Сириядағы Сергелдең

(Діни адасушылықпен шетел асып қайтқан әйелдің хикаясы)


Бүгінде Ислам діні үшін «жиһад» жасаймыз, соғысып жәннатқа кіреміз деген жалған ұранмен шетел асып, Сириядағы лаңкестік оқиғаларға араласқан отандастарымыздың саны көп. Өкінішке қарай, ондай азаматтар біздің өңірден де аттанған. Білімсіздіктің салдарынан отағасына еріп өзге мемлекетте опық жеген жанның бірі - павлодарлық келіншек - Толғанай. Өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен бақытты басқа жақтан іздеген жанның тағдырын назарларыңызға ұсынамыз.

 

- ...Біз лагерьде қамауда болдық. Апталап тамақ ішпеген кездеріміз де болды. Бір ұрттам қара суға зар болып, бір үзім нан таба алмай, өсімдік тектес шөптерді, мал жейтін кебекті талғажау еткен кездерді де бастан кешірдік. Айналасы 6 жылдың ішінде не көрмедім. Мына маңдай тауға да, тасқа да тиді. Ажал келмесе, пенде өлмейді екен... Бәрін басынан бастап баяндайын...


2009 жылы Қарағандыдағы білім ордаларының біріне оқуға түстім. Тобымда оқитын бір жігітпен араласа келе, әңгімеміз жарасып, таныстығымыз махаббатқа ұласты. Көп кешікпей отау тіктік. Ол намаз оқитын, ислам дінін ұстанған азамат еді. Тұрмысқа шыққан соң мен де намазға жығылып, хиджап киіп, дінге бет бұрдым. Ата-анам да қызымыз иманды, салиқалы жігітпен тұрмыс құрды, бағы ашылды деп мәре-сәре күй кешті. Ол кезде теріс діни ағым туралы ой менің өңім түгілі түсіме де кірмеген екен. Алла жолымен жүретін адал азамат таптым деп қуанып жүрдім. Біз отбасымызбен исламға бет бұрған жанұялармен жақсы қарым-қатынаста болдық. Күндер зулап өтіп жатты. Көзді ашып-жұмғанша оқудың соңғы жылына да жеттік. Әлі есімде, оқу жылының ортасында дипломдық жұмыс жазуға кірістім. Бір күні күйеуімнің екі досы үйге келді. Жүрістері суыт секілді. Олар Алла разылығы үшін, Ислам дінінің болашағы жолында шетел асып, Сирияға кетіп бара жатқандарын айтты. Жолдастарының жағдайына қанық болған күйеуім: «Достарым өзге жерде Ислам мемлекетін құру жолында бастарын бәйгеге тігіп жатқанда мен неге үйде қол қусырып отыруым керек? Бірге барамын!» деп аяқасты шешім қабылдап, олармен ілесіп кете барды. Екі баламды бағып, осында қалдым. Күйеуіммен интернет арқылы байланысып тұрдық. Ол жаңа мекенінде нағыз өмір бар екендігін, Ислам халифатын құру жолында шейіт болған адамда арман болмайтынын үнемі айтатын. Хабарласқан сайын менің Сирияға келуімді сұрады. Шешім қабылдай алмай ұзақ уақыт ойланып жүрдім.

 

Ол жаққа баруыма ата-анам үзілді-кесілді қарсы болды. Арада жылдан астам уақыт өткенде жолдасым артынан іздеп бармасам, талақ айтып мені тастап кететіндігін айтты. Ақыры дегеніне жетті. 2014 жылы шілде айында Сирияға бардым. Басында барлығы да жақсы болды. Біз қаладағы оңаша аумаққа орналастық. Ол жердегі арабтар бізбен жақсы қарым-қатынас жасады. Соғыс алыс қиырда болды. Ұрыста жауынгерлер жиі жеңіске жетіп, нағыз ислам мемлекетінде өмір сүріп жатқандай күй кештік. Бірақ бәрі уақытша екен. 2017 жылы біздің әскерилер жеңіліске ұшырай бастады. Билік басындағы арабтардың шынайы бет-бейнесі сол кезден бастап айқындала түсті. 2017 жылдың желтоқсан айында жолдасым оққа ұшты. Қарсыластар біз тұрған аумақты жиі шабуылға алатын. Тіпті, үйлердің төбесінен бомбалар түсіп, талай адам құрбан болды. Осы кезде көшіп-қону басталды. Азып-тозып, аштыққа ұшырадық. Арабтар өздеріне жақсы жағдай жасады. Қарындары тоқ, көйлектері көк болды. Ал басқа өңірлерден келгендердің (мұхаджерлер) жағдайы мүшкіл еді.

 

Жолдасым қайтыс болған соң 1 жылдан кейін екінші мәрте тұрмыс құруға мәжбүр болдым. Себебі, ол жақтағы талап сондай. Жолдасың қайтыс болса, басқа адамға тұрмысқа шығуға міндеттісің. Кез келген еркектің 3-ші немесе 4-ші әйелі болуыңыз ғажап емес. Оны сол жердегі діндарлар әйел адам ерінің ырыздығын алғанда ғана жәннатқа барады деп түсіндіреді. Мен соғыста отбасынан айырылып, өзі жарақат алған өзге ұлт өкілімен екінші рет тұрмыс құрдым. Бірақ некеміз көпке созылған жоқ. Ұзамай ол да ауыр жарақаттан қайтыс болды. Біз үнемі жесірлер бір үйде тұрдық. Тұрмыстың тауқыметі уақыт өткен сайын арта түсті. Елге қайтуға жол іздедік. Бірақ бәрі де кеш еді. Барса-келмес сапарда екенімізді сонда ғана түсінгендей болдық. Аяғыңызды аңдап баспасаңыз, жасырылған миналардан әп-сәтте құрбан болуыңыз мүмкін. Қылдың үстінде, қылыштың жүзінде күн кештік қой. Қашуға ниеттенген әйелдер мен балалар түрмеге тоғытылып, ерлер ату жазасына кесілді. Ислам шариғатындағы кейбір хадистердің өңін айналдырып пайдаланған жоғарыдағылар жәннатқа кіру үшін адамдарды өз-өзін жарып жіберуге үгіттеді. Бұл сөзге ерген кейбір адамдар өздеріне қол жұмсады. Бізге: «Ата-аналарыңды тастаңдар, хабарласпаңдар, олар сендерге ешкім де емес. Себебі сендер шынайы мұсылмансыңдар!» - деп үгіттейтін. 2019 жылы мүлдем далада қалдық. Зу етіп қасыңнан өткен оққа, жарылған миналар мен снарядтарға да етіңіз үйрене бастайды екен. Барар жер, басар тау қалмады. Осы кезде ғана ата-анамызға қайтадан хабарласуға мәжбүр болдық. Олардан ақша сұрап, көмектесулерін өтіндік. Бауыр еті – балаларына олар шамалары келгенше жәрдемдесті. Біз ақырында күрдтердің лагерін паналадық.

 

Бұл жерде аяқ-қолдары жоқ, қараусыздықтан жарақаттары құрттап, иістеніп кеткен адамдар көп еді. Ішер ас, киер киім болмаған соң балаларымыз да жиі ауыратын. Көптеген адамдардың сәбилерінің аштық пен аурудан көз алдымызда шетінегенін көзімізбен көрдік. Сирияға барғалы балаларымыздың ешқайсысы білім алған жоқ. 12-13 жасқа толғанда ұл балаларға арнайы оқу-жаттығу жиындары жүргізіледі. Оларға әскерилер қолдарына қару алып, автомат атуды, соғысуды үйретті. Жасөспірімдердің арасында да өз-өздерін жарып жібергендері болды. Менің бір балам үлкендермен бірге жүрген сәтінде үстіне бомба түсіп, шейіт болды. Осылай әуре-сарсаңға түсіп, төзіміміз таусылған сәтте бір үміт пайда болған еді. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Жусан» операциясы болатын. Операция негізінде бізге отандастарымыз қол ұшын берді. Елге «Жусан - 3» операциясы арқылы аман-есен жеттік. Биылғы жылдың мамыр айында еліміздің Батыс Қазақстан облысы Ақтау қаласына келгенімізде қатты толқыдық. Өзге елде адасып, Отанынан безген бізді туған еліміз қабылдай қояр ма екен? - деген сауал өзегімізді өртеді. Бірақ бәрі ойдағыдай болды. Туған елімізге аман-есен табан тіреп, 1 ай бойы Ақтау қаласында оңалту курсынан өттік. Мұнда бізге арнайы дайындалған психологтар мен теологтар дәріс берді.

 

Әрқайсымызбен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, атыс-шабыс, оқ пен оттың арасында күн кешкен балаларымыздың үрейленген көздеріне мейірім нұрын төгіп, бейбіт өмірдің күлкісін сыйлады. Оңалту курсы аяқталғанға дейін өз-өзімізге келе алмай жүрдік. Павлодарға келген соң ата-анамның аяғына жығылып кешірім сұрадым. Менің намаз оқып, хиджап кигенімнен ата-анам мен туыстарым үрейленеді. Олардікі дұрыс қой. Мейірім мен ізгілікке толы Ислам дінін әке-шешем мен ет жақындарыма, айналама қатігез, мейірімсіз дін етіп көрсеткенім үшін Алладан кешірім сұраймын. Иә, шынымен де діни білімсіздіктің салдарынан үлкен қателік жасадым. Оны мойындаймын. Туған Отанымдағы бейбіт өмірді тастап, бақытты басқа жақтан іздедім. Мұның барлығы үлкен қателік екендігін кеш болса да түсіндім. Сириядағы сергелдеңге толы сәттерім үшін қатты өкінемін. Ондай зұлматты шақтарды дұшпаныма да тілемес едім. Өкініштісі, жалған діни ағымдардың жетегіне еріп, сол жаққа баруға ниетті адамдар елімізде әлі де бар деп естимін. Оларға айтарым - ол жаққа бармаңыздар! Бақыт басқа жақта емес, отбасында, сенің туған Отаныңда! Біз «Жусан» операциясымен елге оралар сәтте ол жақта әлемнің әр түкпірінен келген мұсылмандардың бізге қызығушылықпен қарап: «Мемлекетіміз бізді де мына зұлматтан құтқарып алса ғой» деген аянышты дауыстарын әлі күнге ұмыта алмай жүрмін.

 

Дәулет ЗӘКӘРИЯНОВ, облыстық дін істері басқармасының басшысы:

 

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Жусан» операциясы көптеген отандасымыздың өмірін құтқарды. ТМД елдері арасында Қазақстанның жерлестеріне бірінші болып қол ұшын бергендігін айта кеткен жөн. Бүгінге дейін Сирияға асқандар арасынан 524 адам осы операцияның негізінде елге әкелінген. Олардың 30-ы - ер, 137-сі - әйел, 357- сі бала. «Жусан – 1», «Жусан - 2» операцияларында біздің өңірдің азаматтары болған жоқ. Ал «Жусан - 3» операциясында Павлодар облысынан 13 адам (1 ер, 3 әйел, 9 бала) елге аман-есен жеткізілді. Келген ер адам аяғынан ауыр жарақат алған. Ол бүгінде Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынды. Әйелі сол жақта қаза тапқан екен. 4 жастағы ұлы бар. Азаматтың терроризм мен экстремизмге қатысы бар екендігі анықталса, ҚР заңнамасы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Біз келушілердің ата-аналарымен, туған-туыстарымен кездестік. Олар адасып келген жақындарын қабылдауға дайын екендерін айтты. Өкініштісі, елімізден Сирияға қанша азамат аттанғанын, олардың нешеуі сол жақта қаза тапқанын тап басып айту қиын. Себебі, адасушы азаматтардың барлығы құпия түрде шекара асады ғой. Қырғызстан немесе Ресейді басып өтіп, соңында Түркия арқылы көздеген межелеріне жетеді.


Қоғамда бейбіт күнде адасқандар туралы әртүрлі пікірлер бар. Кейбіреулердің Отанын тастап, қару ұстап өзге елге кеткендерді мүлдем қабылдағылары келмейді. Бірақ біз - зайырлы мемлекетпіз.


Біздің өңірге тиесілі балалардың көбі сол жақта туған. Бүгінде олардың барлығы да дәрігердің бақылауына алынды. Сонымен қатар балалардың ешқайсысында құжат жоқ. Құжаттарын рәсімдеу үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде. Адасқан азаматтарды ортаға бейімдеп, жұмыспен қамту, алаңсыз өмір сүрулері үшін барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Осындай жөнсіз әрекеттердің алдын алу үшін облыс бойынша аудандар мен қалаларда 14 ақпараттық түсіндірме топ жұмыс жасауда. Олардың құрамында мемлекеттік органдардың басшылары, жергілікті мешіт имамдары мен дінтану пәнінің мұғалімдері бар. Өзге өңірлерге қарағанда жат ағымдардың құрсауында шекара асқандар саны бізде аз. Бірақ қауіп жоқ деп қол қусырып отыра алмаймыз. Осы бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсуіміз керек.

 

Жалған ағымның жетегіне ерген кейіпкеріміздің тағдыры міне осындай. Толғанай секілді қаншама адасушы ай мен күннің аманында туған жерін бір көруге зар болып, ажал аузында күн кешуде. Әлем бойынша сан мыңдаған адамдардың сүйегі бейбіт күндегі соғыс алаңында қалды. Жуырда облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде Сириядан келген әйелдермен кездесу өтті. Мақсат - оларды айыптау емес, теріс діни ағымға шырмалып, басқа жерден батпандай бақ іздейтіндердің жолын кесу. Лаңкестіктің алдын алу. Кездесуде өз өмірлерінен сыр шерткен жерлестеріміз Толғанай мен Әсемнің айтуға ауыз, тыңдауға құлақ бармайтын әңгімелерін естіп, зайырлы мемлекетіміздегі бейбітшілік пен тыныштыққа шүкіршілік еттік. Бақыт та, байлық та өз Отанымызда екенін ұмытпайық.

 

Алпысбай ХОНЖ