Жедел әрі сапалы

Павлодар қаласының тұрғыны Елена Мещерекованың жасы – 55-те. Ол зейнеткерлікке нақты қашан шығатынын және зейнетақысының көлемі шамамен қанша болатындығын білгісі келеді. Мұндай сұрақ оны ғана емес, баршамызды қызықтырары анық. Азаматтардың барлығы бірдей Қордан алатын болашақ зейнетақысының көлемін қалай есептеуді біле бірмейді. Мұндайда Қор мамандары көмекке келеді. Олар Елена Мещерекованың барлық сұрағына тиянақты жауап беріп қана қоймай, БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетпен қалай жұмыс істеуді де үйретті.

– Мен шамамен 3 жылдан соң зейнетке шығамын деп ойлап жүрген едім. Сөйтсем, соңғы өзгерістерге байланысты құрметті демалысымның уақыты кейінге шегеріліпті. Есесіне болашақта Қордан алатын зейнетақымның көлемі арта түседі екен. Мұны мамандар бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді, - дейді Е.Мещерекова.

Айта кетелік, филиалда орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары салымшылар мен алушыларға оператордың қатысуынсыз, өз бетімен зейнетақы қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Сол арқылы: зейнетақы шоттарының бар-жоғы туралы анықтама алу, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу, берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалау және шарттардың көшірме нұсқасын алу секілді қызметтерді жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпия сөз және жеке куәліктегі электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен алуға болады.

Павлодар қаласының тағы бір тұрғыны Гүлсім Қайырбековаға зейнетақы шоты бойынша анықтама керек болды. Филиалдың операциялық бөлімінің маманы Әлия Әжібаева келушінің өтінішін біле сала әп-сәтте тиісті құжатты шығарып, қолына ұстатты.

– Қор филиалына келген тұрғындар алдымен терминал арқылы өзіне қажет қызметке электронды кезек алады. Айта кету керек, бөлімге келушілер ұзақ уақыт күтпейді. Бір адамға шамамен 3-5 минут аралығында қызмет көрсетеміз. Біздің ұстаным – жедел әрі сапалы жұмыс істеу. Егер салымшы қателесіп, басқа қызметті таңдаса, ештеңе етпейді. Операциялық бөлімдегі әр маман – әмбебап. Келушілердің кез келген өтінішін орындай алады. Қызметкерлердің екі тілді еркін білетінін де атап өту керек, - дейді Ә.Әжібаева. Оператор құжатты берген соң Гүлсім Қайырбекова маманның жұмысына баға берді. Экранда көрсетілген «өте жақсы», «жақсы» және «орташа» деген белгілердің алғашқысын таңдап, қызметкердің еңбегін жоғары бағалады. Қор басшылығы да мамандарды ынталандыруды ұмыт қалдырмайды. Филиал директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаеваның айтуынша, Қор бойынша жыл сайын «Үздік филиал», «Үздік қызметкер», «БЖЗҚ» АҚ еңбек сіңірген қызметкері» сынды моральдық ынталандыру шаралары ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде жұмыс сапасын арттыруға айтарлықтай оң ықпал етеді.

Көшпелі бөлім көш ілгері

Зейнетақы қорында операциялық бөлімнен бөлек, көшпелі, яғни Барып қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді. Аталмыш бөлім қызметкерлері кеңсеге келген тұрғындардың сұрақтарына жауап берумен қатар жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдарға барып, таныстырылымдық шаралар өткізеді. «Мобильдік агент» жобасы аясында өздігінен жүре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып, зейнетақы қызметтерін көрсетеді.

– Бөлім мамандарының кеңседе отыруы сирек. Біз ұжымдармен кездесулер ұйымдастырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Солардың барысында ауыл мен қала тұрғындарын зейнетақы шотындағы қаражатты мерзімінен бұрын алу, ерікті жарналар аудару сынды сұрақтар жиі мазалайтынын аңғардық. Біз осы және өзге де сауалдар бойынша толыққанды жауап береміз және Қор сайтының жеке кабинетімен жұмыс істеу жолын үйретеміз.

Кеңсеге өздері келе алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар Қордың байланыс орталығының 1418 тегін телефон нөмірі немесе ресми сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімі арқылы хабарласып, өтініш береді. Біз келісілген уақытта белгіленген мекенжайға барамыз. «Мобильдік агент» арқылы қажетті құжаттарды сол жерде шығарып беруге мүмкіндік бар, - дейді бөлім операторы Әсел Төлекина.

Барып қызмет көрсету бөлімінің мамандары сапарға шыққанда өздерімен бірге ноутбук, құжаттарды сканерлейтін әрі басып шығаратын принтер және 4G-модемі бар құрылғыны алып жүреді. Солардың көмегімен салымшыға қажет құжаттар лезде дайындалады.

Өз кезегінде Нұржамал Дүйсембаева биыл филиалда «Мобильдік кеңсе» жобасын іске қосу жоспарланғанын жеткізді. Сол кезде зейнетақы қорының мамандары үй-үйді, ұжымдарды аралаумен қатар, арнайы жабдықталған көлік ішінде тұрғындарға зейнетақы қызметтерін көрсетуге мүмкіндік алады.

Байланыс тұрақты

Зейнетақы қорында қашықтықтан көрсетілетін қызмет түрлері кеңінен дамытылуда. Бүгінде Қор сайты арқылы логин және құпия сөз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен ерікті зейнетақы жарналары бойынша шот ашуға, жеке деректемелер мен шоттан ақпарат алу тәсілін өзгертуге, зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірме алуға болады.

– Қор кеңселеріне келе алмайтын, соңғы жаңалықтарға құлақ түре бермейтін әлеуметтік осал топ өкілдері бар. Міне, солардың жаңашылдықтан қалыс қалмаулары үшін қоңырау шалып, заңдарға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер туралы егжей-тегжейлі баяндап береміз. Яғни, біз тек кеңсеге келушілермен емес, бізге келе алмайтын азаматтармен де жұмыс істеп, үнемі байланыста боламыз, - дейді Н.Дүйсембаева.

Айта кетелік, биылдан бастап міндетті зейнетақы жарналары бойынша Қорға келіп жеке зейнетақы шотын ашудың қажеті жоқ. Енді алғашқы жарна түскен сәтте зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. Бұдан басқа «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды.

Соған сәйкес енді нотариустар мен шетелдік консулдық мекемелер өз өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы сауалдар жолдап, жауап ала алады. Бұл мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағазбастылықты жояды.

Филиалға күніне шамамен 150 адам келіп, оларға қызмет көрсету аясында 250-300 операция жүзеге асырылады. Бұл – оңай іс емес. Қуантарлығы, Қор қызметкерлері салымшылар артқан сенімнің үдесінен шығып, сапалы әрі жедел жұмыс істеп келеді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz