Мұз дәуірінің белгісі

Осыдан миллиондаған жылдар бұрын орталық Қазақстан жерін таяз теңіз басып жатты. Геологиялық ұзақ процестерден кейін су қайтып, тау-тас пайда болғанға ұқсайды. Жартастардың беттерін көп уақыт су шайып жатқандықтан гранит тастар жылтырап көрінеді. Қалғандарын жел мен күннің көзі әр түрлі кескіндерге айналдырған. Тас көмір қабаттарының ылғалды жылы климатта өскен тоғайлардан пайда болатынын ескерсек, бұған көзіміз жетеді.

 

Торайғыр ауылындағы қанды қараағаштар да мұз дәуірінен қалған белгі тәрізді. Жер беті табиғи қазба байлықтарына бай. Ғұндар бастаған қазба байлықтарды іздеу үш мың жылдан астам уақыт жүргізіліп келді. Ғұн шеберлерінің кен орындарын аса жоғары дәлдікпен тапқандары тандай қақтырарлықтай. Ғұндар - түркі халықтарының арғы тегі. Олар Солтүстік Қытай, Моңғолия, Байкал өңірінде қоныстанып, біздің заманымыздан бұрын үшінші ғасырда өз мемлекетін құрды. Ғұндар Көк тәңіріне табынған, ата-баба рухына сыйынған. Ғұндар б.з.б. 177 жылдары Тынық мұхиттан Каспий теңізіне дейінгі жерлерді өздеріне қаратты.

 

 

Қытайлықтар Ғұндардан сескеніп ұзындығы 8 мың 851 шақырым, 800 метр болатын ұлы Қытай қорғанын салды. VI ғасырдан бастап Батыс Ғұн империясы, Уарғұндар қағандығы немесе Арғындар қағандығы деп аталды. Ғұн дәуірінен сақталған қоныс орындары, обалар, металл өндірген орындар, көмбелер Баянаула жерінде жетіп артылады. Мұрынтал б.з.д. төрт мың жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың қонысының орнында тұр (Қорғандар, қоныстар). Мұнда металл құйған пештердің қалдықтары да кездесіп қалады. Ғұн шеберлерінің кеніштерінің ізімен талай кен орындары ашылды. Осындай кеніштердің бірін геологтар Майқайың кеніші деседі. Байқап отырғандарыңыздай, Орталық Қазақстан территориясында мыс өндіру біздің заманымыздан екі мың жыл бұрын басталған. Бұл энеолит дәуірі былайша мыс-тас ғасыры болып саналады. Осылайша қолданысқа мыстан жасалған заттар пайда бола бастады. Бірақ мыс дәуіріне адамзат баласы құр қол келді делінбейді. Барлық ғылыми анықтамаларға сүйене отырып, металл қорыту жұмыстары неолит дәуірінің соңына қарай дайындалғанын көреміз яки біздің эрамыздан бұрынғы үш мың жылдықтың екінші жартысынан бастап адамзат баласы әр түрлі минералдарды біле бастаған. Сонымен Орталық Қазақстанда алғаш мыс индустриясын жүргізгендер қола дәуірінің тайпалары болып есептеледі. Олар мал шаруашылығымен және кен өндірумен айналысқан. Бұл көшпенді тайпаларды гректер-скифтер деп атады. Көшпенді халықтардың оқиғасы Қытай шежіресінде сақталған. Осы жазуларда ғұн халқы соғыс әрекеттеріне өте күшті делінген. Олар біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырда өздерінің көршісі қытайлықтарды қирата жеңіп, Венгер даласына дейін жеткен. Ертедегі бір тарихшы ғұндар жайында былай жазады: «Олар толық, аяқ-қолдары жуан, түрлері суық. Далада туады, ат үстінде барлық мәселелерді шешеді, ат жалында ұйықтайды. Соғыста жолындағысының бәрін жеңеді. Көше береді, киіз үйлерін тастамайды».


Ұшы-қиыры көрінбейтін ұлан-ғайыр далада көне тарихтың көмескіленген соқпағындай атам заманғы қорғандар, тұрақтар, қоныс орындары, балбал тастар, ескі жер атаулары көптеп кездеседі. Әр шоқының басында, етекте бір кездері болып өткен қанды қырғынның куәсіндей тас молалар қарауытады. Қазақ даласы ғұн дәуірін, Түрік дәуірін, Арабтар–Түріктер, Моңғол шапқыншылығын, Темірлан дәуірін өткерді. Қазақ тіліндегі шариғат, сұлтан, ғаламат, сауап, уағда, халал, харам, ғайып, мүлік, періште, садақа, ғаріп, ғұмыр, ләззат, уақыт, ғашық - араб сөздері. Азамат, аяз, айна, айран, айым, айып, ақ, ақша, ақымақ, аға, әғыс, ай, ашу, ат, ата деген қыпшақ сөздері соны аңғартады. XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығында Қазақ қосындарынан күйрей жеңіліп, Баянаула өңірінен қашқан Қалмақтар:


Баянаула- Қазылық,
Жазғытұрым көшкенде.
Қалушы едің қара жол,
Қабырғадан қазылып.
Күзгітұрым қонғанда,
Төрт түлік мал баурайда.
Жатушы едің жай тауып,
Құлашың кере жазылып! - деп Баянаула жерімен қимай қоштасқан екен.


Қазылық – Баян тауларының көне атауы. Ертеде Көкшетау, Ерейментау, Баянаула, Далба, Қызылтау, Едірей, Қу, Кент, Шыңғыстау, Қарқаралы, Бұғылы, Тағылы таулары Қазылық таулары деп аталған. Осыдан 5-6 мың жыл бұрын Арғанаты, Арыстанды, Білеуті, Бұланты, Бұғылы, Сөгеті, Өлеңті, Ырғайты, Теректі, т.б. жер атаулары болған. Сақ заманында Арыс, Асы, Беказы, Кеңгір, Кендіктас, Кендітау, (Ұлытау) Қордай, Талас атаулары пайда болды. Мұндағы Арғанаты арқарлы дегенді білдіреді. Білеуті – білеу құйрықты құндыз. Бұланты – ылғалды орманды мекендейтін жануар. Түркібасы (Түлкібасы) өлкесін тас дәуіріндегі алғашқы адамдар мекендеген. Бұдан Қазақ даласында алғашқы адамдар осыдан екі миллион жылдан астам уақыт бұрын көрінгенін байқаймыз. Далалық тайпалардан тамыр тартып, осыдан екі мың бес жүз жыл бұрын Қазақ халқы сомдана бастады. 1915-1919 жылдар аралығында ағылшын капиталисі Лесли Урквардтың басшылығымен акционерлік бірлестік құрылып, геологтар Стикней, Рефус жергілікті тұрғындардың көмегімен ежелгі ғұн кеніштеріне барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде мыс, алтын, малахит кендерін тауып, байлыққа шаш-етектен батты. Сол жылдарды еске түсіргендей, Шақпақтағы ағылшын шахтасы, Майбұлақта салынған ағылшын көпірі күні бүгінге дейін бұрынғы қалыптарын сақтап тұр.

 

Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ,
өлкетанушы, Баянауыл ауданы.