Бүгінде билік тарапы – Үкіметтен бастап, аймақ басшыларына дейін қоғамдағы көпбалалы аналар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардың әлеуметтік жағдайына айрықша назар аударып отыр. Күні кеше облыс әкімі Болат Бақауов бала тәрбиесімен айналысып отырған аналарды қабылдап, олардың мұң-мұқтажын тыңдаған болса, қала әкімдігі осы бағытта жұмыс істейтін арнайы топ құрып қойды. Сондай-ақ, Кривенко көшесі, – 25 мекенжайында қоғамдық кеңес құрылып, мұқтаж жандардың арыз-шағымдарын қабылдауда.

Павлодар қаласының әкімінің орынбасары Саян Мұқановтың сөзінше, облыс орталығында кәмелеттік жасқа толмаған көпбалалы 39 отбасының жеке баспанасы жоқ. Бұл бүгінгі күнге дейін анықталғаны ғана. Яғни, жеке баспанаға қолы жетпей жүргендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін.

- Әкімдіктің жанынан құрылған жұмыс тобы көпбалалы үйлерді аралап, тұратын жерлерімен танысуда. Бүгінгі күнге дейін 400-ден астам үйді араладық. Әзірге тұрмыстық талапқа сай келмейтін апатты үйлерде тұрғандар тіркелмеді. Ал баспанасыз жүргендердің барлығы тұрғын үй кезегіне тұрған. Тұрғын үй кезегінің талабы бойынша, баспана алдымен соғыс ардагерлері мен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтарға беріледі. Басқа санаттағы азаматтар бұлардан кейін алады. Сондықтан, жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтудың басқа жолдары қарастырылуда. Мысалы, облыс орталығында тұратын кейбір отбасыларға Шарбақты ауданының Шалдай ауылында бос тұрған үй ұсынылуда. Онда 2006-2007 жылы салынған екі пәтерлік үйлер бос тұр. Бұдан басқа, аудандарда коммуналдық меншіктегі үйлер бар, - деді Саян Назымұлы.

«Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде жұмыссыз жүрген сегіз адам жұмысқа орналасқан. Жағдайлары төмен бес отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сондай-ақ, тағы 12 көпбалалы анаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттар қабылданған.

Жалпы, бұл халық арасындағы әлеуметтік әлсіз топтарын анықтап, олардың тұрмыс-жағдайын оңалтуға бағытталған кешенді шараның басы ғана. Алдағы уақытта тұрғындардың арыз-тілегін қабылдаудың тағы бір жолын іске қоспақшы. Яғни, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша қоғамдық жерлерде азаматтарды қабылдауды жүргізу үшін мобильдік орталығының жұмысы ұйымдастырылады. Мобильдік орталық қаланың 5 мекенжайында болады. Атап айтқанда, авто және теміржол вокзалы, «Квазар», «Манақбай», «Караван», «Артур» сауда үйлерінде. Бұдан бөлек, қалаға қарасты 5 ауылдық округте жұмыс істейді.

Естеріңізде болса, осы айдың басында Астанада жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан кәмелеттік жасқа толмаған бес бала көз жұмған болатын. Қайғылы оқиғадаан соң жұртшылық көпбалалы аналардың жағдайын жасау жөнінде түрлі талаптар қойыла бастады. Өкінішке қарай, осы жағдайды жеке мүддесіне пайдаланып, жалған ақпарат таратып, мәселені одан ары ушықтырумен айналысып жүргендер де жоқ емес. Мысалы, жақында WhatsApp мессенджері арқылы кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға 14 мың теңгеден беріліп жатыр деген қисынсыз хабар шықты. Одан кейін көпбалалы аналарға 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай 100 мың теңге беріледі деген жалған ақпарат тарады. Тіпті, осы ақшаны алу үшін «қандай құжат жинау керек» деген сауалмен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келгендер бар. Қалай дегенмен де, бұл әлдебір қитұрқы істі ойлаған алаяқтардың жоспары екені анық.

Анығында, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аз қамтамасыз етілген отбасыларға 2,4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы беріледі. Бұл сома 2014 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz