«Халыққа қызмет ету керек»

Үкіметтің алдында ұлан-ғайыр істер тұр. Баспанамен қамтудан бастап, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығын көтеру, тиімсіз жобаларға бюджет ақшасын салуды доғару, Ұлттық банктің абыройын қалпына келтіру – мұның бәрі апта басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасында айтылып, міндеттелді.


«Ауадан қамал тұрғызуды қою керек» деген Президент, барлық мәселелердің орындалу мерзімін атап тұрып, қадап тапсырды.


Бәрі – халықтың қамы


Отырысты ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы бірінші жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытынды-ларына тоқталды.
- Негізгі міндет – осы қарқынды одан әрі арттыру. Жалпы, бірінші жартыжылдықта елімізде экономикалық өсім бар. Инфляция деңгейі тұрақты. Өнеркәсіп, агросектор салалары орнықты дамып келеді. Елімізге тартылған инвестиция көлемі ұлғайды. Халықты толғандырған өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдануда. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – басты мақсатымыз. Біздің жұмысымыздың ең маңызды көрсеткіші – халықтың нақты табысы 6,3%-ға өсті (2019 ж. 4 ай). Дегенмен, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Бұдан бөлек, санкциялар, сауда нарығындағы қақтығыстар, протекционизмнің ушығуы еліміздің дамуына айтарлықтай ықпал етуде. Сондай-ақ, серіктес елдер экономикасының қазіргі ахуалы да бізге әсер етіп отыр. Халықаралық сарапшылар да әлемдік экономиканың дамуы күрделі кезеңде екенін айтуда. Осындай сын-қатерлерге қарамастан, біз ең басты міндетті жүзеге асыруымыз керек. Ең маңызды мәселе – жұмыс орындарын ашу. Осы көрсеткіш бірінші қатарда болуы керек. Бұл – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, экономиканың тұрақты өсімін сақтау деген сөз. Баршаңыз жақсы білесіздер, мен сайлауалды бағдарламаны және «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясында жұртшылықтан келіп түскен ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыру жөнінде іс-шаралар Жоспарын бекіттім. Үкімет және әкімдер осы бағытта нақты шаралар қабылдауы тиіс. Қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар, - деді Президент.


Жерді игермей ауылды көтере алмаймыз


Президент индустрияландыру мәселелеріне тоқталып, жалпы жағдайдың тұрақты екенін бірақ ілгерілеу үшін тиімді жолдар іздестіруді тапсырды. Отандық тауар өндірушілерге қолдау жасалуда. Экспортқа өнім шығарушыларға 500 млрд. теңге бағытталды. Осы іспен жекелей, жете айналысатын жаңадан министрліктер құрылуда. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталуы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы орайда қабылданған «Еңбек» бағдарламасы тиімсіз, өзін ақтап отырған жоқ деп бағалады. Үнемі қаржылай қолдау жеткіліксіз болып шығады. Үкімет басшысы Асқар Маминге Ұлттық банкпен келісілген жұмыстар істеу мәселесін шешу тапсырылды. Үшінші индустрияландыру кезеңіне аяқ баспас бұрын Үкімет осы мәселені егжей-тегжейлі саралап алуға тиіс.


Бүгінде бар әлем инвестиция үшін күреседі. Сырттан ақша тарту – аса күрделі іс. Қарап отырғанға аспаннан түспейді. Президент ауыл шаруашылығына құйылып отырған салым көлемі сыртқы инвестицияның 1 пайызын ғана құрайтынын айтты.


Барлық халықаралық сарапшылар Қазақстанда агроөнеркәсіп мүмкіндігі жоғары екенін айтып жатқанмен, іс жүзінде еш нәтиже жоқ. Үкімет пен «ҚазақИнвест» акционерлік қоғамы бірлесіп мықты жүйе қалыптастыруы керек. Яғни, салаға ірі корпорацияларды ақша салып, жұмыс істеуге тарту керек. Әрі оларды облыс басшысы немесе министрлік басшысы ауысса, орта жолда қалатындай қауіпке тәуелді етпеу керек. Әйтпесе бізде ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы ауысса болды, екіншісі өзінің «теңдесі жоқ» басқа бағдарламасын әкеледі. Бұрынғы іс пен бүгінгінің өзара жалғастығы, сабақтастығы жоқ бірден-бір ведомство – ауыл шаруашылығы министрлігі. Осындай әрекеттердің салдары бүгінгі агроөнеркәсіп секторын алға бастыртпай тұр. Субсидия, тұқым, техникамен қамтылу мәселелерінде түйткілдер көп. Экспортқа жіберіліп жатқан өнімдердің 60 пайызы – шикізат. Былтыр өнімдерді қайта өңдеу жоспары 37 пайызға ғана орындалды. Үкімет бұл іске баса мән беруге тиіс.


- Тағы бір өзекті мәселе – жерді тиімді игеру. Министрліктің жүргізген түгендеу жұмыстары нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 16,5 млн. гектер жер бары анықталды. Үкіметке жер алқаптарына аудит жұмысын жүргізіп, жер кадастры бойынша ақпараттық жүйені цифрландыруға көшіруді тапсырамын. Жер – өндірістің басты факторы. Бұл мәселеде ашықтық пен нәтижелілік болмайынша, бізге ауылды дамыту мүмкін болмайды. Күрделі жұмыс екенін түсінеміз. Бірақ ауыл шаруашылығы және цифрлық даму министрліктері бірлесіп іске кірісіп, жыл аяғына дейін жұмысты тәмамдауы керек, - деді Президент.


«Үшінші әлемнен біріншіге»


Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне маңыз берді. Үкімет мүшелеріне, аймақ басшыларына Сингапур мемлекетінің негізін қалаушы саясаткер Ли Куан Ю-дің «Үшінші әлемнен біріншіге» атты кітабын оқуды ұсынды. Ол кітапта әлемдік тұлғаның АҚШ-қа, басқа ірі елдерге арнайы барып, қалай Сингапурге инвестиция құюды сұрағаны баяндалады. Қазіргі Үкімет, министрлік басындағыларға, әкімдерге де осы ширақтық жетіспейді.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға қисынсыз талаптар қоятын әкімдерге ескерту жасады. «Әкімдер инвес-тиция тартумен айналысуы керек. Кейбір кезде теледидардан сіздердің кәсіпкерлер делегациясын, инвесторларды қалай қабылдайтындарыңызды көремін. Бұндай шаралар ешқайда жарамайды, өздеріңіз үстелдің басына жайғасып, оларды 3-4 метр алшақ отырғызасыздар. Өздеріңізді қандай да бір князьдіктің басшысы секілді көрсетесіздер. Инвестицияны тартуға сіздер емес, олар мүдделі секілді көрінеді», - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар инвес-торлармен кездесу барысында өңір өкілдері тарапынан қисынсыз мақсаттағы талаптар кездесіп жатады. «Парақорлыққа жол бермеу керек. Егер де осындай әрекеттер жасағаны анықталса, еңбегі мен жұмыс тәжірибесіне қарамастан, әкімдер тиісті жазасын алады. Бұл тұрғыда сіздерді алдын ала ескерттім деп түсініңіздер», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Бюджет қаржысын тиімді жұмсау жолдарын қайта зерделеу керек. Қандай да бір нысандар тұрғызбас бұрын олардың әлеуметке қандай пайда беретінін ескеріп ойлау керек. Жергілікті өңірлерде бюджет жасақтау ісіне «Nur Otan» партиясы, депутаттар қатысуға тиіс, деді Президент.


Бюджетті тиімді пайдалану дегенде мемлекеттік сатып алулар жүйесін айтпасқа болмайды. Онда қазір не ашықтық жоқ, не тиімділік жоқ. Отандық материалдарды қолдау жағын да жетілдіру талап етілуде. «Қазірде республикада ТҮКШ саласында 3 қанатқақты жоба енгізіліп отыр, жақсы нәтиже көрсетсе, барлық өңірлерге тарататын боламыз», деді Қ.Тоқаев.


Мемлекет басшысы халықтың игілігін арттыру бағытында құрылған «ҚазАгро» ұлттық холдингінің жұмысын қайта талдауды тапсырды. Холдинг қаржыландыратын 672 жобаның 270-сі, яғни 40 пайызы – тиімсіз. Ондай масыл жобалар кімге керек? Үкімет мұның бәрін салқынқанды талдаудан өткізуге тиіс.
Еңбек құқығы ғана емес, ұлттық мүдде де қорғалуы керек - Мен Президент ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруды басты міндет ретінде белгіледім, - деді Қ.Тоқаев.


Бұл тұрғыда біршама істер қолға алынған. 1 маусымнан бастап жекелеген бюджет қызметкерлерінің, барлық медицина қызметкерлерінің жалақылары 30 пайызға өсірілді. Атаулы әлеуметтік көмектің шарапатын көрушілер баршылық. Тұрғындардың 50 пайызы медицина қызметіне көңілдері толатынын айтқан. Мемлекет білім және ғылым сапасын арттыруға күш салатын болады. Бұл жерде халықтың өз құқығын, әсіресе қандай медициналық көмекті тегін алуға болатынын білмейтіні көрінеді. Яғни ақпараттандыру жағы жеткіліксіз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру бойынша жұмысты арттыру керек.


Әлеуметтік атаулы көмек алу мәселесінде алаяқтыққа жол берілмейді. Бұған дейін кейбір өңірлерде тұрғындар мемлекеттен жәрдемақы алу үшін әртүрлі теріс әрекеттерге барып жатқаны айтылған болатын.


- Атаулы әлеуметтік көмек бойынша теріс пиғылды әрекеттер тұтас елге тарады. Жалған ажырасу, жұмыстан шығу, өз мүлкін басқаға жазу арқылы табысын азайтып көрсету, малын сойып тастау деп, жалғасып кете береді. Жобаны тиімсіз жүзеге асыру халықтың кей бөлігінің масылдық күйге түсуіне әкеп соқты. Бұл – біздің жұмысымыздың шалалығы», - деді Мемлекет басшысы. Үкімет шын мұқтаждарға ғана көмектесу үшін нақты әрі ашық процедуралар орнатуы қажет. Атаулы көмек бөлуді қатаң бақылауға алып, кез келген алаяқтық пен жемқорлықты қатаң жазалау керек. Үкімет пен әкімдер мұндай фактілердің алдын алып, АӘК төлемдерін әкімшіліктендіруді ретке келтіруі тиіс. Көмек атаулы түрде көрсетілуі қажет.


Президент қазақстандық жұмысшылардың құқығын сақтауды ескертті. Шетелдіктер секілді лайықты еңбекақы төленуі керек.


- Тағы бір мәселе. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Биыл 4 маусымда Атырау қаласында мен бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтауды тапсырдым. Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп, шешуді тапсырамын. Асқар Ұзақбайұлы, осы жағдайды егжей-тегжей зерттеңіз, соның ішінде жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақысына байланысты сараптама жасаңыз. Егер инвесторлармен жасалған келісімшарттарға өзгертулер енгізу қажет болса, бұл мәселені күн тәртібінде ұстау қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес, түсінемін. Дегенмен, бұл мәселені шешу қажет. Себебі, ұлттық мүдделерді қорғау – барлық мемлекеттік органдардың басты мақсаты! Сонымен қатар, қазақстандық мамандар мен жұмысшылардың тиісті біліктілікке ие болуына, олардың еңбек тәртібін сақтауына баса назар аудару қажет. Тіпті, біздің жұмысшыларымыз еңбек еткісі келмейді, тәртіп сақтамайды деген пікірлер жоқ емес, өкінішке қарай, деді Президент.


«Дайын асқа тік қасық» болу емес


Халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін тағы бір маңызды бағыт – тұрғын үй мәселесі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен пәтер алуға жылына 2 пайыздық өсіммен несие берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасы тиімділігін көрсетті. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 6 айда 5,7 млн. шаршы метр баспана салынды. Бұл ретте де бірыңғай саясат болуы керек, яғни салалық бағдарламалар біріктірілуі керек.


«Жастар жылында» игілікті алдымен жастар көру керек. Оларға да барынша мүмкіндік берілуі шарт. Бірақ олардың бойында «дайын асқа тік қасық» болу әдетін қалыптастырмауға тиіс.


Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа қызмет ету мәселесін қатаң ескертті. Бұл орайда басшылардың халыққа жақын болуы, өзара емін-еркін байланыс қалыптастырып, өтініш-тілектеріне жедел құлақ асу жолдарын жетілдіруді тапсырды. Ескі мәселелердің жаңа шешімдерін табу керек, реформалар жүргізу қажет.


Баяндама барысында Мемлекет басшысы ауыр жағдайда қалған Түркістан облысы Арыс қаласының жұртшылығына жаппай көмек көрсеткен ел халқына алғысын білдірді. Бүгінде оқиғаның мән-жайы тексерілуде, кінәлілер жазаға тартылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне әскери қоймаларды көшіру жұмыстарын шұғыл түрде бітіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, әскери ведомствоға бақылауды әлсіреткені және жарылысқа жол бергені үшін Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.


- Бүгінгі көтерілген мәселелердің барлығы аса маңызды. Үкімет пен әкімдердің жұмы-сының негізгі мақсаты – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамаларын одан әрі жалғастыру. Жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалар, ең алдымен, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс, - деді Үкіметте өткен жиынды қорытындылай келе Президент.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ