«Айтыстың Қара нары» 70-те

Ақтоғай ауданында «Мәдениет саласының үздігі», «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы», «айтыстың Қара нары» атанған Бейсенбі Мұқажанұлының 70 жасқа толуына орай «Елім деп соққан жүрегі» атты шығармашылық кеші өтті.


Бейсенбі Мұқажанұлының еңбек жолы сол кездегі көп жастар сияқты колхоздың қойын бағудан басталған. Алайда, бойына біткен өнер мен ерекше қабілеттің арқасында шығармашылыққа ойысып, қырық жылға жуық уақыт мәдениет саласында еңбек етті. Отыз жеті мүшел жасында алғаш жыр додасына шығып, жеңімпаз атанған ақынның жеңісті жолы еліміздің әр өңірінде өткен республикалық, халықаралық ақындар айтысында жалғасын тапты. Атап айтқанда, алдыңғы аға буын, белгілі жерлестеріміз Естай мен Қимадиденнің ұйқасты сөз өнерін сабақтап, еліміздің Семей, Көкшетау, Петропавл, Тараз, Алматы, Ақтау, Ақмола, Павлодар қалаларында өткен республикалық жыр додаларында, сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясының Омбы облысындағы халықаралық айтыста өңіріміздің намысын абыроймен қорғады. Сол айтыстарда өзінің суырып салма ақындығы, орындаушылық шеберлігімен танылып, халықтың ыстық ықыласына бөленді, «айтыстың Қара нары» атанды.


Бойына біткен ақындық өнерді келер ұрпаққа үйрету мақсатында, аудан көлемінде қабілетті жастарды іздеп тауып, «Жас ақындар» мектебін ұйымдастырды. Бейсенбі Мұқажанұлы еліміз егемендік алған 1991 жылдан бастап күні бүгінге дейін аудандық мәдениет үйінде қызмет істейді. Аудан, облыс көлемінде өтетін бұқаралық-мәдени іс-шараларға, өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысады. Еңбек жолындағы жетістіктері ескеріліп, аудан, облыс, респуб-
лика деңгейінде түрлі марапаттарға да ие болды. Бүгінгі күні ол– «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

 

Ақынның шығармашылық кешінің ашылу салтанатында Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Ағыбай Әмірин аймақ басшысы Болат Жұмабекұлының арнайы құттықтауын жеткізіп, ақын иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің, Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновтың құттықтаулары мен сый-сыяпаттары табыс етілді.


Шара барысында өткен ғасырдың 70-80- жылдарында ақын шаңырағында құрылған отбасылық ансамбль қайта жанданып, көрермендерді өнерімен тәнті етті. Ата жолын жалғаған немересі Мәншүк арнау айтып, жырдан шашу шашты. Шара барысында ақын шығармашылығына, естеліктеріне негізделген әдемі сұхбат өріліп, облыстық «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі, белгілі айтыскер Асығат Тұрғанбек бастаған ақындардың тартымды сөз қағысымен, жергілікті өнерпаздардың әсем әнімен жалғасты.


Өз тілшіміз.