Сергектікті талап етті

Осы апта басында Баянауыл ұлттық табиғи паркіне қарасты орман алқабында өрт шықты. Таулы аймақтағы тілсіз жауды ауыздықтауға 150 адам мен 

30 техника жұмылдырылды. Облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Болат Бақауов жауапты органдарға қазіргідей күн аса ыстық кезеңде мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу қажет екенін ескертті.

 

Ұлттық парктегі күйік шалған таулы әрі орманды алқаптардың жалпы аумағы 40 гектарды құраған. Бұл туралы жиында Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов мәлімдеді. Өрт ошағын ауыздықтауға жергілікті орманшылар мен өрт сөндірушілер және Қалқаман мен Майқайың кентінен, Екібастұз қаласынан мамандар көмекке келген. Тіпті, Өскемен қаласынан арнайы тікұшақ ұшып келіп, өрт сөндіру жұмыстарына қатысуда.


Облыс әкімі Болат Бақауов таулы аймақтағы өрттің ерекшелігін әрі ондағы екпінді желдің әсерін есепке ала отырып, өртті жедел толық сөндіру, кезекшілік қою қажеттігі туралы тапсырма берді.


Аймақ басшысы сондай-ақ тыйым салынған жерлерде суға түсіп, тілсіз жаудың құрбаны болып жатқан адамдарға қатысты келеңсіз жайттарды да сынға алды. Бұл жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылардың немқұрайлы әрекеттерінің салдары деген түйін жасады.


- Суға түсу маусымы басталғалы облыста 17 адам суға батып кеткен, олардың жетеуі – бала. Тек өткен демалыс күндері екі ересек, 4 жасөспірім тілсіз жаудың құрбанына айналған, - деді қынжылыспен облыс әкімі. – Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан-қала әкімдері тұрғындар суға түсетін орындарды тексермеген. Бұған қоса түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Жағалауларда ең қуатты дауыс зорайтқыштарды пайдаланып азаматтарға суға түсудегі тәртіптерді ескертіп отырыңыздар.


Павлодардағы Усолка өзенінің құтқару станциясы маңында «Суға түсуге болмайды!» деген белгі тұрғанына қарамастан адамдар шомылып жүр. Ал төтенше жағдай мамандары оларға жайбарақат қарап қана отыр. Неге олар мұны көре тұра немқұрайлылық танытуда? Орталық жағалауда және «Ертіс» шаңғы базасының маңында да осындай келеңсіздіктер қалыптасқан. Тыйым белгілеріне қарамастан азаматтар емін-еркін суға түсіп жүр, ал оған ешкім көңіл аудармайды.


Болат Жұмабекұлы жергілікті жерлердегі жауапты басшылардан бұл мәселені өздерінің жеке бақылауына алуды талап етті.


М.ҚАПАНҰЛЫ.