Аталмыш мәселе облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерілді. Ауқымды жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, жергілікті басқарма басшылары, қала-аудандағы білім беру бөлімдерінің басшылары қатысты. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының сөзінше, мектептерге жүргізілген сараптама нәтижесі Екібастұз қаласында зейнеткерлікке шыққан 100-ге жуық ұстаздың негізгі ставкада еңбек ететінін көрсеткен. Олардың ішінде жасы 70-тен асқандар да бар екен.

- Құрметті еңбек демалысына шыққан білім беру саласы ардагерлерінің қызметін құрметтейміз. Еліміздегі жаңартылған білім беру жүйесін меңгеруде жас мамандарды жұмысқа тарту қажет. Зейнет жасындағы мұғалімдердің көмегіне факультативтік сабақтарда, оқушыларды олимпиадаға дайындау кезінде жүгіне аламыз. Себебі олардың тәжірибесінен көп нәрсені үйренуге болады. Десе де, жас мамандарға назар аударуымыз қажет, - деді Дінислам Болатханұлы.

Бұл ретте Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Наталья Нефедова кеншілер шаһарында 1683 педагог барын айтты. Олардың 85-і - зейнет жасындағы мамандар. Құрметті еңбек демалысына шыққандар 1 жылдан 10 жылға дейін жұмыс істейді. Жаңа жылдан бастап оқу жүктемесі қайта қарастырылады. Жас мамандарды тарту мәселесіне көңіл бөлінбек. Еңбек өтілі 1-3 жылды қамтитын 114 маман қызмет етуде. М.Бегентаев аталмыш мәселені бақылауға алып, зейнеткерлердің ізін басатын сапалы жас кадрларды даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Өңірде жас мамандардың үлесі мұғалімдердің жалпы санының 5 пайызын құрайды. Өкініштісі, бұл көрсеткіш соңғы 3 жыл бойы өзгермей келеді. Әсіресе, Май ауданы мен Екібастұз және Ақсу қалаларында жас мамандардың саны аз. Бұл жағдайға олардың ауылдық жерлерде тұрақтамауы себеп болып отыр. Мәселен, соңғы 3 жыл ішінде 1066 жас мұғалім ауылдағы мектептерге қызметке келген. Бүгінде олардың 833-і ғана жұмыс істеуде. Әсіресе, Май, Ертіс, Ақтоғай аудандарында жас мамандардың тұрақтап қалу мәселесі өзекті күйде. Дінислам Болатханұлының айтуынша, ауылда жұмыс істейтін педагогтарға әлеуметтік көмек те қарастырылған. Бұл ретте коммуналдық қызметтер мен отынға қаржылай өтемақы бөлінген. Алайда 2017 жылы Павлодар және Баянауыл аудандарында бұл мақсатқа қаражат қарастырылмаған. Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Павлодар ауданында тұрғын үй мәселесі өзекті күйде.

Естеріңізде болса, бұған дейін ұстаздар жалақысы шеберліктеріне қарай артатынын сөз еткен едік. Ағымдағы жылы өңірде 1757 ұстаз біліктілікті арттыратын тестілеуден өтіп, жаңа форматқа сай санат алған. Мәселен 46 мұғалім - шебер педагог, 728 ұстаз зерттеуші педагог, 540 мұғалім сарапшы педагог, 443 маман модератор педагог атанған.

Облыста 3-6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылу деңгейі 77,7 пайызды құрайды. Дінислам Болатханұлы қаладағы мектеп жанынан ашылған шағын орталықтарды жауып, ондағы балаларды балабақшаға орналастыру мәселесіне көңіл бөлді. Өйткені жыл сайын мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалардың саны 3 мыңға көбеюде. Ал балабақшаларда керісінше, бала саны жетпей жатқан көрінеді. Кезінде шағын орталықтар бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту мақсатында ашылған болатын. Қазір балабақшаларда орын жеткілікті.

Балабақшаны қазақшаландыру бағытындағы жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілуде. Қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі ұйымдардың саны 257-ге жеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 233-ті құраған болатын. Қазақ тілінде білім алатын өзге ұлт балаларының саны 18,5 пайызға тең. Өткен жылы олардың үлесі 13,4 пайызды құрады. Мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақшадағы топтар саны 1052-ге жетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 102-ге көп.

Өңірде жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны азайып келеді. Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде кәмелет жасына толмаған балалардың қатысуымен 59 қылмыс орын алған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 8 пайызға төмен.


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz