Жақында облыс орталығындағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханада газеттің 90 жылдығына орай осы басылымның ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Май ауданының Құрметті азаматы Төлеубек Қоңырдың 80 жылдығына байланысты оқырмандар мен журналистер кездесуі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, бұл кітапханаға келушілердің арасында «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандары баршылық. Зағип жандар газетті жарық түсіру, үлкейту және кітапханашының оқып беруі арқылы күнбе-күн жаңалықтарды естіп, оқып, танысып отырады екен.

Кездесуде кітапхананың ақпараттық-бұқаралық бөлімінің басшысы Айнагүл Қожаханова «Сарыарқа самалы» газетінің тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ жиналған қауымға ардагер журналист Төлеубек Қоңырдың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімеледі.

Сонау алпысыншы жылдардың басында ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіргеннен бастап осы газетте жемісті еткен Т.Қоңыр түрлі тақырыптарға қалам тартып, бірқатар көкейтесті мәселелерді қозғап, қалың оқырман қауымға есімі кеңінен танымал болды. Ол кезінде газет жабылған жылдарда жарық көрген «Тың өлкесі» газетінің әдеби қызметкері, 1965-1993 жылдары «Қызыл ту» газетінің бөлім меңгерушісі, «Сарыарқа самалы» газетінің жауапты хатшысы, кейін бас редактордың орынбасары болды. Сонау бозбала шағында редакция табалдырығын аттаған Төлеубек Қоңыр осы мекемеден зейнеткерлікке шықты. Соңынан ерген ондаған жасқа тәлімгер бола білді.

Кездесу барысында газетте көп жыл- дар еңбек еткен ардагер журналист Социал Әйтенов, газет оқырманы Бақжамал Аққузинова, Еркін Баяндин, Балкен Құдышқызы - Төлеубек Қоңыр жайлы естеліктерімен бөлісті. Журналистер Сая Молдайып пен Мұрат Аяғанов шығар-машылықтары, басылымның бүгіні мен ертеңі жайлы ой қозғап, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.

«Аймақтың қара шаңырағы атанған «Сарыарқа самалы» - менің туған үйім секілді, - деп еді Астанадан бір телефон шалғанда Төлеубек аға. - 90 жылдық мереке - бәріміздің мерекеміз. Мен де 80 жасқа келдім. Елдіктің туын берік, бекем ұстаңдар, қазақ газеті жасай берсін!».

Төлеубек аға газеттен қол үзген емес, оқып, жұртшылық біле бермейтін қызықты тарихи деректерді, газет тарихына қатысты және бұрын қызмет еткен адамдар жайлы редакцияға жиі хат жолдап тұрады.

Қос мерейтой құтты болсын дейміз!

 

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz