Дәуіріне үн қосқан

«...найзағайға нан пісіріп жатқан алмағайып уақытта» халқының тәуелсіздігін мұрат тұтып, ойымен де, сөзімен, шығармашылығымен де ағысқа қарсы тұрған қазақ қаламгерлері аз болмады ана заманда. Олардың қатарында жерлесіміз, қазақ поэзиясының «бозторғайы» атанған Сәбит Дөнентаев та бар еді. Ол өз дәуірінің тіршілік кілтипандарын әр алуан жанрда қаламымен дәйектей білді, қоғам сыры мен сипатын, әр қилы қайшылықтарды бейнеледі.

 

Биыл - Сәбит Дөнентаевтың туғанына 125 жыл. Осыған байланысты қаламгердің шығармашылығы хақында филология ғылымының докторы Сейфитдин Сүтжановпен әңгімелескен едік.


Сейфитдин СҮТЖАНОВ:


- Қазақ елі Тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында талай асулардан өтіп, келелі кеңестер өткізіп, белгілі бел-белестерді артқа тастады. Осы тұста халқымыздың рухани толып-толысуы тұрғысында көптеген іс-шаралар өткізілді және әлі де өткізілу үстінде. Сонау 16-ғасырда Керей, Жәнібек сұлтандардың бастауымен өз алдына жеке отау тігіп, хандық құрған кезеңінен бері бірігіп тұтасқан не бодандыққа түскен күйініш пен сүйінішке толы алмағайып, небір зұлмат замандарды бастан кешкен халқымыздың тарих-талайын да, қиын-қыстау тағдырын да танып-білудеміз. Әсіресе, өткен ғасырлар өртеңінде, аумалы-төкпелі кезеңде күн кешкен Алаш арыстарын ақтауға, істерін жақтауға жан салып кірісудеміз. Әрине, сол тұсқа ұлт зиялылары «заманына қарай амалын» жасап, халқының хал-ахуалын жақсарту қамымен «бас кетсе де, тартынбас» қарекет қылды. Өйткені олардың алдында «Хакім Абай» бастаған сара жол жатты. Олар ұстазы Абайша ұлағат айтып, «қараңғы қазақтың көгін» жарқыратып, жұлдыздай жанды, айдай аспандады. Солардың бірі, тіпті бірегейі – бүгінгі күні туғанына 125 жыл толған, жан-жақты талант иесі, сатира жанрының саңлағы – Дөнентайдың Сәбиті. Бұған дәлел болар дәйектемені ақынның төл туындысынан да, аудармасынан да табарымыз хақ. Сөз басында Сәбиттің өмірбаянына тоқталып өткен жөн болар...


Ақын-демократ, қаламгер, мұғалім-ағартушы, қоғам қайраткері Сәбит Дөнентаев 1894 жылы Семей облысының Павлодар уезiнiң Ақсу болысында туған. Руы - Арғын ішінде Бәсентиін. Әкесі Дөнентай кедей болса да, зерделі кісі еді. Баласының сауатын ашып, хат таныту негізінде көп еңбектенеді. Сәбит алғаш Қасым қажы дегеннің медресесінде оқиды. Өз бетінше оқып, орысша хат таниды. Медреседе жүргенде-ақ Абай, Ғабдолла Тоқай шығармаларымен танысып, соларға еліктеп алғашқы өлеңдерін жаза бастайды. Медресені бітірген соң, ауылда мұғалім болады. 1916 жылығы патша жарлығымен «бұратана» аталатын халықтардың жігіттері майданға алынды. Солардың арасында Сәбит те болған. Алдымен Екібастұздың көмір қазатын руднигінде болып, кейін Рига қаласының өңірінде окоп, ор (траншея) қазған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін туған жеріне қайтты. Ақпан төңкерісін қолдап басқа Алаш азаматтарымен ұлт-азаттық қозғалысына қосылып, қазақ халқына автономия беруіне, халқының өмір деңгейін көтеруіне, өзгеріс пен дамуына шақырады. Семейде мұғалімдер семинариясында оқиды. Сол кезде Семей қазақтың ұлттық қозғалысының мәдени, саяси, рухани орталығына айналған еді, Алаш қаласы деп аталды. Ал семинария зиялы азаматтар оқып бітірген білім ордасы саналды. Мұнда Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтер оқыған, кейін семинарияда Шәкен Айманов білім алады.


Кеңес үкіметі орнаған соң, Сәбит Дөнентаев жаңа үкіметті қолдайды, ол қазақ халқының жағдайын жақсартады, жесір-жетімдердің қамын ойлайды деп сенді. Мектептерде мұғалім болып жұмыс істейді, үгіт-насихат жасайды, сауатсыздардың көзін ашады. Оңдай ағартушылар сол кезде керек еді. Баянауылда сотта жұмыс істеді. Кейін орнына Қаныш Сәтбаев келді. Қалың малға тыйым салу, әйелдердің тең құқықтары үшін күреске үлес қосты. Сәбит Дөнентаев -
қаламгерлігімен қоса, аудармашы, журналист ретінде де жақсы танылған адам. Ол 1923 жылдан бастап, Семейдің «Қазақ тілі» газетінде қызмет етті. Сол кезде шығып тұрған қазақ газеттерінде түрлі тақырыптағы мақала, очерк, қоғамдағы түйткілдерді түйреген мақалалары жарық көріп тұрды. С.Дөнентаев қазақ әліпбиінің латын әрпінен құрастырылғанын құптап, бағалады.


Өкінішке қарай, ауыр тұрмыс салдарынан денсаулығы бірте-бірте нашарлайды. Ол сонда да өзі ұнатқан мамандығын, қаламын тастаған жоқ. Өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысты. Кітабын жарыққа шығарғысы келді. Алайда, халық ағарту жұмысының алдыңғы қатарында жүрген Сәбит Дөнентаев 1933 жылы 23 мамырда Семей қаласында қайтыс болды. Сол қалада жерленді.


Әйелі Қорлығайын Қожақызы Мәннәнбай байдың немересі еді. Сәбиттің әкесі Дөнентай өмір бойы сол байдың малын баққан екен. Оның немере қызын қалыңмалсыз алған деседі. Баласы Мақсұт 1922 жылы қызылшадан қайтыс болған. Ал қызы - Сәулет 1924 жылы Павлодар облысының Құркөл ауылында туған. Қысқаша баяндағанда Сәбиттің өмірбаяны осылай өріледі...


Сая МОЛДАЙЫП:


- Жақсы, рақмет! Жалпы, Сәбит Дөнентаевтың өткен ғасырдағы қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқаны, қоғам ағысы мен сапырылысқан салқар өмірін табиғи тұрғыдан айшықтай білгені анық. Осы тақырыпқа тоқталсаңыз...


С.С.: - Иә, Сәбит Дөнентайұлы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тақырып ауқымы, жанрлық сипаты және көркемдік деңгейі тұрғысынан өсіп, өркендеуіне айтулы үлес қосты. Сөйте тұра, оның шығармашылығы толыққанды күйінде насихатталып, зерттелген жоқ. Оған себеп - Дөнентайұлының «байшыл, ұлтшыл әдебиет» өкілі атануы, соған орай туындылары тосқауылға душар болуы еді. Тіпті елуінші жылдардың жылымық кезінде де идеологияға сәйкес келмегендіктен, оның шығармалары толық жарық көрмей, оқулық пен хрестоматиялардан алынып тасталды не көбі қысқартылды. Ал бұл шығармаларды Сәбиттің ұлттық идеяға негіздеп, халықтық сипатта жазғандығы анық еді. Сәбит ұлтының ұланы, дәуірінің дауылпазы ретінде сол тұстағы халқының қамына қынжылып, қаракеттерін кейде сынап, кейде әжуалап та отырды. Әрине, онысы болашаққа терең бойлағандықтан, туындаған өткір мысқылы, өртеңде өткен өмірдің өкініші екені анық.


Ресей аймағында бұратана халықтар саналып келген түркі ұлыстары өткен ғасыр басында төңкерістер әсерінен түлеп, тіршіліктерін түзей бастады.
Керекулік перзенттің қалам қарымынан туындаған шығармалар 1915 жылы туысқан халық астанасы –Уфа қаласында жарық көрді де, екінші кітабы қайтыс болғаннан кейін, яғни 1935 жылы ғана баспа бетін көрді. Ақынның қос жинағы да, жүрекжарды таза ниетіне орай, басқаның шапағаты, көмегі арқасында басылып шықты. Тұңғыш топтамасы өз кезінің көзі ашық, көкірегі ояу азаматы Қасым қажының тікелей қаржылай көмегімен жарық көрді. Ал өзі көзі тірісінде жинап, қаттаған шығармаларын жинақ етіп шығарушы әдебиетші Р.Жаманқұлов (1935 жылы) болатын. Одан кейін С.Дөнентаевтың туындылары 1950 жылы («Өлеңдер» атты шағын жинағы), 1957-1958 жылдары жарық көрді. Араға жылдар салып, тек 1989 жылы ғана ғалым Б.Кенжебаевтың аманатын арқалаған Қ.Ергөбековтің құрастыруымен ақынның туындылары «Бозторғай» деген атпен кітап болып шықты.


С.М.: - Дей тұрғанмен, қаламгердің шығармашылығы терең зерттелмегені аңғарылады. Тіпті советтік дәуірді жырлады деп айып таққандар да болды. Бұл пікір әлі де айтылып қалып жүр. Бұған не дер едіңіз?


С.С.: - Ғасыр басындағы әдебиеттің көрнекті өкілі, сатирик ақын, публицист, аудармашы С.Дөнентаев туралы байыпты зерттеулер жүргізген Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Б.Ысқақов сынды ғалым-әдебиетшілер болды. Олар Сәбит шығармашылығын дәуірлеуде бірізділік, ұшқарылық байқатты. Әрине, бұл кеңестік идеология салқынының әсері екені рас. Мәселен, ғалым Е.Ысмайылов ақын шығармаларын екі дәуірге бөліп қарастырса (1912-1918; 1918-1933), әдебиет тарихының білгірі Б.Кенжебаев үшке бөлді, бірінші - 1913-1917 ж.ж ағартушылық демократтық бағыты; екіншісі - 1917-1920 ж.ж ұлтшылдық бағыты және үшіншісі - 1924-1933 жылдар советтік идея бағыты. Ал «Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы» атты монография жазушы Балташ Ысқақов та осы дәуірлеуден дараланбай, аумалы-төкпелі заманға орай, аталмыш ақынның шығармашылық жолы түрлі бағытта дамығанын дәлелдеуге тырысқан.
С.М.: - Ал бүгінгі күннің биігінен қарастырсақ ше...


С.С.: - Бүгінгі күн тұрғысынан ой топшылап, тәуелсіз ел мінбесінен сөйлер болсақ, Дөнентаев творчествосын басқаша, яғни 1913-24 жылдар, 1924-1933 жылдар деп екіге бөліп қарастырған жөн. Олай дейтініміз, Сәбит Совет «шындығына» сенімдікпен қарап, 1924 жылға дейін азаттық-ағартушылық бағыт ұстанып келді. Тек одан кейін ғана Кеңестің «кереметін» айтып, жазуға ден қойды. Әлбетте, тума талант, қарымды қаламгерлер өз дәуірінің тынысын танып, үн қоса білмек. Сәбит те замана сазын дөп басып, айта білді. Шоқан, Ыбырай, Абай дәстүрлерін жалғастырушы өз тұрғыластары секілді ол да халқына қалам қарымымен қызмет қылуға шама-шарқынша шағынды. Мысалы, «Замандастар» өлеңінде:


Қызмет көрсет халқыңа,
Игі іс қалсын артыңа.
Діндесіңді бауыр тұт,
Қарамай қазақ, сартына.
Аз нәрсеге мас болып,
«Мен пәлен» деп шалқыма.
Пайдалы басқа өнерден,
Ұлт керегі дегеннен.
Жан қиналып жолында,


Бас кетсе де тартынба, - деп, ұлт мүддесін үлпектеген ұлы істі ұлағат етеді. Мұнысы таза азаматтық-ағартушылық бағыт екені айқын. Халқының бұғаудағы бабын, құлдықтағы қамын қабырғасы қайыса ойлаған «Алаш ардақтылары», түгел түркілік түлектер іспетті Дөнентайұлы азаттыққа апаратын бірден-бір жол ағартушылық деп түсінді.


С.М.: - «Игі іс қалсын артыңда...», «Ұлт керегі дегеннен, Жан қиналып жолында, Бас кетсе де тартынба» деген жолдары бүгінгі күннің ұлт руханиятын меңзеп тұрғандай.


С.С.: - Әрине. Ақын шығармашылығының өміршеңдігі де осында ғой. Бажайлап қарасақ, сол тұста тіл, дін, діл бірлігін ұсынып, түркі халықтарының тұтастығына негізделген концепция Сәбит шығармашылығында да сабақтастық тауып жатты. Оны «халқын өрге сүйреген» елінің ертеңіне елеңдеуші «Қазақтың білгендеріне» арнауынан байқау қиын емес:


Оңсын милләт десеңіз,
Алалықты сүймеңдер.
Түзу жетсін мақсатқа,


Арттарыңнан жүргендер, - деген жолдарда «Алаш ұранды әдебиеттің» алға қойған позициясы жатыр. Осы негіздегі шығармалары – «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», «Бостандық», «Алаштың алғашқы құрбандарына», «Ризамыз» деген сияқты туындыларынан аңғаруға болар. Жалпы, Сәбит шығармаларында сол тұстағы қазақ халқының қоғамдық-саяси, шаруашылық, мәдени-ағартушылық мәселелері көтеріліп, қанаудағы елдің ауыр хал-ахуалы, тұрмыс жайы сөз болды. Сөйтіп ескі қоғамдық құрылыс, отарлау саясаты сыналды. Бұны «Заман кімдікі», «Қайда кеткен?», «Қиялым», «Бірлік», «Биік тау», «Менің жайым», «Бозторғай», т.б өлеңдерінен байқау қиын емес.


Сонымен қатар, әйел теңсіздігі, жер-су, оқу-ағарту, мәдениет сияқты әлеуметтік мәселелер де Сәбит назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе, әлеуметтік теңсіздіктің өзекті мәселесі – әйел теңсіздігі сол кезең қалам-герлерінің басты тақырыбына айналды. Ақынның «Ерікті Айша», «Жәмила қыз», «Әйелдер мейрамына», т.б. шығармалары осы тақырыпты арқау етті. Сөйте тұра, бұл мәселені ақын Сәбит Дөнентаев өз творчествосының үзілмес тақырыбына айналдырды, бірде монолог, бірде диалог, бірде кейіпкер мұңы, келесісінде кейіпкер шаттығы формасында жырлау арқылы қазақ даласын ескілік шырмауы матаған әлеуметтік мәселелерді қозғай білді. Шынында да, «Жәмила қыз» бен «Ерікті Айша» жырларының тақырыбы бір болғанмен, бейнелеу формасы әртүрлі, бірінде:
Жәмиласы зарлап жүр,


Көзден жасы парлап жүр, – деп, қалың малға сатылған қазақ қызының аянышты күйі суреттелсе, екіншісінде:


Ерікті Айша,
Толған Айша
Жарқылда да жарық бол!
Басқа Айшалар
Сендер де бар,


Күңдіктен шық, қарық бол! – дегендей, жаңа заман жыршысы ретінде әйел бостандығы жырға қосылды. Сайып келгенде, Сәбит таза азаттық-ағартушылық бағыт ұстанды. Оның ойынша, қараңғы халықтың бойына оқу-білім ұрығын себу арқылы прогреске шақыру басты да, ұлттық та мақсаты болуы тиіс. Бұл отаршылдық бұғауында болған түркі жұртының текті ұлдары түгел талап еткен ұлы сұранымы, уақыт талабы еді. Екі ғасыр ширегінде өмір сүріп (бірі ерте, бірі кеш – С.С), жұртының жыртығын жамап, өрісін кеңейтпек болған түркі түлектері: татар Насыри, Маржани, Гаспралы, әзербайжан Ахундов, өзбек Бехбуди, қазақ Ыбырай, Абайлар өздерінен кейінгіге жол салды, мұнара орнатты. «Алдыңғы толқын ағалар» салған сара жол қазақ Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, татар Ғ.Ибрагимов, А.Тоқай, башқұрт Ш.Бабич, өзбек Фитрат, Чолпан, Авлони секілді дәстүр жалғастырушы жалынды жыршыларды азабы мол тартысқа, айқайы көп көкпарға салды.


С.М.: - Сәбит Дөнентаев шығарма-шылығының тағы бір қыры - аудармашы-лығы, содан болар, туындыларында шет жұрт әдебиетінің сарынын аңғаруға болады. Бұл жайында не айтар едіңіз?


С.С.: - Сәбит - Такташ, Дәрдименд, Шайхызада Бабич сияқты көрнекті ақын-жазушылар шығармашылығымен жақсы таныс болды. Тіпті Ғабдолла Тоқайдың «Рамазан айында Ібілістің шайтандарына айтқаны» дейтін мысал өлеңін аударып, қазақ оқырмандарына табысады.


Оның мысал өлеңдерінің сюжет, мотив, идеяларынан шығыс-түркі классикалық әдебиет үлгілерімен үндестігі сезіледі. Мұны ақын шығармашылығын біршама терең зерттеген Балқаш Ысқақов та атап көрсетеді: «Сәбит Шығыстың классикалық әдебиетінің үлгі-өнегелік, гуманистік, адамгершілік жақтарын алады да, оны өзінің творчестволық елегінен өткізіп қорытты» дей келе, ақынның «Бір көлдегі үш балық», «Бит пен бүрге», «Көзі тоймаған ит», «Екі теке», «Ауырған арыстан», «Ұры мен баласы», т.б. мысал шығармаларының түп тамыры көне үнді классикалық туындыларында жатыр дегенге саяды. Мәселен, «Ұры мен баласы» атты мысал өлеңінде имани қасиет уағыздалып:


«Апырмау, о кім, балам, қашан көрді?


Қай жермен жүріп, қайда, қалай келді?»


Жас бала сол уақытта әкесіне:


«Ол - бізді көріп тұрған Құдай» – деді. Ақын Құдайдың барын растау арқылы адамдарды гуманизмге шақырды. Мысал өлеңге тән сипат - айтар ой-түйінді астарлап, тұспалдап жеткізу болса, Сәбит бұл тәсілді шебер меңгергенін байқатады. Мысалы: «Қожа» шығармасында бір қожаның күлкілі қылығын баяндай келіп, төмендегідей түйінді пікір жасайды:


Зор ғибрат, мұнда мағына болмаса да,
Әншейін бір күлкі үшін жазғым келді.
Алайда біздің жұртты араласақ,

Табарсыз Қожа сынды талай ерді, - дейді.


Сол уақыттағы білімсіздік пен қырсыз-дықтан туындайтын қараңғы халық арасында жиі кездесетін аңсар, ақымақ қылықтар сатирик ақынның өткір тілімен, уытты қаламымен өрнектеліп берілген. Бұл – Сәбиттің айрықша аталуға тиіс шығармашылық қыры десек болады. Оның «Көркем қызға», «Жәмилә қыз», «Әйелдер мейрамына», «Мен зынданда», «Ерікті Айша», «Әйелдердің онжылдық тойына» деп аталатын өлеңдерінде әлеуметтік мәселе бірде диалог, бірде монолог, бірде қыз мұңы түрінде беріледі. Сондай-ақ, «Шілде», «Жарық ағаш», «Бірінші май», «Жазғытұры жар басында», «Күздің сыры», «Май туады» деген өлеңдерінде табиғат көрінісін фон ретінде алып, адам өмірі жайында толғанады.


Ақынның балаларға арнаған өлеңдерінің өзі бір төбе. Мұны екі бағытта қарастырсақ, бірі тікелей балалар әдебиетіне жататын туындылар болса, екінші бір тобында бала көзқарасымен қарай отырып, үлкен әлеуметтік мәселе көтереді. Осы орайда «Балалық», «Балалықты сағыну», «Ұры мен баласы» сынды өлеңдерін атап өтуге болады. Мысал өлеңдеріне тоқталар болсақ, татар классигі Ғабдолла Тоқайдан біршама туынды аударған. «Рамазан айында» деген сатиралық өлеңі мен «Калила мен Дамнадан» тәржіма жасаған, «Бір көлдегі үш балық», «Бит пен бүрге» мысалдары еркін аударманың озық үлгісіне жатады. Мысал өлеңдерінің сипаты да өзгеше. «Ібілістің шайтандарына айтатыны», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», «Көктөбетке», «Сұңқар мен қарғалар», «Бозторғай», «У жеген қасқырға», тағы да басқа туындылары - мысал жанрына кеп құйылған қомақты үлес. Ақын мысал өлеңдерінде жан–жануарларды мысал етіп алады да, солардың іс–әрекеті арқылы қоғамдағы ашкөздік, аярлық, жағымпаздық, қаскөйлік, жалқаулық, парақорлық сияқты жағымсыз қасиеттерді өткір сынға алып, халықты еңбекке, бірлікке шақырады. Мысал өлеңдеріндегі осындай ерекшеліктерге байланысты оларды үлкен де, кіші де оқиды.


Сәбит Дөнентаевтың публицистикалық мақалаларында негізінен ел тұрмысындағы өзгерістер, адам психологиясындағы жаңалық, әлеуметтік теңсіздік және өнер тақырыбы, кедейлердің қатарға қосылуы, уақыт, заман туралы толғаныс, тағы басқа мәселелер сөз болды.


С.М.: - Қазақ әдебиетінің «бозторғайы» атанған ақынның өлеңдері, балаларға арналған туындылары өміршең, өйткені өмірдің өзінен алынған әрі баланың тез жаттап алуына, жадында сақтауына, жаманнан жиреніп, жақсыдан үлгі алуына бағытталған. Ендеше, қаламгер шығармаларының балалар, жастар арасында насихатталуы қай деңгейде деп ойлайсыз?


С.С.: - Қаламгердің шығармашылығы хақында кезінде М.Әуезов, Ә.Жиреншин, Ы.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев сынды әдебиет сыншылары мен ғалымдары тұшымды, тұжырымды пікірлер айтты. Өз кезінде, кейінгі уақытта ақын шығармалары орта мектептердегі ана тілі, әдебиет пәні және жоғары оқу орындарының оқулықтарына енгізілді. Алайда, кейінгі жылдары азайды, оқулықтарда бірен-сараны ғана бар. Ұстаз әрі ғалым Т.Кәкішев ағамыз, С.Дөнентаевтың 110 жылдық мерейтойы кезінде ақын шығармашылығы жан-жақты әрі толыққанды жете зерттелмей жүргені жайында сөз еткен болатын. Осы мәселені жұртшылық болып көтерген дұрыс.


Түйіндей айтқанда, С.Дөнентаев өзі өмір сүрген қоғамның саяси-әлеуметтік қатпарын жиі сезініп, халқының қажетін өтеу, сұранысын екшеу тұрғысында қалам қарымын аямады. Бұл тұрғыда ол қазақтың бай ауыз әдебиетімен ғана шектелмей, Абай, Дәрдменд, Тоқай сынды классиктердің шығармашылығынан да нәр алды. Соларға еліктеп алғашқы туындыларын жазды. Сәбит ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тақырыптық, жанрлық, идеялық тұрғыда өркендеуінде ерекше үлес қосып, әсіресе, сатира саласының дамуына айтарлықтай еңбек етті. Бұл салада оның ежелгі және жаңа шығыс-түркі поэзиясынан сусындап, үлгі алғаны аңғарылады. Сөйтіп, дәуір талабына орай түркі түлектерімен, Алаш азаматтарымен бірлестік тапқанын анық аңғарамыз.


С.М.: - Әңгімеңізге рақмет!

 

ТҮЙІН:

Иә, қай заманда, қай дәуірде болмасын суреткер өз уақытының, өзі өмір сүрген қоғамның үні болмағы хақ. Адам табиғаты, қоғам табиғаты, үндестіктер мен қайшылықтар Сәбит Дөнентаевтың көркемдік әлемінде – кейіпкерлер галереясында анық көрініс табады. Бүгінгі күннің кейіпкерін сынап отырғандай.


Дөнентаев шығармашылығының өміршеңдігі де осы!

 

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.