Бұған дейін коммуналдық қызмет 2012 жылы қабылданған ережеге сәйкес жұмыс істеп келген-ді. Былтыр облыстық мәслихат депутаттары оның ескіргенін айтып, жаңасын әзірлеуді немесе ескі нұсқаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Соған сәйкес, облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы үш түрлі балама әзірлеуді қолға алмақ. Қазіргі уақытта жоба жасалуда.

- 2012 жылдан бері көп өзгеріс орын алды. Жылу-электр орталықтары жаңарып, тұтынушылардың талабы өзгерді. Осының барлығын ескере келе, жаңа қағидаларды әзір-леудің қажеттілігі туындап отыр. Бұл бюджеттік шығындарды талап етпейді. Есесіне, жылу беру үрдісі мен оның көрсеткіштерін бақылау әлдеқайда тиімді болады, - дейді басқарма басшысының орынбасары Талғат Испулов.

Мәселен, бұған дейін 5 күн бойы орташа ауа температурасы -10 градус болған жағдайда көпқабатты пәтерлердегі жылу қосылып, ажыратылатын. Жаңа ереже далада қатарынан 3 күн ауа температурасы -10 градус болса жеткілікті дегенді қарастырады. Әйтпегенде, тұрғындарға қолайсыздық тудыруы мүмкін.

Басқарма бөлімінің басшысы Әлия Әбдіхалықованың айтуынша, қарастырылып отырған тағы бір жаңашылдық – жылуды пәтердегі ауа температурасымен ғана емес, көпқабатты үйлердің кіреберісіндегі көрсеткішпен де есептеу.

- Сол арқылы пәтерлердің не себепті жылынбай отырғанын білетін боламыз. Айталық, пәтердің іші салқын, ал кіреберіс жылы. Демек, бұл ретте тұтас үйге жылу тиісті параметр бойынша беріледі, бірақ пәтер иелері кооперативтері жұмысының салғырттығынан жылу желілерінде ақау бар. Осылайша, тұрғындардың шағым білдіруіне ПИК-тің немесе жылумен қамтушы ұйымның қатыстылығын анықтауға мүмкіндік туады, - дейді Ә.Әбдіхалықова.

Бірақ мұның бәрі әзірше жоба-жоспар түрінде ғана бар. Оны қабылдау үшін басқарма өкілдері біраз іс атқарып, басқа мекемелердің құптауын алуы тиіс. Мәселен, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әмір Баисов атап өткендей, жаңа қағидаларда кәсіпкерлер құқықтарының тапталмауы жіті тексеріліп, көрсетілген әр ереже бизнес-қауымдастықпен талқыланады.

- Бастысы, кәсіпкерлердің жұмысын қиындататын әкімшілік кедергілер болмауы керек. Біз жобаны бизнес өкілдерімен талқылап, келіспейтін және келісетін тұстарды белгілеп, өз ұсыныстарымызды енгізе аламыз, - деді Ә.Баисов.

Жаңа ережелердің жасалуына тұрғындар да белсене қатыса алады. Жоба қоғаммен талқыланып, басқарма сайтында жарияланады. Кейін облыстық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылады. Егер депутаттар тарапынан қолдау тапса, алдағы жылу маусымы жаңа ережелерге сәйкес жүргізілуі әбден мүмкін.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz