Облыстық арнайы кітапханада өткен шараға тіл мамандары мен көру қабілетінен айырылған жандар жиналды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османова курсты ұйымдастыруға көзі көрмейтін және нашар көретін жандардың өтініші себеп болғанын айтады.

- Бізге көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар ұйымының мүшесі Василий Иванов өзімен тағдырлас жандарға қазақ тілін үйрену үшін арнайы курстың қажеттілігін айтып, ұсыныс білдірді. Біз өз тарапымыздан көп ойланбастан осы жобаны қолға алып, Брайл жүйесіндегі қазақ тіліндегі оқулық құрастырдық. Оның авторы – «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикова. Бұл әдістеме орыс және ағылшын тілдерінде болғанымен, республика бойынша мемлекеттік тілде алғаш рет бізде құрастырылып отыр. Былтыр бұл жобаға 45 адам қатысқан болатын, - дейді Сәуле Османова.

«Күн сәулесі» жобасына осымен екінші жыл қатарынан қатысып отырған Сәуле Нұриманова әзірге Брайль жүйесін меңгермегенін, алайда курстың қызықты әрі көңілді басталғанын айтады.

- Қазақ тілін үйрену өте көңілді ойын түрінде өтеді. Мектепте оқыған кезде кейбір сөздер есімде қалған, бірақ күнделікті өмірде қолдана бермейміз. Осы жолы Брайль жүйесін үйрену үшін бар күш-жігерімді салуға тырысамын, - дейді ол.

Жобаға қатысушылар Брайль жүйесіне негізделген оптикалық құрылғылар, тифлоқұрылғылар және жаңа ақпараттық технологиялар арқылы қазақ тілін және қазақ халқына ғана тән құндылықтарды үйренбек. Сабақ барысында дыбыстық аудиожазба құрылғысына жазылған сөйлеу модельдері, көзі көрмейтіндерге арналған арнайы әлеуметтік-белсенді және рефлексивті оқыту әдістері мен технологиялар қолданылмақ.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz