Қарсыластарынан дараланып, қазылар алқасының көңілінен шыға білген Шыңғыс Асығатұлы жеңіске жетті. Енді ол аймақ намысын Алматы қаласында өтетін байқаудың суперфиналында қорғайтын болады. Байқаудың іріктеу кезеңі 29 наурыздан бастап еліміздің әр өңірінде өткізіліп келеді. 22 мамыр күні мәресіне жететін іріктеу кезеңіне таңдайынан ән төгілген 8-12 жас арасындағы балғындар көптеп қатысуда. Жобаның музыкалық продюсері әрі қазылар алқасының мүшесі Фарида Ниязова Ертіс-Баян елі байқаудың іріктеуі өткізіліп жатқан 15-ші аймақ екенін, алда Қарағанды мен Нұр-Сұлтан қаласы ғана қалғанын айтады.

- Біз әрбір елді мекенді аралап, таланты таудай, өнерге деген құлшынысы биік, көзінде оты жанған балғынды іздеп жүрміз. Біздің елімізде ондай талантты балалар жетерлік. Тек өнерлі балғындарды тауып, үлкен сахнаға шығуына қолдау жасауымыз керек. Негізі Павлодар өңірі «Бала дауысы» жобасында жеңімпаздардың мекеніне айналған жер, - дейді музыкалық продюсер.

Байқаудың мақсаты – музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетіп, болашақта жас таланттардың шығармашылығын дамытуға көмектесу. Байқау шарты бойынша балалар 3 тілде ән орындауы керек болды. Осы орайда жеңімпаз атанған Шыңғыс Асығатұлы өзінің авторлық «Астанамыз - Нұр-Сұлтан», француз тілінде «Кешір мені» әндерін және әйгілі «Queen» тобының репертуарынан бір ән орындады.

- Негізі қатты толқыдым. Сайысқа қатысқан балалардың бәрі өнерлі. Өз басым аймақтық додада жеңіске жеткеніме қатты қуанып тұрмын. Енді алда болатын суперфиналда Павлодардың намысын қорғайтын боламын, - дейді Ш.Асығатұлы.

Ал Шыңғыстың жұлдызды тәлімгері әнші Арман Қоңырбаев болса, өзінің жас шәкіртінің тек аймақтық додада ғана емес, республикалық байқауда да жеңіске жетуіне мүмкіндігі зор екенін атап өтті.

- Шыңғыс байқауға үлкен дайын- дықпен келгенін дәлелдеді. Тіпті, өзінің кез келген бағыттағы әндерді еркін орындай алатынын көрсеткен кезде қатты таң қалдық. Бірінші әнін шырқаған сәтте, бізге тек бір сарында ғана ән айтатын әнші болып көрінген еді. Кейін екінші, үшінші әнін орындағанда сахнаны «жандырды». Енді біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Ол - «Бала дауысы» Ұлттық балалар ән байқауының ІV маусымының жеңімпазы атану, - дейді А.Қоңырбаев.

Айта кетелік, байқаудың суперфиналы 25-27 қазан аралығында Алматы қаласында «Республика сарайында» өтеді. Онда балалар жаңа әндер жаздырып, өз өнерлерін ортаға салмақ. Сонымен қатар, жас әншілер осы күндері «Балалық шағымыздың мейірімді ғалам-шары» атты спектакль-мюзиклінің тұсаукесерін тамашалайды.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz