- Гүлнәр Қабиденқызы, алдағы Президенттік сайлауға облысымыздағы дайындық жұмыстары жайында айтсаңыз...

- Барлық аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларымызды, оның құрамы бекітіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияладық. Талапқа сәйкес мұның бәрін 19 сәуірге дейін аяқтадық. Жалпы, облысымызда барлығы 543 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Оның 140-ы - Павлодар қаласында, 65-і – Екібастұзда, 40-ы Ақсуда орналасады. Оған қоса, 14 аумақтық комиссия жұмыс істейді. Кандидаттардың тиісті талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін біз әр үміткерді қолдауға қол жинауға арналған қол қою парағы берілді. Облысымызда 7 кандидатқа 2745 парақ берілді. Қол жиналды. Көші-қон полициясымен бірлесіп, олардың бәрі тексерілді. 54 мың 679 қол нақтыланды. Анық емес бірнеше дерек болды.

- Аймағымызда комиссиялардың жұмыстарына жалпы қанша адам жұмылдырылған?

- 543 учаскелік комиссияның 3467 мүшесі бар. Сонымен қатар, аумақтық комиссияларда 98 адам қызмет етеді. Міне, осы азаматтар сайлау науқанына тартылады. 11 мамырдан бастап үгіт-насихат басталды, кандидаттардың штабтары жұмысын бастап кеткені белгілі. Жалпы, штабтар, учаскелік комиссиялар туралы ақпараттар әкімдіктердің сайттарына орналастырылды.

- Сайлаушылар өздерінің тізімде бар-жоғын қалай анықтай алады?

- Облысымызда тізім нақтылануда. Шамамен 500 мыңнан астам аймақ тұрғынының дауыс беру құқығы бар. Учаскелік комиссиялар сайлау күніне 20 күн қалғанда жұмысына кіріседі. Яғни, 20 мамырдан бастайды. Оларға сайлаушылардың тізімі беріледі. Демек, сай-лаушылар өздерін тізімнен тексере алады. Биылғы жаңашылдық, азаматтар қай сайлау учаскесіне жататынын, қай мекенжай бойынша орналасқан учаскеде дауыс беретінін учаскелік комиссияға бармай-ақ та білу мүмкіндігіне ие. Яғни, әр қала-аудан әкімдіктерінің ресми сайтына кіріп, тексере алады. Ол үшін сайтта «Қоғам» тарауына кіріп, «Сайлау» қосымшасын таңдау қажет. Мұнда сайлауға қатысты барлық ақпарат орналастырылған. «Өзіңді тап» деген бөліміне азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, қай учаскеде дауыс беретінін, тізімде бар-жоғын анықтай алады. Бұрын мұндай мүмкіндік болмады. Міндетті түрде сайлау учаскесіне бару керек болатын.

Ал сайлауға дейін тізімде бар-жоғын білмеген, сайлау күні учаскеде сайлау-шылар тізімінде аты-жөні болмай шыққан азаматтар да конституциялық құқығын пайдаланудан қағылмайды. Себебі, бұл күндері халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Аты-жөні тізімде болмаған азамат мекенжай анықтамасын әкелсе, комиссия мүшелері оны бірден тізімге енгізіп, дауыс беруге жіберіледі.

Бүгінде Павлодар қаласында сайлаудың уақыты, болатын күні жайында ақпараты бар 52 билборд орналастырылды. 4 Led-экранда да осы ақпарат күні-түні көрсетіліп тұрады. Бұл тұрғындарды құлақтандыру үшін жасалуда. Айта кетейік, бұған дейінгі 2015 жылы өткен Президент сайлауында аймағымызда сайлаушылардың 90 пайыздан астамы дауыс беріп, белсенділік танытқан.

- Дәл сайлау күні басқа өңірде немесе елде болатын азаматтар не істеуі тиіс?

- Егер өз өңірінде болмайтыны алдын ала белгілі болса, онда ол азамат өзінің сайлау учаскесінен сайлау күніне 20 күн қалғанға дейін есептен шығару талонын алуы қажет. Содан кейін сайлау күні тұрақтайтын аймақта дауыс беруге мүмкіндік алады.

- Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдық-талуы қалай жүргізілуде?

- Барлық сайлау учаскелері компьютерлермен, мемлекеттік рәміздермен, телефондармен, факстармен жабдық-талады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. Нақтысы, барлық учаскелер пандустармен, зорайытқыш шынымен, трафареттермен және Брайл шрифтісі бар әдістемелік оқулықтармен жабдықталған. Бәрі қарастырылған. Бюллетеньдер облысымызға 6 маусымнан бұрын әкелінбейді. Сонымен қатар, әрбір комиссияда азаматтардың өтініштеріне арналған журналдар болады. Егер тұрғындар қандай да бір өтініш-тілегін білдірсе, осы журналға тіркеледі. Оған қысқа уақыт ішінде жауап беріледі.

- Мәліметтеріңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz