Талғат НӘРІКБАЕВ, Қазақ мемлекеттік заң университетінің ректоры (пікір ақпараттық агенттіктен алынды):

- Көптеген оқытушылар студенттерге «қанағаттанарлық» және «қанағаттанарлықсыз» бағаларын қоймауға тырысатынын түсінеміз. Өйткені, мұндай жағдайда мемлекеттік білім беру грантында оқитын студенттер стипендиядан айырылады. Стипендия көп жағдайда студенттер үшін әлеуметтік қолдаудың құралы екенін ескере отырып, біз «үздік» және «жақсы» деген баға алған студенттерге ғана емес, сондай-ақ, «қанағаттанарлық» бағасы қойылған студенттерге де стипендия беру мүмкіндігі қарастырылғанын қалаймыз. Бұл барлық жоғары оқу орындарында студенттердің білімін әділ бағалауға жетелер еді.


Қайырбай БАЗАРБЕКОВ, биология ғылымдарының докторы, ардагер ұстаз:

- Талай жыл жоғары оқу орындарында шәкірт тәрбиеледік. Қаншама бала ауылдан арман қуып, білім алуға қалаға келеді. Ал қалада тіршілік ету қымбатқа түсетіні сөзсіз. Ата-анасына көмектескісі келіп, оқудан бөлек жұмыс істейтіндері де бар. Мұндайда грантпен оқитын студент үшін шәкіртақының өзі бір жыртығын жамауға жарап қалады. Сондықтан, кейде бір үштік үшін жарты жыл стипендиядан қағылып, қатты қиналады. Әлбетте, «кілең» үшке оқитын, сабаққа қатыспайтын шәкіртке стипендия тағайындау қисынсыз. Дегенмен, әр баланың жағдайы ескерілуі тиіс. Ертеректе стипендия тағайындайтын арнайы комиссия болатын. Міне, соны жандандырып, тырысып жүрген, бір ғана пәннен төрт пен беске шамасы жетпей қалған студентке кешіріммен қарауға, ай сайынғы стипендиясынан айырмауға болады. Әсіресе, бірінші және екінші курс студенттерін ынталандырып отыру керек.

Кейбір ұстаз «үштік» қою арқылы стипендиядан айырылатынын айтып, студенттерді тезге салатындарын алға тартатыны анық. Меніңше, тәжірибелі оқытушы бұл «құралсыз-ақ» шәкіртін білім алуға құштар ете алады.


Жанат САРБАСОВ, «Тәлімгер» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев студенттерді «үштік» үшін стипендиядан айырмау жөніндегі ұсынысты қолдады. Мен оқытушы ретінде бұл ақпаратты аса сақтықпен қабылдадым. Ұстаздық еткен 7 жыл ішінде 2 топ, яғни 25 ветеринар мен 15 механикті түлеттім. Студенттердің жалқаулығына қарсы көбінесе дәл осы үш алып, стипендиядан қағылып қалу ықтималдығы ең басты құрал еді. Шәкірттеріме ылғи «сабаққа тұрақты қатысып, 4 пен 5-ке оқу қажет» дегенді айтып отырамын. Мұндай ескертусіз студентті оңай жоғалтып аласың. Стипендия ынталандырушы фактор десек те болады. Яғни, «стипендия алғың келсе, оқы, тырыс» дей аласың. Әйтпесе, бәрібір де «үштігін» қояды деп қолды бір сілтеп, кей студенттердің есіне түскенде ғана сабақта бас көрсетіп кетпесіне кім кепіл?!

Тағы бір ескеретіні, 4 пен 5-ке оқитын студент кілең үштікке оқитын қатарласымен қатар бірдей стипендия алу қаншалықты әділ?! Сондықтан, бәлкім, тек қана бір немесе ары кетсе екі үштігі бар студенттерге жеңілдік ретінде қарастырған жөн болар.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz