Ажары асқан Ақсу

Ақсу қаласы – елімізде ілгері дамып жатқан шағын шаһарлардың бірі.


60 жылға жуық тарихи бар қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл қуантады.

 

Жыл сайын жаңа тұрғын үйлер мен нысандар қолданысқа беріліп, өндіріс орындары қуаттылығын арттырып, агроөнеркәсіптік кешеннің аясы кеңеюде. Мұның барлығы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына оң әсерін беріп отыр.


Ақсу қаласының тарихы Екібастұз ауданында тас көмір кенішінің ашылуымен астасып жатыр. 1897 жылы Екібастұздан 109 шақырымдық теміржолдың құрылысы басталды. Дәл осы Воскресенск теміржолының аумағында қазіргі Ақсу қаласының қазығы қағылды. Жұмысшылар саз балшықтан, қамыстан және сабаннан үй салып, қоныстана бастады. Өткен ғасырдың басында Глинка деп аталатын қоныс пайда болды. Мұндағы халық саны біртіндеп артып, 1911 жылы 1 мың адамға жетті. 1913 жылы Глинка кенті Дала өлкесі губернаторының Жарлығы бойынша Ермак аталды. Ал 1961 жылғы 23 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ермак кентіне қала мәртебесі берілді. Еліміз тәуелсіздік алған соң, яғни 1993 жылы Ермак қаласының атауы Ақсу болып өзгерді.


Бүгінде шағын шаһар қарыштап дамып, қала мен оған қарасты ауылдық аймақтарға қоныстанушылар қатары артуда. Тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес саласы өркендеп келеді. Облысымыздағы алғашқы қант және крахмал зауыттары үшін Ақсу қаласындағы агроқалашықтың таңдалуы – соның бір дәлелі.


Бұл ретте Ақсудың ел және әлем деңгейінде жоғары жетістіктерге ие екенін де атап өтпеске болмас. Мәселен, 2015 жылы ақсулықтар «Достық» стадионында 4 тонна 254 келі картоптан 19 мың 254 порция фри дайындап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. 2016 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде Ақсу қаласы Қазақстандағы ауасы ең таза қала деп танылды.


Алдағы уақытта да шаһардың алар асуы мен бағындырар белесі биік болар деген сенім мол. Туған күніңмен, Ақсу!

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.