2010 жылы құрылысы қолға алынып, кейін тұралап қалған Май топтық су құбы- рында жұмыстар жалғасын тапты. Соның нәтижесінде аудандағы 15 елді мекен тұрғындарының орталықтандырылған су жүйесіне қосылуына мүмкіндігі болады. Бұл туралы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында баяндады. Айтуынша, Май топтық су құбырының жобасы 2010 жылы басталып, сараптаманың уақыты аяқталды. Сондықтан қазіргі уақытта қайта жобалау жұмыстары жасалуда. Бұл мақсатқа шамамен 3 млрд. теңге бөлінеді деп болжанып отыр. Қазірдің өзінде Баскөл ауылынан екі бағытта 60 шақырым құбыр салынып, 14 қазаншұңқыр қазылды. Бұл өз кезегінде аудандағы 15 ауылды таза ауызсумен қамтуға мүмкіндік бермек. Атап өтерлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары бойынша комитет тек магистральді желілерді салуға жауапты екенін атап өту керек. Жұмыстың қалған бөлігін жергілікті билік атқаруы тиіс.

Жалпы, бүгінде Павлодар облысы орталықтандырылған су жүйесімен қамту көрсеткіші бойынша республикада көш соңында келеді. Сондықтан жергілікті билік бұл бағыттағы жұмысты мықтап қолға алды. Биыл Успен ауданында Новопокровка, Ертіс ауда-нындағы Қызылжар, Иса Байзақов және Северное ауылдарында жаңа 4 нысан қолданысқа берілді. Бірақ, бұл мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес. 274 елді мекенде мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, 202 ауылдың тұрғындары жергілікті құдықтағы суды тұтынса, 62 елді мекен кешенді блок-модульдің суын сатып алады. Ал 10 ауылға әлі күнге дейін су тасымалданады.

- 2022 жылға дейін ауылдық аймақ-тардың 70 пайызын орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылмақ. Біріншіден, жерасты сулары қоры бекітіледі. Облыстағы 178 ауылда жерасты суының жеткілікті қоры бар екені анықталды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңына дейін тағы 22 елді мекеннің, 2019 жылы 11 ауылдың қорын анықтау бойынша шаралар атқарылады. Бүгінде жерасты суының қоры расталмаған 129 ауыл бар. Екіншіден, сумен қамту нысандарын салу және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жасалады. Осы жылы 37 жоба бойынша құрылыс жүргізу және қайта құру жұмыстары жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны – 13,1 млрд. теңге. Жыл соңына дейін 13 жоба жүзеге асырылып, сумен қамту көрсеткіші 23,8 пайыздан 27,9 пайызға дейін артады. Келесі жылы бұл көрсеткіш 29,6 пайызға жетуі тиіс, - деді Қ.Сәтиев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шілде айында Павлодар облысына жасаған сапары қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы 5 жобаны жүзеге асыруға қосымша 9,6 млрд. теңге бөлу бойынша бюджеттік өтініш жолданады. Бұл жобалар жүзеге асырылған соң ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған су жүйесімен қамту көрсеткіші 42,5 пайызға жетеді. Осылайша, 2020 жылға дейін 91 елді мекеннен бөлек тағы 102 ауыл немесе облыс халқының 51,7 пайызы сапалы ауызсумен қамтылады. Қазіргі таңда облыстағы 127 мың тұрғын орталықтандырылған су жүйесінің игілігін көріп отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz