- Алдымен, өзім туралы таныс-тырып айтайын. Менің мамандығым - театр және кино актері. 2003 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетіне оқуға түсіп, оны 2007 жылы үздік дипломмен тәмамдадым. Оқу бітіргеннен кейін театрда еңбек етпедім. Есесіне бірқатар орындарда басшылық қызметте болдым. Соның ішінде телеарна саласында бағымды сынап, Қазақстан ұлттық арнасында жұмыс істедім. Сонымен қатар Алматы қаласындағы оқушылар сара-йында да еңбек еттім. Оқуымды бітіргеннен кейін өзге өңірлердің театрларынан ұсыныс келіп түсті, бірақ Алматы қаласынан алыстағым келмеді. Осылай жүргенде міне, Павлодар қаласына келіп, театр- дан бір-ақ шықтым.

- Мұндағы жұмысыңызға кіріскелі бір ай да толған жоқ. Дегенмен басшы ретінде театрдың ішкі-сыртқы жұмысымен, қала берді, репертуарымен танысып үлгерген шығарсыз?

- Әрине, таныстым. Әлі де қарап, бақылау үстіндемін. 30 жылдық тарихы бар өнер ұжымының репертуарымен толықтай болмаса да танысып шықтым. Ұжым әлемдік деңгейдегі классикаларды қойып, қоғамдағы күрделі мәселелерді көрсететін драмалар мен әртүрлі ұлттық драматургтарының комедия-ларын жан-жақты қамтыған екен.

Негізі, әр басшының өз қолтаңбасы мен әкелер жаңа лебі болады ғой. Келе сала үлкен жаңалық жасамасым анық. Бірақ болашақта не істеуге болады, қандай бағытта жұмыстар жүргіземіз, осы тәрізді жоспарларымызды бекітуге кірісіп кеттім.

- Жаңа леп деп қалдыңыз ғой, сонда сіз қандай жаңалық жасай аламын деп ойлайсыз?

- Дәл қазіргі сәтте жұмыстар істелу үстінде. Атам қазақ «арық сөйлеп, семіз шық» деп айтады. Негізгі ойым репертуарда қамтылмай қалған жанрларды сахналап, классикалық туындыларды көптеп қойып, музыкалық театр екенімізді танытатындай жобалар жасауымыз керек. Көрерменнің көңілінен шығатын туындыларды көптеп қою - басты мақсатымыз. Қазір осы мақсатта жұмысты қолға алдық. Яғни қазан айының ортасында жаңа қойылымның премьерасын қалың көрерменге ұсынбақпыз.

- Ол қандай қойылым?

- Бұл - мюзикл жанрындағы қойылым. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» пьесасының желісі бойынша Төлеген Айбергеновтің өлеңдерімен өрнектелген, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндерімен әсемделген, үш арыстың басы қосылған жақсы бір туындыны қолға алмақпыз. Мұнда Төлеген Айбергеновтің 10-ға жуық өлеңдері оқылып, «Дос-Мұқасанның» 16 әні орындалады. Оны Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, доцент, танымал режиссер Тасболат Омаров деген азамат Алматы қаласынан арнайы келіп қоятын болады. Бір жарым айдың ішінде премьера көрерменге ұсынылады деп жоспарлап отырмыз.

- Арман, Алматыдан режиссер келеді дедіңіз ғой. Негізі бұған дейін осы театрға Ерсайын Тәпенов, марқұм Жанат Қаджиев сынды аты аңызға айналған режиссерлер келіп, талай тамаша спектакльдерді сахналаған болатын. Сіз де осы дәстүрді жалғастырасыз ба?

- Бұл үрдіс міндетті түрде өз жалғасын табады. Бұл тек Павлодар өңірінде ғана бар дүние емес. Шамасы келген әр өнер ошағы осындай қадамға барады. Бұл - біріншіден, тәжірибе алмасу, екіншіден, әртістердің шыңдалып өсуіне үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар өзге театрда қызмет етіп жүрген режиссерлердің қалай дегенмен де айтары мол болады. Сол себепті осы жылы да бірқатар режиссерлерді шақырып, жұмыс істейтін боламыз. Бірақ кімдерді шақыратынымыз әлі белгісіз. Бұл да жақын күндері белгілі болады.

- Соңғы 1-2 жылда біздің театрдағы әртістердің қатары жастармен толыққан еді. Бірақ әрбір жаңа маусымда елдің ықыласына бөленген өнерпаздардың бірнешеуі кетіп те қалды. Басшы ретінде жас әртістерді ұжымда ұстап қалу үшін не істей аласыз?

- Өнер академиясында оқып жүрген кезде облыстық театрлардың басшылары мен режиссерлері келіп, бойы ұзын, дене бітімі мығым қыз-жігіттерді өздеріне тартуға тырысады. Ал түлектер болса Алматы мен Астана қалаларында қалуға тырысады. Өкінішке қарай, қос қаладағы театрлардың барлығы жастардың бәрін бірдей қабылдай алмайды. Осы себепті түлектер өзге өңірлерге барып, қызмет етуге тура келеді. Ал оларды келерде жұмысқа шақырып отырған мекеме жастарды баспанамен қамтуы керек. Егер тұратын жайлы баспанасы болмаса, жалақысы аз болса, ондай жерде кім ұзақ қалғысы келеді?

Біздің театрда жастарға арналған жатақхана бар. Бірақ бұл әрине тарлық етеді. Жастарды ұстап қалудың басты жолы - оларды пәтермен қамтамасыз ету, еңбекақыны көтеру. Егер осы мәселелер шешілсе, кез келген өнер иесін қызықтырып, ұстап қалуға болады. Осы жағдай да менің жіті назарымда болады.

- Жыл сайын елімізде және шет мемлекеттерде әртүрлі жанрдағы театр фестивальдері өтіп жатады. Өткен жылы біздің театр осы фестивальдердің көбіне қатыса алмай қалды. Биыл қалай болады?

- Әрине, театр болғаннан кейін міндетті түрде фестивальдерге қатысу керек. Ол ұжым-дағы актерлерді қанаттандырып, шыңдайды. Қазір фестивальдер өте көп ұйымдастырылады. Осы жылдың соңына дейін біз Жезқазған қаласында өтетін фестивальге шақырту алдық. Оған қатысу үшін асай-мүсейіңді жинап алып тұра шабу міндет емес. Ең бастысы, фестивальге лайықты қойылымымыз болуы тиіс. Бұған әзірге ойлану үстіндеміз. Бірақ болашақта біз театрлар фестиваліне жиі қатысуды көздейміз.

- Павлодар театры осы күнге дейін өзге өңірлердегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатып үлгерген. Биылғы маусымда бізге кімдер келіп, сіздер қайда барасыздар?

- Бұл дәстүр өз сабақтастығын табады. Себебі өнер ұжымдарының бір-бірімен шығармашылық байланыста болғаны өсу мен шыңдалуда керек. Бізге осы жақын күндері, нақтысы 24 қыркүйекте Қарағанды облыстық С.Сейфулин атындағы драма театры келе жатыр. Жалпы, біздің өңірге келіп, өз өнерлерін көрсетуге ниетті театрлар саны өте көп. Сондай-ақ, Көкшетаудың театры қазанда келсек деп отыр. Жезқазған қаласындағы әріптестеріміз де Павлодар төрінде өнер көрсетуге ниетті. Қазан айында өзімізде премьера тұрғандықтан әзірге қонақ қабылдауды кейінге қалдырдық. Ал біздің театр қайда барады деген сауалға келер болсақ, басшы ретінде ұжымның кез келген қойылыммен бара салғанын қаламаймын. Көрерменнің көзайымына айналып, келесі жылы да біздің ұжымды күтетіндей, ел аузында ұзақ айтылар дүниелермен баруымыз керек деп ойлаймын.

- Жасыратыны жоқ, А.П.Чехов атындағы облыстық драма театрымен салыстырсақ, қазақ театрына көрермен аз келеді. Бұған қатысты не айтасыз?

- Менің бір байқағаным, қазақ театры мен орыс театрын салыстыру үрдісі барлық жерде қалыптасып қалған екен. Мәселен, Алматы қаласында М.Әуезов атындағы драма театры мен Лермонтов атындағы театрды жиі салыстырып жатады. Бұл - қалыптасып қалған дүние. Ал қоғамға қазақ театрына көрерменді еркінен тыс әкеледі деген ой жатталып қалған. Ол - бар дүние. Мәселен, мектепте оқып жүрген кезімізде бізді бір автобусқа тиеп алып, 150 теңгеге театрға апаратын. Сондағы дәстүр мектептерде әлі де бар. Ал біз, әртістер, көрерменнің өз еркімен келіп көргенін қалаймыз.

- Мамандығыңыз актер екенін айттыңыз. Сізге дейін басшы болған марқұм Мұхтар аға әртістермен бірге сахнада талай рет рөл сомдаған еді. Ал сіздің актерлік қырыңызды көре аламыз ба?

- Бәрі мүмкін. Актерлік - менің жаныммен қалап, армандап жүріп таңдаған мамандығым. Дайындықтарды көріп отырып, делебең қозатын кездер болады. Актерлердің ойынын қарап отырып, «қап, әттең, мен былай жасар едім» деген ой туады екен. Не болмаса, «олармен бірге серіктес болып шықсам қалай болар еді» деп отырады екенсің. Менің сахнаға шығуым немесе шықпауым уақыт еншісінде. Ең бастысы, мен мұнда келгенде басшы болумен бірге актер болып сахнаға шығу үшін келгенім жоқ. Қазіргі менің ең басты мақсатым - театрға жаңа леп әкеліп, мәселелерді оң шешу.

- Ендеше, алдағы жұмы-сыңызға сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz