Санитарлық авиацияның көмегіне ең алдымен Баянауыл ауданының дәрігерлері хабарласты. Аудандық ауруханаға мидағы қан айналымы нашарлаған ер адам келіп түскен. Осындағы тағы бір науқастан инсульт анықталып, екеуі де Павлодарға әуе көлігімен аттандырылды.

Одан соң тағы екі бригада Екібастұз қаласына аттанды. Олардың біреуі денесін күйік қатты шалған бір жасар баланы, ал екіншісі туа бітті жүрек ақауы бар нәрестені облыс орталығына жеткізді.

Ақтоғайлық ақ желеңділер де сан- авиацияның көмегіне жүгінді. Таңертең мұнда «екі жақты бронхопневмония» және «ауа жетіспеушілігі» диагноздарымен үш жасар бала келіп түсіпті.

Сондай-ақ Тереңкөл аудандық ауруханасының дәрігерлеріне де санавиацияның көмегіне жүгінуге тура келді. 1958 жылы туған науқастың бойынан миокард инфарктісінің белгілері анықталып, ол санавиациямен облыс орталығына әкелінді.

Түнде санавиация тағы да екі шұғыл жағдай бойынша шақырылды. Ақсуда ер адамның мидағы қан айналымы нашарлаған. Ал Тереңкөл ауданында жол-көлік апаты орын алды. Зардап шеккендердің біреуі Павлодарға реанимобильмен, екіншісі тікұшақпен әкелінді.

Медициналық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz