- Білім туралы заң бойынша бірінші сыныпқа балалар алты жастан бастап барады. Сондықтан баланы алты жастан бастап мектепке жіберу керек. Бірақ 1 қыркүйекте, қазан, қараша және желтоқсан айларында алтыға толатын балалар мектепке дейінгі дайындықты бастағандықтан бұл курсты аяқтап, келесі жылы бірінші сыныпқа барады, - деді еліміздің бас ұстазы жақында үкімет үйінде өткен баспасөз-конференциясында.

Сонымен, 2013 жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін дүниеге келген қазақстандық балғындар биыл күзде мектепке баруға міндетті. Бұл – заң талабы. Ал «Білім туралы» заңға бағынбағандар жауапкершілікке тартылмақ. Тек денсаулығында қандай да бір ақауы бар балаларға ғана дәрігердің және педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша мектепке кешірек баруға рұқсат беріледі.

Қазіргі таңда облыстық білім беру басқармасының өкілдері алдағы оқу жылында баласы 1-сыныпқа баратын (6 жасында) ата-аналар үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бастысы, аталмыш сала мамандары бұл бағытта еш қиындық туындамайтынын алға тартып отыр.

- Кейбір ата-аналар баласының 6 жастан мектепке баруға дайын емес екендігін айтып, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ олардың мұнысы орынсыз. Себебі, 1-сыныпта шәкірттерді біртіндеп оқуға, жазуға, есептеуге үйретіп шығарады. Оқу құралдары да жеткілікті. Жалпы, бұл ретте біздің облыста ешқандай мәселе туындамауы тиіс, - дейді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бағдәулет Нұрмат. Демек, «менің балам мектепке оқу-жазуды үйреніп баруы керек» деген қатаң қағиданы ұстанған ата-аналар бұдан былай мұндай мазасыз ойдан арылғаны абзал. Ал балаға 42 әріпті үйретіп, сауатын ашу алғашқы ұстазының міндеті болмақ. Сондай-ақ, мектепалды даярлықтан әлі өтпеген 5-6 жас аралығындағы балғындар үшін жазғы уақытта білім ордасының ішінен тегін курстар ұйымдастырылмақ. Еліміздің бас ұстазы мектеп бағдарламасы да осы жастағы балалардың қарым-қабілетіне сай етіп жасалғанын атап өтті.

- Бірінші сынып бағдарламасы жас ерекшеліктерін ескере отырып құрастырылған. Тіпті, әліппеге дейінгі, әліппе, әліппеден кейінгі кезең де бар. Әліппе кезеңі ұлғайтылды, - деді К.Шәмшидинова.

Айта кетерлігі, биыл күзде аймақ бойынша 13 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады деп жоспарлануда. Оның 4 мыңға жуығы - 7 жасқа толғандар. Яғни, 2019-2020 оқу жылында шәкірт атанатындардың жас шамасы аралас болмақ. Бірақ мамандар бұл өзгерістің ешкімге кедергі келтірмейтінін айтады. Себебі, бұған дейін де 6 жасында оқушы атанып жүрген балалар аз емес көрінеді. Мәселен, өткен жылы мектеп партасына отырғандардың 50 пайызын 6 жастағы балғындар құраған екен. Сондықтан ата-аналар ештеңеден қорықпауы тиіс, дейді ұстаздар қауымы.

- Қазіргі қолданыстағы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқыту әдісі өте тиімді деп ойлаймын. Себебі, бастауыш сыныптағы баланы ойын арқылы оқытудың пайдасы мол. Оны күнделікті тәжірибеде көріп те жүрміз. Қуантарлығы, оқушыларымыз өз ойын ашық айтып, еркін жеткізе біледі. Нәтижесінде баланың қиялы мен ойлау жүйесі тез дамиды әрі мектепте алған білімін іс жүзінде пайдалана алады. Сол үшін 6 жасқа толған баланы 1-сыныпқа берген дұрыс деп есептеймін, - дейді аймақтағы «Ең үздік ауыл мектебі» атанған Ақсу қаласына қарасты Үштерек орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлжауһар Жанарбек.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz