«Абай ауылға келді»

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың ішкі саясат басқармасы «Абай ауылға келді» және «Мағжан 

ауылды аралайды» атты белгілі жыршы, абайтанушы Даниял Әсеновтің қатысуымен тың жобалар қолға алынған болатын.


Абай ақынның Қара сөздерін, поэмалары мен өлеңдерін, сондай-ақ қазақтың бағзыдан келе жатқан батырлар, ғашықтар жырын, Шәкәрім, Мағжан, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, жалпы, қазақ поэзиясының бертінгі ақындарының да жырларын жатқа оқитын Даниял Әсенов осы жоба арқылы Абай мен Мағжан ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттады. Енді аталмыш жоба біздің аймақпен көршілес Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге аспақ.


Жоба жайында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов:


- Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы өңірлердің бірлескен жобасы аясында іске асырылып отыр. Енді Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толу қарсаңында жоба екі жыл қатарынан жүреді деп жоспарланып отыр. «Абай ауылға келді» және «Мағжан ауылды аралайды» бағдарламасы көпшіліктің, әсіресе жастардың көңілінен шықты. Бұл - өскелең ұрпақты әдебиетке, қазақ тарихына тартудың бір жолы, - дейді ол.


Атап өтерлігі, абайтанушы Даниял Әсенов - көп жылдардан бері «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сынды жырларды жатқа оқып, есте сақтау қабілетімен ерекшеленген өнерпаз.


- Даниял ағамыз бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарын аралап, мектеп оқушыларымен, жас- тармен кездесу өткізіп, Абай мен Мағжан шығармашылығын оқитын болады, - дейді Е.Дәуенов.

 

С.ТАУҚЫЗЫ.