«Ұлы тойдан ұлағат із қалады», тойда ақын жерлестері дабыра думаннан гөрі алқалы отырыс, келелі кеңеске көбірек көңіл аударып, Дөнентаев есімін жаңғыртып, ғалымдарымыз шығармашылығы хақынан сөз қозғады, өлшем-пішімін таразылады.

Бұл жиынға Сәбит Дөнентаевтың қызы Сәулеттің баласы Жарқын Дайрабаев отбасымен және Дөнентай ұрпақтары келді. Сексенінші жылдардың соңына қарай Ақсуда (бұрынғы Ермак кезінде) басшы қызметте болған, сол кезден бастап қаламгер есімін жаңғырту ісіне қомақты үлес қосқан Ақсу қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Қуат Есімханов, Ресей Федерациясы Алтай өлкесіндегі Байғамұт орта мектебінің директоры Сапарбек Маусымбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов қатысты.

Ақсу жұрты алыс-жақыннан келген қонақтарды қазақы ақжарма салт-дәстүрмен әр ауыл жасау–жабдығымен киіз үй тігіп, дастарқан жайып қарсы алды. Көрмелер ұйымдастырыпты, күш сынасқан балуандар сайысы, ат жарыс, ән-жыр, концерт, т.б. қызықтар той салтанатын арттырды.

Мерейтой «Дархан даланың дарыны» атты ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев құттықтау сөз сөйлеп, тойға келген қонақтар мен көпшілікке ақ тілегін айтты.

Қуат Есімханов қаламгердің шығарма-шылығы жайлы айта келіп:

- Кезінде Сәбит атамыздың есімін жаңғырту мақсатында ел болып бірқатар істер атқардық. 1989 жылы 100 жылдық мерейтойында Құркөл мектебіне Сәбит Дөнентаевтың есімі берілді, еңбектерін жарыққа шығардық, бюстін қойдық. «Сарыарқа самалы» газеті мәселе көтеріп, Семейдегі зираты қалпына келтірілді, туған жеріне белгітас орнатылды, - дей келе, С.Дөнентаевтың замандас қаламдастары жайлы сөз қозғады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің қазақ тілі және журналистика кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнуллина конференция тізгінін қолға алып, С.Дөнентаев жайлы баяндама жасады, келелі сөз қозғап, қаламгер шығармашылығы туралы әңгімеледі.

- Сәбит Дөнентаев - сатира жанрында айрықша тұлғаланған талант. Қазақ әдебиетіндегі фельетон, сықақ, әзіл-қалжың, мысал жанрының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Кейін оны жинақтап, «Аузы қисық» атты атаумен баспаға Алматыға апарып берген екен, бірақ, өкінішке қарай, баспадан шықпай қалған. Ол білікті аудармашы болды, еркін аударманың озық үлгісін жасады. Ақын мысал өлеңдері арқылы қоғамдағы ашкөздік, аярлық, жағымпаздық, қаскөйлік, парақорлық сияқты жағымсыз қасиеттерді өткір сынға алды.

Конференцияда сөз алған филология ғылымының докторы, профессор, мәшһүртанушы Айтмұхаммет Тұрышев қаламгер шығармашылығының көркемдік табиғатына тоқталды.

- Бір айғақ – Сәбит Дөнентаев туындыларының өміршең екендігі. Бір айғақ – Сәбит Дөнентаев – реалист, демократ ақын екендігі. Ол халықты оқып-білім алуға шақырды. Қалың бұқараның мүддесін көздеді, азаттық, еркіндік, әділ өмірді көкседі. Қай өлеңін, қай шығармасын алып қарасақ та, бүгінгі күннің мәселесін қозғап тұр.

Расында да, олай жазбаса, көрсетпесе, ақын ақын болар ма?! Немістің ойшыл ақыны Гете бір жазбасында: «Егер жұмыр жердің қиян бір шетінде титтей сызат білінсе, ол сөз жоқ. Ақын жүрегі арқылы өтеді...» депті. Сәбит Дөнентаев та өз заманының жаршысы бола білді, ақиқатты айтты, сөз қаруын қолданды.

Алтай өлкесі Байғамұт ауылынан келген ұлтжанды азамат, Ақсу өңірінің тумасы, РФ Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Титов сыйлығының лауреаты Сапарбек Маусымбаев та келелі ойларын айтып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Ресей жеріндегі қазақтар жайлы сөз қозғады.

- Әкем - осы ауылдың тумасы. Сондықтан осы жерде туып-өскен Сәбит ақын маған да жақын, мақтаныш етемін. Заманында Байғабыл Жылқыбаев атамыз Байғамұтқа келіп, сахнада өнер көрсететін. Бұл өңір - Сәбит, Байғабыл секілді тарихи адамдар шыққан киелі өңір, - деді. Айта кетейік, ұлтжанды азамат Сапарбек Шайхымұлы Байғамұт ауылындағы ат төбеліндей ғана қазақтар үшін қазақ мектебін сақтап отыр, «Сарыарқа самалы» газетін Ресейдегі Славгород, Бурла, Құлынды, Михайловка қала, аудандарындағы қандастарға таратады.

Құркөл ауылдық округінің әкімі болған, еңбек ардагері, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Қаршыға Шаяхметов те қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы ойын айтып, өлеңін оқып берді. Айта кетерлік бір мәселе, осыдан бес жыл бұрын ақынның 120 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясында Павлодардағы ақын, жазушылардың басын қосып, С.Дөнентаев туралы дөңгелек үстел өткіздік. Сол кездегі Павлодар педагогикалық институтының (бүгінгі ПМПУ) ректоры Нұрғали Аршабеков қаламгер шығармаларының жарыққа шықпай қалған немесе ертеде жарияланғандарын іріктеп, кітап етіп шығару туралы ұсынымызды қолдады. Айтқандай, осы оқу орнының Е.Бекмаханов атындағы ғылыми-библиографиялық кітапханасының төрағасы Қарлығаш Төлеубаева Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы мен Абай қорық-мұражайында болып, тарихи деректер, мәліметтер, фотосуреттер әкелді. Бұл еңбектер жинақ болып басылып шықты. Дегенмен, бір ғана дана болғандықтан көпшілікке тарай қойған жоқ. Қаламгердің 125 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференцияда жасалған баяндамалар және жоғарыда сөз болған жинақты да енгізіп, жыл соңына дейін кітап етіп шығару туралы көпшіліктің ұсынысын Ақсу әкімі Балғабай Ыбыраев қолдады. Бәрекелді! Егер жүзеге аса қалса, бұл қаламгер туындыларын бүгінгі ұрпаққа таныстыруда ақсулықтар атқарған қомақты іс боларына дау жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, «ұлы тойдан із қалдыру» деген осы болмақ.

Тойға жиналған қауым бұл күні басқа да игілікті істердің куәсі болдық. Ақынның жиені Жарқын Дайрабаев пен әкім Балғабай Ыбыраев бастаған жұртшылық мектеп алдындағы ақын бюстіне гүл шоқтарын қойды. Оқушылар өлеңдерін оқыды. Тағы бір игі жаңалық С.Дөнентаев атындағы орта мектепте осы білім ордасының мұғалімі Қорлан Сүйіндікованың жетекшілігімен ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған мұражай ашылды. Мерейтой қаз–қатар тігілген киіз үйлер төріндегі салтанатты сахнада жалғасты. Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының артистері «Ұрпағыма айтарым» атты Сәбит Дөнентаев өмірінен сахналық көріністер көрсетті, өлеңдері оқылды. Белгілі айтыс ақыны Қуанышбек Шарманов ақынға «Арнау» айтты:

Жасынан айналған ел ағасына,

Бірінің-бірі жеткен бағасына.

Жиырмасыншы ғасырдың алыптары-ай,

Сыймай кеткен қазақтың

кең даласына.

Соның бірі ұрпағы Дөнентайдың,

Сәбит қой салған жолы дара, сірә..., - деп той мерейін асқақтатқан ақын жігітке ел риза болды.

С.Дөнентаевтың 125 жылдығына орай қала әкімі Балғабай Ыбыраев бір топ азаматтарды, мәдениет қызметкерлерін, мұғалімдерді марапаттады. Ресейден келген қандасымыз С.Маусымбаевқа шекаралас достықтың белгісі ретінде киіз үй жабдықтарын табыс етті.

Екібастұздық әнші Жәнібек Мәліков, павлодарлық Нұржан Сарқамбаев, И.Байзақов атындағы облыстық филармония, ақсулық өнерпаздардың өнерін көпшілік биік сахнадан тамашалады. Ұлттық спорт түрлері де тартысты өтті. Той көркі - аламан бәйге мен теңге алу ұйымдастырылды.

Қорыта келгенде, Сәбит Дөнентаевтың туғанына 125 жыл мерейтойын ақсулықтар мәнді, маңызды ұйымдастырды. «Сәбит Дөнентаев» атты ақын өлеңдерінің жинағын да шығарып, таратты. «Бір кем дүние» деп Шерхан жазушы айтқандай, «әттеген-ай» деген өкініш көңіл сыздатты. Павлодарлық үлкенді-кішілі қаламгерлер, осы ауылдан шыққан басқа да әр саланың белгілі азаматтары Сәбит тойында төбе көрсеткен жоқ. Бәйге тігіліп, мүшәйра, айтыс ұйымдастырылғанда тайлы-таяғы қалмай баратын ақындар осы тойдың мәртебесін көтерулері тиіс-ақ еді.

Бүгінгі, ертеңгі ұрпақ, бар қазақ жадынан жаңылмаса игі! Әдебиетіміздің туы жығылмасын, сол туды биіктетіп кеткен Сәбит сынды әдебиет алыптары халықпен бірге жасай берсін деп тілейік!

 

Сая МОЛДАЙЫП

Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz