Алғаш «Кеңес туы» атымен басылып, содан бері талай белестер мен сүрлеу-соқпақтардан өтіп келеді. Одан соң «Қызыл ту» газеті болған кезде де өңірдің әл-ауқаты мен экономикасы, әдебиеті мен мәдениеті, күнделікті тұрмысы – бәрі-бәрі осында қатталып жатты. Қарапайым еңбеккерлердің өмірі мен саяси толғамды оқиғалар, түйткілді мәселелер бір сәтке де бұл газеттің назарынан тыс қалған жоқ.

Ертіс-Баян өңірінің жасампаз өмір шежіресін жазуда да «Сарыарқа самалы» газетінің ұшан-теңіз үлесі жатыр. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай аймақтың толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауда сүбелі үлес қосуда.

Әйгілі ғалым, қазақ әдебиеті мен тарихының негізін қалаушы Бейсенбай Кенжебаев алғаш редакторлық еткен бұл газетті бүгінде өңірдің рухани айнасы деп айтсақ, артық болмайды. Одан кейін де елге белгілі зиялы қауым өкілдерінің бірнеше буыны еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдырды.

«Сарыарқа самалы» - бүгінде жас журналистердің қаламын ұштап, қанатын қатайтатын ордасы. Бұл жерден түлеп ұшқан талай қаламгер бүгінгі таңда республиканың журналистика саласында елеулі еңбек етіп, бұл мамандықтың өркендеуіне өз үлестерін қосуда. 1991 жылдан бері «Сарыарқа самалы» атауына ие болған газет Тәуелсіздігіміздің жаршысы, еркін ел тұрғындарының ардақты басылымына айналып отыр.

Кеше де, бүгін де халқымыздың ұшан-теңіз рухани бай мұрасын кеңейтуде, ақиқатты тура айтатын халық жаршысы болуда «Сарыарқа самалының» атқарған қызметі орасан зор. Рухани ұжымның өрісі күн санап кеңейіп, оқырмандар саны молайып, Тәуелсіз елімізбен бірге жаңарып-жаңғыру үстінде.

Құрметті «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы! Сіздерді 90 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтай келе, шығармашылық жетістіктер мен толағай табыстар тілеймін! Қаламдарыңыз қуатты болып, мерген сөздің иесі атанып, әрдайым оқырман көңілінен шыға беріңіздер! Баспасөз майданында асықтарыңыз алшысынан түсіп, ақпарат айдынында желкендеріңіз биіктен желбірегей!

 

Ізгі ниетпен, Алтынбек НУХҰЛЫ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, профессор.

saryarka-samaly.kz