Қияда қалған ән

Ертіс-Баян топырағынан түлеп ұшқан танымал тұлғалардың қатарында дәстүрлі әнші, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Жабай Тоғандықовтың тұруы заңдылық. Тірісінде ұлт өнерін өрге сүйреп, талай ұлы туындыларды дүниеге әкелген жерлесіміздің туғанына биыл 130 жыл толмақ. Өмірден өткен соң көп айтылмай, есімі ұмытылып қалған әншіні биылғы мерейлі датасына орай қайта еске алып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді жөн санадық.

 

Жабайдың жастық шағы

 

Жабай Нұржанұлы Тоғандықов - небір батырлар мен ақындарды, дүлдүлдер мен бұлбұлдарды дүниеге әкелген Баянауылдың төл перзенті. Ол 1889 жылы №9 ауылда, «Біржанкөлдің» жағасында дүниеге келген. Әкесі Нұржан етікші болған. Жабай әншінің балалық шағы бақыт құшағында өтті деуге келмейді. Әкесі мен шешесінен небары үш-төрт жасында ғана қалған ол есейіп, өз күнін өзі көргенше туыстарының босағасын жағалап өскен. Өзі жастайынан өнерге құштар болыпты. Ол бір жерде оқып, білім алуы арқылы әнші болған жоқ. Туа біткен табиғи таланты мен дарынының арқасында бүр жарып шығып, өзіне ғана тән қоңыр үнімен бүкіл қазақ даласын тәнті етті. Жасынан қара жұмысқа жегіліп, 14 жасында орыс көпестерінің жұмысына жалданса, 17 жасында Баянауылға келіп, құрылыста жұмыс істеген. Одан кейін Екібастұз зауытында балғашы болып және Ново-Николаевск қаласындағы Алтай темір жол құрылысында еңбек етті. 1916 жылы Екібастұз көмір шахтасына және Рига қаласына тыл жұмыстарына жіберілді. Ол жақтан 1917 жылы қашып шығып, Павлодар қаласына келген кезде қазақтың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанинмен жүздеседі. Әншінің дәстүрлі өнер әлеміне «сапары» осыдан басталса керек. Сол уақыттан бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өзін шыңдайды. Кейін режиссер Ж.Шаниннің ұсынысымен 1932 жылы Қарағанды радиокомитетіне жұмысқа орналасып, сонда 1970 жылға дейін жұмыс істеген. Жабай атамыз қазақ әншілерінің барлығымен жақсы қарым-қатынаста болыпты. Қазақтың біртуар тұлғалары – Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Қажымұқан, Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы, Күләш Байсейітовалардың көзін көріп, олармен сыйлас, сырлас болған екен. Сонымен қатар, дәстүрлі ән өнерінің серкелері Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Бісміллә Балабеков, Қали Байжановтармен үзеңгілес жүрді. Әншінің репертуарында жүзден астам қазақтың халық әндері мен күйлері болған. Сонымен қатар, кейінгі композиторлардың туындыларын да орындап жүріпті. Әсіресе, Жаяу Мұсаның әндерін ерекше сүйіп орындаған. 1934 жылы Алматы қаласында болған халық өнер қайраткерлерінің слетіне қатысып, «Үздік орындаушы» атағына ие болған. Бұдан басқа да көптеген наградалары бар. Әншінің дауысы қазақ радиосының алтын қорында сақталған. Ұрпақтары 2009 жылы туғанына 120 жыл толуына орай жеке дискісін жазып, елге таратыпты. Ал әншінің бүкіл өмір тарихына, өнердегі жетістігіне арналған белгілі жазушы Зейтін Ақышевтің «Жабай» деген кітабы бар. Жабай Тоғандықовтың әндерін алтын қорға сақтағандардың бірі – белгілі сазгер Ілия Жақанов. 1964 жылы әншіні Алматыға арнайы шақырып, 50-дей әнін таспаға түсіріп алған.

 

Әншінің жұлдызы қалай жанды?

Жабай Нұржанұлының өмірі мен өнеріне үлкен өзгеріс әкелген оқиға – 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі. Ол кезде мұндай айтулы жиында үлкен сахнаға шығып ән айтқанды былай қойып, көрермен болып барудың өзі үлкен мәртебе болған екен. Ол тұста Жабай Тоғандықов Қарағанды радиосында әнші болып жүрген. Өнер жолындағы жұлдызын жаққан осы үлкен оқиғаны өзі де ерекше тебіреніспен еске алыпты. Мұны Зейтін Ақышевтің «Жабай» кітабынан оқыдық. Осы сапар туралы естігеннен кейін Қали Байжанов екеуі бір-бірін жыл бұрын дайындаған екен. Тіпті, онкүндіктің концерттерінде қандай ән айтатындарына дейін анықтап қояды. Қали Байжанов бірде әнші Жабайға:


- Сен «Гауһартасты» айт. Соған дайындал. Оған сенің дауысың жетеді. Талай айттың, жақсы шығып жүр. Москва сахнасында айтсаң, бірқыдыру елді тамсандырасың. Тек өзіңе-өзің берік бол. Жүрексінбе, - деген кеңес береді. Қалекең өзі Жарылғапбердінің «Ардағына» дайындалған екен. Ал қазақ өнерпаздарының Мәскеудегі онкүндігіне барасыңдар деген қуанышты жаңалықты алғаш қалай естігенін және қалай жиналып, немен барғаны жөнінде Зейтін Ақышев былай суреттейді.


- 1935 жылдың аяқталып қалған кезі еді. Жаз шыға қазақ өнерпаздары тік көтеріле Москваға барып, концерт қояды деген хабар дүңк ете қалды.

Таңдаулылардың қатарына ілігуден әркімнің-ақ дәмесі бар. Қалекеңнің (Қали Байжанов) баруында сөз жоқ. Ол киім-кешек тіктіріп, басқа дайындықтарын жасап, жасы алпысты қусырып тастаса да, қутың-қутың етеді. Сәуір ортасында Алматыдан хабар келіпті. Қарағандыдан да біраз адам баратын болыпты. Соның ішінде Қарағанды радио комитетінің артистерінен Қали Байжанов, Жаңыл Қартабаева, Жабай Тоғандықов бар. Жүретін уақыт жақындап қалғанда бір күні Қарағандының көміршілер клубында Москваға жүретіндерді шығарып салуға арналған үлкен концерт болды. Соның алдында жас ақын О.Құлбаев Жабайға арнап «Осыны айтам» деген өлең шығарған. Оны Жабай жаттаған, бірнеше рет жолдастарының алдында айтып машықтанған. Қазақстанның әр түкпірінен Москваға баратын өнерпаздар Алматыға жиналды. Барлығы төрт жүзге тарта адам, — деп жазды.


Қазақ өнерпаздарының жұлдызын жаққан сол бір айтулы жиынның қалай дүркіреп өткенін және орыс халқы оларға қандай құрметпен қарағаны жөнінде әнші Жәкең бір естелігінде былай деп еске алады.


- Сол онкүндікте талай қызықтар көрдім. Солардың ішінде өмірбақи есімнен кетпейтін мынадай кезеңдер бар. Оның біріншісі — Күләш, Құрманбек, Қанабек, Манарбек сынды әншілермен бірге Москва театрының сахнасына шығу, - дейді. Ал өзі алдындағы ағаларының ақылы бойынша «Гауһартас» әнін орындаған екен. Жабай Тоғандықовтың бір ұлы және екі қызы болған. Ұлының есімі – Түсіп. Қазір сол жалғыз ұлынан тараған немерелері әншінің еңбегін насихаттап, есімін елімен қайта қауыштыруда.


- Атамыз көп сөйлемейтін тұйық адам еді. Бірақ, туыстарының ешқайсысымен байланысын үзбеді. Бір шыққанда барлығының үйіне барып, хал-жағдайларын сұрап қайтатын. Мен - атамның тәрбиесін көріп, шапанының етегіне оралып өскен баламын, кішкене кезімде жанында көп жүрдім, бірге ауыл араладым. Сонда маған: «Сен менің балам болма, елдің баласы бол» деген ақыл айтатын. Бала кезімізде оның мәнісін түсінбедік. Бірақ, кейін ойласам, осы бір ауыз сөзінің өзінде үлкен мән-мағына бар екен. Марқұм кесек тұлғалы адам еді. Бойының ұзындығы 2,17 метр болды. Әншілігімен қатар, алысқанды аттан аудармай қоймайтын палуандығы да бар. Атамыз 1978 жылы 90 жастан асқан шағында қайтыс болып, қазіргі Баянауыл ауданындағы Жаяу Мұса ауылына жерленген, - дейді немересі Тілеуқабыл Тоғандықов.

 

«Біржанкөлге» көңіл бөлінбек

Жабай Тоғандықовтың немересі Тілеуқабыл Түсіпұлы атасы туралы естеліктермен бөлісті. Тілеуқабыл аға да - елге еңбегі сіңген белгілі адам, білікті нейрохирург дәрігер. Талай жыл Алматыда бас дәрігер болып жұмыс істеген. Ұрпақтарының ендігі арманы – атасының туған жері – «Біржанкөлді» қайта түлетіп, туристік аймаққа айналдыру. Содан кейін әнші туған ауданнан және облыс орталығынан бір көше атын беру.


- «Біржанкөл» ауылы қазір қатты жүдеп тұр. Оны қайта қалпына келтірудің өзі осы жерде өсіп-өнген ата-бабаларымызға көрсеткен үлкен құрмет деп есептеймін. Бұл көлдің жағасында елге танымал талай мықты тұлғалар өмірге келген. Мысалы, жоңғарлармен шайқаста ерлік көрсеткен Жауғашты батыр, Дәулет батыр. Кейінгілерге тоқталсақ, қазақтың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин, академик Серікбай Бейсенбаев, белгілі қоғам қайраткерлері - Сұлтан Сәрсенбаев, Ахмет Сүлейменов және біздің аталарымыз. Кезінде бұл жайлауға көз алартпаған жан болмады. Өзі де көрген көзді тамсандырар табиғаттың тамашасы, баққан малың мыңғырып шыға келер жер шұрайы ғой. Әсіресе, казактар тарапынан көп қауіп төнген. Тіпті, ақ патшаның атамандары неше түрлі қарумен келіп қорқытып, осы жерді өздерінің меншігіне алғысы келіпті. «Егер көл жағасын бізге босатып бермесеңдер қару қолданамыз. Біздің қолымызда биліктің рұқсаты бар» деген сыңайлы әңгімемен қорқытады. Бірақ, сонда мекен еткен қозғандардың ауызбірлігінің арқасында жерімізді аман сақтап қалды. Әсіресе, атамның туған ағасы Тоғандықов Біржан көп ерлік көрсеткен. Жан-жақтан қазақтарды жинап, патшаның «қол-аяқтарының» бетін қайтарыпты. Тіпті, Кеңес өкіметі орнағанға дейін өзі иелік етіп тұрды. Содан кейін халықтың қалауы бойынша көлге атамыздың аты беріліп, «Біржанкөл» деп аталып кетті.

 

Әйтпесе, бұрынғы атауы «Құржыкөл» болған. Міне, мұндай қадамға олар өздері үшін емес, бүгінгі ұрпағы – біз үшін барды. Өкінішке қарай, жылдар жылжып, уақыт сырғып өткен сайын «Біржан көлдің» маңайы сирей бастады. Әлі есімде, жоғары оқу орнында оқып жүрген 1962-63-ші жылдары ауылға келеміз ғой. Сонда төбеге шығып көл жағалауындағы үйлерді санайтын едік, шамамен 40-тай үй отыратын еді. Ал қазір ше? Қазір оның бірі де жоқ. Елдің бәрі қалаға көшіп кеткен. Тұп-тұнық болып толқып жататын бұрынғы «Біржан көл» жоқ. Суы ластанған және таязданып, тартылып барады, - дейді Тілеуқабыл Тоғандықов.


Әншінің ұрпақтары ата-бабалары мекендеген «Біржан көлді» қайта қалпына келтіру жұмысын биыл бастап кетпекші. Алдымен қоғамдық қор құрып, халықты құлақтандырмақ. Содан кейін алыстан келетін туристер үшін қонақ үй салып, сол өңірде туып-өскен тұлғалардың өмірі мен тарихын қамтитын мұражай ашу жоспарда бар. Егер осы қолға алынып жатқан жұмыстардың барлығы сәтімен жүзеге асар болса, болашақта мұнда үлкен туристік, спорттық және мәдени-сауық кешені пайда болуы әбден мүмкін.

 

Тілеуберді САХАБА