly.kz