- Дінислам Болатханұлы, бүгінде 1-сынып оқушылары Абайдың Қара сөздері мен математикалық кестені жаттауда. Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыға берілген күрделі тапсырмалар олардың оқуға деген қызығушылығын төмендетеді деп ойламайсыз ба? Мектеп бағдарламасы неге күрделеніп барады?

- Қазір білім беру саласы жаңартылған білім беру мазмұнына көшкенін білесіз. 1-сыныпқа келген бала арнайы білім «багажымен» келмесе, жағдай қиын болады. Сондықтан баланы балабақшаға жіберу мәселесіне ерекше назар аудару керек. Білім неге күрделеніп барады? Себебі, талап күшейді. Бұл тақырып төңірегінде ұзақ пікір таластыруға болады. Ақиқаты, ата-аналар бүгінгі білім саласын замананың көрінісі деп қабылдауы керек. Абайдың Қара сөзін көріп, шошудың қажеті жоқ. Абайдың өлеңдері, сөздері – тұнып тұрған классика. 1-сынып оқушысынан Абайдың Қара сөздерінің тереңдігі талап етілмейді. Ұлы тұлғаның сөздерін оқыту арқылы оқушының ойлау қабілетін дұрыс қалыптастыру қажет. Баладан философияны талап етпейді. Бастысы, мұндай бағдарлама сөздік қорын дамытып, әдемі сөйлей білуді үйретуге бағытталған. Осы орайда, бір жағдай есіме түсіп отыр. Менің қызым Астана қаласында қазақ балабақшасына барып жүрген кезінде, 4 шумақ өлең алып келді. Өз басым әдебиетші, филология ғылымдарының кандидатымын. Университетте әдебиеттен сабақ беріп, осы сала бойынша диссертация қорғадым. Бірақ осынша білімді меңгерсем де, қызымның сол 4 шумақ өленін оқып, түсіне алмадым. Содан баламды балабақшаға апарғанымда тәрбиешімен кездесіп, әлгі өлеңнің авторын сұрадым. Сөйтсем, сол 4 шумақты тәрбиеші өзі жазыпты. Бұл - қазақ балабақшалары мен мектептерінде кездесетін үлкен мәселе. Біз мақтануды жақсы көреміз. Тәрбиешінің «ақындығы» «атымды шығарамын» деген ниеттен пайда болған сияқты. Мұндай «белсенділік» оқулықтарда түсініксіз мәтін, өлеңдердің жиі көрініс табуына алып келуде. Сондықтан мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға Абайдың шығармашылығын оқыту дұрыс шешім деп ойлаймын. Әсіресе, мақал-мәтел, жырдан үзінді, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері - оқушыға дұрыс тәлім-тәрбие беруге көмектесетін құнды еңбектер. Бұл жерде де оқушылардың жасына сәйкес, өз деңгейіндегі тапсырмалар берілетінін ескерген жөн.

- Оқулық мәселесін айтып кеттіңіз. Жалпы, кітаптағы олқылықтарды түзету үшін аймағымызда семинар ұйымдастырылып жүргенін білеміз. Десе де, ата-аналар, ұстаздар тарапынан бұл мәселеге қатысты шағым жиі айтылады. Мұнымен қалай күресу керек?

- Жалпы, министрлік тарапынан оқулық сапасына байланысты үлкен жұмыстар жүргізілуде. Авторлық ұжым кітапты дайындап, ұсынғаннан кейін оқулық сайтқа салынып, 6 ай талқыға түседі. Бірнеше сараптамадан өтіп, қорғалады. Яғни, дайындалудағы механизм таза жүреді. Сапасыз деп айта салу оңай. Өкінішке қарай, мұндай пікір аталмыш оқулық бірнеше сатыдан өтіп, оқушының қолына тигенде ғана қалыптасады. Ойымызды кітап сайтқа талқылауға түскен кезде дер уақытында айтпаймыз. Осы салғырттық сапасыздыққа жол беруде.

- Қазіргі қоғамның мұғалімдеріне қандай талап қойылып отыр?

- Қазір ақпарат көзі өте көп. Бұрын ақпарат ұстаз бен оқушы арасындағы байланыс арқылы берілетін. Оқушы мұғалімнен естігені арқылы ой түйетін. Қазіргі оқушылардың ақпарат алу мүмкіндіктері зор. Оларды ештеңемен таңқалдыра алмайсың. Білім жоғары жылдамдықпен дамуда. Ұстаз көштен қалмаса, ұрпақ озатын уақытқа жеттік. Ақпараттық кеңістік заманында мұғалімнің бір материалмен шектелуі дұрыс емес. Бұрынғы оқулықтарда сабақ үстінде немесе үйге берілетін тапсырмалар, дидактикалық материалдардың барлығы дайын болатын. Сабақ жүргізу жоспары да бар еді. Қазір оның қажеті жоқ. Мұғалім заман талабына сай технологияларды меңгеруі керек.

Осыдан 15 жыл бұрын «айфон», «смартфон» деген дүниені елестетпедік. Қарапайым «Нокия» технологиялық прогресс ретінде көрінетін. «Айфонмен» қатарласып, «Самсунг» шықты. Қазір интернет мүмкіндіктерінің дамығаны соншалық, қағаз ақша жоқ болып барады. Барлық төлемді бір телефон арқылы онлайн режимде төлеуге болады. Міне, дамыған заманның көшінен қалмағанымыз жөн деп ойлаймын.

- Қазір мектеп оқушысы сөмкесінің салмағы тым ауыр екені рас. Дәрігерлер, шамадан тыс салмақ баланың денсаулығына зиян екенін талай мәрте дәлелдеп келеді. Бұл туралы не айтасыз?

- Аталмыш мәселе де жан-жақты талқыланудан өтуде. Оны шешу үшін мамандар түрлі тәсілдерді ойлап табуда. Мысалы, әрбір оқулыққа диск, штрих код беру жөнінде ұсыныстар бар. Бұл жаңашылдық оқулықты смартфон, планшет арқылы оқуға мүмкіндік береді. Егер осылай жеңілдетілсе, ата-аналар тарапынан көзге салмақ түсу мәселесі шығады. Оқу болған соң денсаулыққа зиян келетіні рас. Қазіргі оқулықтардың қағазы сапалы. Эстонияда мынадай платформа бар. Бала мектепке оқулықты тасымайды, себебі барлық кітап сайтта орналастырылған. Сондықтан болашақта кітапханалар музейге айналады деп ойлаймын. Себебі қолымыздағы смартфон арқылы қажетті ақпарат, кітап, газет-журналды оқуға мүмкіндік бар. Қағаз бетіне шығарып оқитын болсақ, тағы да көзге зиян келеді. Егер оқулықтың құлаққап арқылы тыңдалатын аудио жазбалары шықса да, денсаулыққа зиян дейміз. Сондықтан бұл жағдай таусылмайтын әңгімеге айналған. Оқушыға мектеп оқулығы тегін беріледі. Баласының жағдайын ойлайтын қалталы ата-аналар дәл сондай оқулықтың екінші данасын сатып алып, үйге қойсын. Бала кітап тасымайтын болады. Биыл аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы үлкен қолдау жасады. Алдағы уақытта бастауыш сынып балаларына жеке шкаф құрып береміз. Балалар салмағы ауыр затты мектепте қалдырып кете алады. Бұл бағытта қазір конкурстық шаралар жүргізілуде. Қыркүйек айында 1-сынып оқушыларының жеке шкафы болады.

- Облысымызда балабақшаны қазақшаландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын білеміз. Бүгінде қазақ мектептерінде білім алатын оқушылар, сыртқа шыға сала өзге тілде сөйлей жөнелетінін көреміз. Кінә кімнен?

- Мектеп балаға 11 жыл ғана тәрбие береді. Ал жоғары оқу орны 4 жыл оқытады. Осыдан кейін баланың рахаты мен сорын тек қана ата-ана көреді. Сондықтан отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Баланың дұрыс тұлға болып қалыптасуы ата-ана берген тәрбиеге байланысты. Қазір ұл-қызын қазақ балабақшасына беріп, «почему не говоришь по-казахски?» деп сұрайтын әке-шеше көп.

Бұл мәселеде ұстаздардың да кінәсі бар. Өйткені көп әріптестеріміз баланың бойында қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті оята алмайды. Баламен жұмыс істеу кезіндегі ізденістері аздық етеді. Жақында облыс әдіскерлерінің басын қосып, әдістеме мәселесін талқыламақпыз. Бұл мәселеге ата-ананың да көмегі қажет. Олар мұғалімнен баласының қазақша сөйлеуін талап етіп, өздері де мұғалім қойған міндетті орындаулары қажет. Күш біріккенде ғана нәтиже шығады.

- Биыл жыл сайын өзгеріс енгізілетін ұлттық бірыңғай тестілеу ережесінде тағы да жаңашылдық орын алғанын естідік. Осы туралы толығырақ айтсаңыз...

- Кезінде ата-аналар, ұстаздар мен түлектердің бойына үрей туғызған ұлттық бірыңғай тестілеу барынша демократияланып бара жатыр. Яғни, мектеп бітірушілердің жоғары оқу орнына түсуіне тиімді жағдай жасалуда. Бұрындары сынақтан сүрініп, шектік балды жинай алмаған түлек болашағына күмәнмен қарайтын еді. Яғни, бұған дейін шектік ұпайға ие бола алмағандар үшін жоғары оқу орындарының есігі жабылатын. Бұдан былай, аталмыш сынақтан сүрінгендер, ҰБТ-ны жылына 4 рет тапсыра алады. Жуырда бұл сынаққа 1000-нан астам түлек қатысты. Шекті балды жинағандар, ақылы бөлімге оқуға түсетін болады. Мемлекеттік грантты ұтып алғысы келсе, жазда қайта тапсыра алады. Осылайша, еліміздің болашақ жастарының жоғары білім игеруіне барлық жағдай қарастырылуда.

- Жақсы екен. Игілікті болсын. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы жұмысын көрсетіп қана қоймай, кей мәселелерде ойын ашық жеткізетін басқарма басшылары аз. Сіздің «Фейсбук» парақшасын белсенді қолданатыңызды білеміз. Жалпы, әлеуметтік желі қызметіңізді қаншалықты жеңілдетіп отыр?

- Әлеуметтік желі жұмысты жеңілдетпейді. Керісінше, ғаламтор - саладағы кемшіліктерді көрсететін қоғамдық индикатор деп айта аламын. Әлеуметтік парақшаларды жақсы көргендіктен пайдаланбаймын. Білім беру саласында құзырлы министрлік, әкімдік, басқарма тарапынан аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Маңызды жаңалықтарды ресми ақпарат құралдарынан гөрі әлеуметтік желі арқылы жылдам таратып, халықтың пікірін білуге болады. Міне, білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен өзгерістерді халық қалай қабылдап отырғаны, олардың ойын білу мақсатында жоғарыдағы парақшаны пайдаланамын.

- Сіздің жұмыс уақытынан тыс мезгілде және демалыс күндері өңірдегі мектептерді аралап, оқушылар мен ұстаздардың жағдайымен танысып жүретініңізді білеміз. Бұл жұмыста ұстанған принципіңіз бе?

- Мектептерді өзіме жарнама жасау үшін араламаймын. Жұртшылық тарапынан мектептегі асхана, жылу мәселесі, мұғалімдердің сабағына қатысты арыздар көп түседі. «Баламның оқу үлгерімі нашар» деген пікірлер де бар. Бұл ретте мен білім беру мекемелеріне жағдайды білу үшін арнайы комиссияны да жібере аламын. Бірақ мұндай мәселелерді өз көзіммен көргенді жөн санаймын. Арызда көрсетілген жағдайдың дұрыс-бұрыстығын ажыратқым келеді. Маған Павлодар облысындағы маңызды саланы басқару міндеті жүктелді. Бұл жауапкершілік - мен үшін үлкен абырой. Осы қызметке келгеніме 1 жыл толды. Бос уақытым болып, қолым босағанда кез келген мектепке тоқтай қалып, жағдайымен танысуға тырысамын. Бүгінге дейін әрбір аудан орталығындағы және аудандарға қарасты ірі елді мекендердегі мектептерді аралап шықтым. Кейде жолда келе жатып, жоспарымда жоқ білім беру мекемелеріне де кіріп шығатын әдетім бар. Бұл жұмыстар сын іздеу үшін емес, білім беру ошағының шынайы тыныс-тіршілігін көріп, жағдаймен танысу үшін атқарылды. Қазір аймағымызда 362 мектеп бар. Сондықтан аз уақыттың ішінде барлығын аралап шықтым деп айта алмаймын.

- Біздің өңірде қызмет атқарғаныңызға 1 жыл толды деп отырсыз. Жалпы, Оңтүстік өңірдің азаматына Солтүстік аймаққа үйренісу қиынға соқпады ма?

- Мен өзімді солтүстік өңірдің адамымын деп айтсам болады. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолымды 1999 жылы Петропавл қаласында бастаған болатынмын. Ол жерде 4 жыл қызмет атқардым. Кейін Астана қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істедім. Оңтүстіктің тумасы болсам да, саналы ғұмырым Қазақстанның Солтүстігінде өтуде. Сондықтан өзімді космополитпін деп ойлаймын.

- Аймағымыздың бас ұстазы мектепте қандай оқушы болды?

- Мектепте дарынды, ақылды, зерек бала болдым деп айта алмаймын. Бірақ сабақты нашар оқыған жоқпын. Өте жақсы көретін және ұнатпайтын да пәндерім болды. Аттестатыма екі пәннен «4» деген баға қойылды, қалған сабақтарымның барлығын «5»-ке оқыдым. Университетті қызыл дипломмен бітірдім. Оқу маған қиын соқты деуге келмес. Себебі мен мұғалімдердің отбасынан шыққан адаммын. Әулетімізде білімге деген құрмет ерекше болды. Анам ғылым кандидаты болса, әкем - білім беру саласында ұзақ жыл жұмыс істеп, мектеп директоры, аудандық, қалалық білім беру басқармаларын басқарған адам.

- Уақытыңызды бөліп, әңгіме-лескеніңізге көп рахмет!

- Сіздерге де рахмет! Тоқсан жылдық торқалы тойын атап өтіп жатқан қарашаңырақ, «Сарыарқа самалы» газетіне табыс тілеймін.

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz