С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары биотехнология әдісі бойынша сиырларды көбейтуге қатысты жоба әзірледі. Бұл жоба Дүниежүзілік банк тарапынан қолдау тауып, аталмыш ұйым ғалымдардың ойын жүзеге асыру үшін 25 млн. теңге қаржы берді. Соның есебінен жоғары оқу орнының агротехнологиялық факультет қызметкерлері Германияда біліктілікті арттырып, шетелден қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Қазіргі таңда жоба жасаушылар Успен ауданындағы «Галицкое» және Шарбақты ауданындағы «Победа» шаруашылықтарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Осылайша, ғалымдар мен шаруалар эмбриондарды трансплантациялау арқылы сүтті сиыр басын көбейтуді көздеп отыр.

- Соңғы уақытта елімізге ірі қара малды шетелден әкелу жағдайы жиілеп кетті. Кейбірі біздің климатқа шыдас бермесе, енді бірінен аурулар анықталып жатыр. Сондықтан, өзіміздегі сиыр басын көбейту керек деген байламға келіп, ғылыми жобаны қолға алдық. Бұл бастаманы облыстағы екі ірі шаруашылық қолдады. Жоғары өнімділікті донор мен реципиентті іріктеп алу, оларды дайындау, эмбрионды отырғызу оңай іс емес. Аталған шаралардың барлығы тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Мәселен, «суррогатты» сиырдың салмағы 380 келіден кем болмауы тиіс, - дейді агротехнологиялық факультет деканының орынбасары, PhD доктор Талғат Сейтеуов.

Бүгінде бұл жобаның нәтижесі бар. Айталық, «Галицкое» шаруа қожалығында эмбриондарды трансплантациялау арқылы жеті бұзау туды. Олардың салмағы 60 келіге дейін жетеді. Тіпті, «суррогатты» сиырлардың бірі егіз бұзау туған екен. Бұл – сирек кездесетін жағдай. Одан бөлек, 120 реципиенттен 50-60 бұзау күтілуде. Наурыз айында тағы 400 эмбрион отырғызылып, жыл соңына дейін 200 бұзау алу көзделген.

- Бүгінде шаруашылықтар жылына, нақтысын айтқанда сауын жүретін 305 күнде бір сиырдан 3 мың литрге жетер-жетпес сүт алады. Еуропада бұл көрсеткіш 10-11 мың литрді құрайды. Біздің елде де осындай көлемдегі сүт алуға болады. Ол үшін трансплантациялық технологияны қолданып, сүтті сиырдың санын көбейту керек. Жоспар бойынша, осы әдіс арқылы туған бұзаулар кейін жылына 8 мың литрге дейін сүт беретін болады, - дейді Талғат Сейтеуов.

Ғалымдардың бұл қызметі тегін емес. Келісімшартқа сәйкес, шаруашылық иесі әр эмбрион үшін университетке 50 мың теңге төлейді. Өз кезегінде шаруа қожалығы мемлекеттен бір бұзауға 80 мың теңге субсидия алады. Жоба жасаушылардың айтуынша, басқа кәсіпкерлер тарапынан мұндай технологияға қызығушылық бар. Бірақ, донор және «суррогатты» сиыр болуға лайық ірі қара мал табу қиын.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz