Жұлдызды шілде

Шілде айы облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтары үшін нағыз жұлдызды кезең болып тұр. Ертістің жағасындағы бас сахнада әр аптаның сенбісінде есімі елімізге танылған өнер иелері, әрісі дүниені дүбірлеткен әншілер ән салып, көпті тәнті етуде. Павлодар қаласының күніне орай өтетін думанды мереке де мазмұнды әрі қызықты болады, дейді ұйымдастырушылар.


Осы жұма-сенбіде бас сахнада шаһар күніне орай өнер көрсететіндердің қатарында отандық және әлемдік жұлдыздар бар. Алдымен жұма күні кешкі сағат 19.00-де бас сахнада қазақстандық «The Jigits» тобының және ресейлік жеке орындаушы Burito-ның өнерлеріне куә боламыз. Ал сенбідегі концерттік бағдарлама одан да ерекше. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Бақыт Анисованың сөзіне сүйенсек, румыниялық музыкалық топ «Morandi» алғаш рет Павлодарда ән салады. Қазақстандық танымал әншілер Қайрат Баекенов пен Дастан Оразбеков те бұл мерекеде көпке қуаныш сыйлайды делініп отыр. Отандық бірқатар жұлдыздар мен әйгілі топтардың орындауындағы «Сен», «Арулар», «Бәйтерек», «Айнам-ай», «Махаббат» секілді әсем әндердің авторы Қайратты бүгінде көпшілік «Формат» тобының ұйымдастырушысы, шабыттандырушысы ретінде жақсы білетіні рас. Оның әншілік қыры, дауыс диапозаны да өнер тарландары тарапынан лайықты бағасын алған. Бұл күні «Формат» тобы мүшелерін де концерттен көре аламыз. Ал кезінде «Орда» тобы арқылы танылған Дастан Оразбековтің әндерін жастар жағы сүйіп тыңдайтыны мәлім. Сондықтан бұл кештің айрықша әсерге толы болатынына дау жоқ.


Евродэнс стилінде ән салатын румыниялық «Morandi» тобы өздерін халықаралық деңгейде мойындатқан әншілер ұжымынан құралған. Биыл құрылғанына 15 жыл толды. Осы уақыт ішінде өнер ұжымы 13 сингл шығарып, олары әлем бойынша табысты түрде таралған. «Angels» деп аталатын сингл мәселен Ресейде 14 мың көшірмемен сатылыпты. Топ үш мәрте MTV Music Awards халықаралық сыйлығымен марапатталған.


Атап өтерлігі, шілде айының соңғы сенбісінде де Ертіс жағасы дүбірге толы өтеді. Бұл күні «Ertis Promenade» сахнасында Қазақстан мен Ресейдің танымал диджейлері DJ Патти, DJ Poza, DJ Fara, электронды музыкант әрі продюсер Леонид Руденко және тағы басқалары өнер көрсетпек.


Қызыққа толы думанды кештерден құр қалмаңыз!

 

Мұрат АЯҒАНОВ