- Арман Темірбекұлы, биылғы театр маусымының аяқталуына санаулы күндер қалды. Әңгімемізді осы кезеңде атқарылған істерден бастасақ...

- Театрда атқарылатын істің көбі - көрерменге ой сала отырып, тамаша демалыс сыйлай алатын қойылым қою. Сонымен қатар, алыс-жақын елді мекен-дердегі ағайынмен қауышып, өнер көрсету, өзге өңірлердегі театрлармен әріптестік байланыс орнату және ең бастысы, театр- лар арасында ұйымдастырылатын фестивальдерге жиі қатысу. Біз осы маусымда аталған міндеттердің барлығын орындадық деп ойлаймын. Ал біздің жұмысқа баға беретін - көрермен.

Осы маусымның шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашқанымыз белгілі. Кейіннен театр репертуарында бұрын-соңды болмаған мюзикл жанрындағы ең алғашқы қойылымның премьерасын жасадық. Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» пьесасының желісі бойынша, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің ең таңдаулы әндерімен өрнектеліп, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің таңдаулы поэзияларымен өңделіп, көпшілік назарына ұсынылған тың туындыны көрермен жылы қабылдады. Оны алматылық режиссер Тасболат Омаров қойды. Ал біздің театрдың бас режиссері Әділет Ақанов Мольердің «Сараң» комедиясын ел назарына ұсынса, петропавлдық режиссер Батырбек Шамбетовті арнайы шақырып, италиялық драматург Карло Гольдонидің «Венециялық егіздер» комедиясының премьерасын өткіздік. Аталған қойылымдардың барлығын көрермен жылы қабылдады. Сонымен қатар, кішкентай көрермендеріміз де біздің назардан тыс қалып көрген емес. Оларға арнап екі ертегінің тұсауын кестік. Режиссер Жангелді Садықов Г.Андерсонның «Қар ханшасы» мен бас режиссер Әділет Ақанов алматылық жас драматург Әлібек Биболдың «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты балаларға арналған ертегісін сахналады. Ал қазіргі таңда ұжым ХХІХ театр маусымының жабылуына орай белгілі қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың танымал туындысы «Балалық шаққа саяхат» шығармасын дайындау үстінде. Режиссері - Жангелді Садықов.

- Бәрекелді! Жуырда Алматы қаласына гастрольдік сапармен барып келдіңіздер. Сіз басқарып отырған өнер ұжымы Алатау бөктеріне 22 жылдық үзілістен кейін барды. Алған әсерлеріңіз қандай?

- Дұрыс айтасыз, Алматы қаласына Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры көп жылдан кейін барып, алматылық көрерменмен қауышты. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Бұл жерде біз жай ғана қойылым қойып қайтқан жоқпыз. Алдыңғы буын ағалардың батасын алып, мықты актерлердің ақыл-кеңесін тыңдап келдік.

Негізі, осы театр Алматы қаласына соңғы рет гастрольдік сапармен 1997 жылы барған екен. Ол кезде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өнер көрсеткен. Бұл сапарды ұжым ұзақ күтті. Осыдан кейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, танымал актер Азамат Сатыбалдымен хабарласып, театрлар арасындағы әріптестік байланысты қайта орнаттық. Біздің ұжым өнер сапарын Ғ.Ештанаев пен Р.Ибраеваның «Әбілмансұр. Сабалақ. Абылай» тарихи драмасымен ашып, кейіннен «Ғасыр қасіреті», «Ғашықтар хикаясы», «Венециялық егіздер» қойылымдарын 3 күн бойы алматылықтардың назарына ұсынды. Сонымен қатар, «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты балаларға арналған ертегіміз тағы бар.

Алғашқы күні біздің қойылымды даңқты актер, кино және театр сахнасының саңлағы Асанәлі Әшімов ағамыз арнайы келіп тамашалап, батасын берді. Бұл - біздің ұжым үшін үлкен мәртебе. Жалпы, театрдың өсуіне, әртістердің шығармашылық тұрғыда шыңдалуына, кез келген сахнада өзін еркін сезінуіне осындай гастрольдік сапарлар қажет. Дәл осындай сапарды ұйымдастыру бір ғана адамның қолынан келетін іс емес, мұнда бүкіл ұжымның еңбегі жатыр. Соның ішінде жарнамалық істермен айналысатын қыздарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді.

- Гастрольдік сапар демекші, жуырда Нұр-Сұлтан қаласына барып келдіңіздер...

- Астанаға барудағы мақсатымыз, біздің театр халықаралық «Самғау» фестиваліне қатысып келді. Үлкен додаға жерлестеріміздің ыстық ықыласына ие болған, биылғы жаңа премьераларымыздың бірі «Венециялық егіздер» қойылымымен қатыстық. Бұл спектакльді таңдап алуымыздың өзіндік себептері бар еді. Біріншіден, мұнда ән де, күй де, би де бар. Әртістер италиялық композиторлардың әндерін симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындайды. Екіншіден, бұрын симфониялық оркестр сахнаның төменгі бөлігінде көрінбей отыратын болса, осы қойылымда оларды режиссер Батырбек Шамбетов әртістермен бірге сахнаға шығарды. Бұл - бұған дейін біздің театрда болмаған тәжірибелердің бірі. Осы ерекшеліктердің барлығын ескере келе, таңдауымыз «Венециялық егіздерге» түсті. Байқау жоғары деңгейде өтті. Біз аталмыш фестивальден көп тәжірибе алдық. Жас актерлеріміз шет елдік өнер саңлақтарының шеберлік сағаттарына қатысты. Алдағы уақытта биік белестерді бағындырамыз деген ойдамыз.

- Жуырда көрерменге тағы бір тосын сый жасадыңыздар. Көптен бері сахналанбай кеткен «Болмаған оқиға» қойылымы қайта жаңғырды. Көрерменнің сағынғанын байқадық...

- Иә, жасыратын несі бар, өкінішке қарай, репертуарымыздағы біраз тамаша дүниеміз тоқтап тұр. Оған бірден-бір себеп, актерлердің жетіспеушілігі. Яғни жастарымыз қойылымдарда басты рөлдерді сомдап, кейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына қоныс аударады.Спектакльде рөл ойнайтын бір адамның кетуі тұтас ұжымның жұмысына кедергі болады. Бірақ, осы олқылықтың орнын толтырып, алдағы уақытта біз көрермен көзайымына айналған туындыларды қайтадан сахнаға алып келуді жоспарлап отырмыз.

«Болмаған оқиға» тәрізді, негізгі кейіпкердің бірі жұмыстан шығып, тоқтап тұрған жақсы қойылымдардың қатарында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы, Г.Хугаевтің «Қара шекпен» драмасы, Ж.Артықбаевтың «Малайсары тархан» тарихи драмасы, Ш.Айтматовтың «Ана - Жер-Ана» трагедиясы, т.б. бар.

- Жастарды театрда түбегейлі ұстап қалудың жолдары жоқ па?

- Кез келген актердің арманы Алматы мен Астана қаласындағы үлкен сахналар ғой. Кезінде өзімізге де облыстық театрларға баруды ұсынған кезде ат-тонымызды ала қашып, Алматыда қалдық. Осы ретте бір айта кететін нәрсе, елдегі алып шаһарларға қарағанда өңірлік театрлар актерлерге жақсы жағдай жасап отыр. Жатақханадан бір бөлме болса да тауып беріп, уақытында жалақысы төленіп, тіпті, оқуды бітіргеніне көп болмаса да жаңадан сахналанатын қойылымдардың басты рөлдерін сомдау мүмкіндігі бар. Ал аталмыш екі қалада жастарға ондай мүмкіндік туа бермейді. Осы театрда жүріп, талай-талай образдарды сомдап, елдің қошеметіне ие болып, кейіннен Алматыға кеткен қыз-жігіттердің қазір жарты ставкада жұмыс істеп, қойылымдардың тек массовкасында ғана жүргенін көргенде іштей «қап-әттеген-ай!» дейсің.

Ал «ұстап қалудың жолы жоқ па?» дегеніңізге айтарым, «арман қуамын» деп алдына мақсат қойған адамды қанша тырыссаңыз да қалдыра алмайсыз. Себебі олардың алдында мәдениеттің қайнап жатқан ортасына барып, тезірек танымал болсам деген ой тұрады.

- Биыл да бірнеше жас маман жұмыстан шықты. Актерлердің құрамы толыға ма?

- Міндетті түрде. Жастардың өзге өңірлерге қоныс аударуының салдарынан біздегі бірқатар жақсы қойылымдарымыз тоқтап тұр. Ол спектакльдерді сұрап жатқан көрермен бар. Бізге құрамды толтыру керек. Осы мақсатта жаңа жылдың басында, яғни, қаңтар айында театрымыздың бас режиссері Әділет Ақанов екеуіміз Алматыға барып, студенттермен кездесіп, келісімшарт жасасып келдік. Жақында мамыр айының соңында Әділет Астанада болып, бітіруші түлектердің дипломдық жұмысын көріп, жастарды шақырып қайтты. Енді көреміз, жаңа маусымда қанша жастың келетінін.

- Осы маусымда белгілі театр сыншысы Еркін Жуасбек өңірге арнайы келді. Біраз сын да естідіңіздер. Нәтиже бар ма?

- Дұрыс айтасыз, Еркін Жуасбек ағамыз еліміздегі азулы сыншылардың бірі әрі бірегейі ғой. Ол кісінің сынына ілігудің өзі құрмет. Еркін ағамыз бізге ақпан айында келіп, 5 күннің ішінде 10 қойылымды қарап, біраз талқыға салды. Бұл - осы театрда көптен бері болмаған оқиғаның бірі. Мұндағы мақсатымыз әуелі өзіміздің бағыт-бағдарымызды айқындап алу болды. Сонымен бірге, өз қазанымызда қайнап жата бермей, шыңдалудың тағы бір жолы осы. Тура сол кезде біз Алматы қаласына баруды жоспарлап отырған едік. Ол кісімен Алатау баурайындағы көрермендерге қандай қойылымдарымызды апару жөнінде ақылдастық.

Еркін ағаның назарына ұсынған қойылымдардың ішінде «қатты сынға алады-ау» деп қорыққандарымыз да болды. Спектакль барысында ол кісі қойылымның ішіне еніп кететіні соншама, кей сәттерде қарқылдап күліп немесе көзіне мөлдіреп жас алып отырған сәттерінің куәсі болдым. Әр актерге айтылған сын-пікірдің барлығын өзіне түртіп алды. Қазір сол сыннан қорытынды шығару үшін ұжым барынша тырысып жатыр.

- Келер жылы театрдың ашылғанына 30 жыл толады. Бұл айтулы датаны қалай атап өтесіздер?

- 30 жылдыққа орай республикалық театрлар фестивалін өткізуді мақсат тұтып отырмыз. Қазір оның жоспарын құрып, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына апарып бердік. Әрі қарай іске асуы басшылықтың құптауына байланысты. Негізі, біздің өңірде театр фестивалі осыдан 5 жыл бұрын ұйымдастырылған екен.

- Жаңа маусымда көрермендерді немен қуантасыздар?

- Алдымызға қойған мақсаттарымыз өте көп. Бәрін айтып қойып, ертеңгі күні орындай алмай жатсақ, сүрінгеннің көкесі сол болар. Негізі, өзім арық сөйлеп, семіз шыққанды қалаймын. Дей тұрғанмен, ойда жүрген біреуін айта кетейін. Келесі жылдан бастап, театрдағы кіші залды жас бүлдіршіндерге арналған қуыршақ театры ретінде ашсақ па деген ойымыз бар.

Жуырда Алматы қаласындағы қуыршақ театрына барып, ішкі жағдайымен танысып келдік. Оған себеп, біздің ұжымда қуыршақ театрының актері мамандығын меңгерген бірнеше маманымыз бар. Олардың көшін Бейбіт Шәнім ағамыз бастап тұр, сосын осы жылы Алматыдан келген Нұркен Тұрлыбек пен Айсана Тасболатова бар. Бұл бір күнде жасала салатын дүние емес, оған жасалатын қуыршақтар бар, сахнаның декорациясы бар. Бірақ өңірдің кішкентай тұрғындарына арнап, осындай сый жасағымыз келеді.

Сонымен қатар, елімізге танымал бірнеше режиссермен сөйлесіп, маусымның ашылуына орай тамаша бір туындыны ұсынғымыз келеді.

- Істеріңізге сәттілік тілеймін! Рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz