Өз еліміздегі белгілі тұлғалардан бастап, шет жұрттардағы әр салада қызмет ететін адамдардың өзі Абай өлеңдерін жаттап, эстафетаны бірден-бірге беруде. Қазақтың даңқы өрлеуде! Абай есімі жаңғыруда! Ақынның 175 жылдық мерейтойы да соған лайық болу керек. Бір қуанарлығы, бұл шара ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ ұйымы аясында да тойлау қарастырылған.

Иә, әр тараптан ағылатын жұрт Жидебайға барады. Өскенбай, Құнанбай әулеті жерленген қорымдар мен Абай, Шәкәрім кесенесіне тәу етеді. Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей үйін, Жидебайдағы Абай үйін аралайды. Жолдағы Күшікбай асуына тоқтайды, тарихымен танысады, Еңлік-Кебек зиратына тәу етеді, «Көп жасамай, көк орған, Жазасы үлкен жас өлім» деген Абай сөздері жазылған онда.

Осыдан төрт жыл бұрын «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы «Абайдың жолымен» Жидебайды аралап, ақын туған жерді, өскен елді көріп, тарихи жәдігерлермен танысып қайтқан едік. Алған әсер ұшан-теңіз. Күшікбай асуы, Еңлік-Кебек тығылған таулар, қос ғашықтың зираты, ақын туған Сырт Қасқабұлақ, Құнанбай әулетінің қорымы, Бөрілі... Сонда көңілде бір «әттегене-ай» кеткен-ді. Семейден Күшікбай асуы одан Жидебайға дейінгі қасқа жолдың кедір-бұдыры, жол бойында аяқ суытарлық бір орынның болмағаны, сайын дала, гулеген жел... Жол бойына ең болмағанда Абай ақынның Қара сөздері мен ғақлиятынан, өлеңдерінен үзінділер жазылып қойса ғой деп армандаған еді біздің патша көңіл журналистер. Сырт Қасқабұлақ, Ақшоқыдағы Құнанбай зиратына барар жолдағы қою шаң... Жидебайдағы алыстан келген жолаушыларға көрсетілетін қызмет, жатын үйдің ахуалы нашар еді. Енді, міне, бұл мәселелер мерейтой қарсаңында жөнге келмек. Қазір мемлекеттік комиссия құрылыпты. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылған «Абай - Шәкәрім» кешеніне жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің директоры Жандос Әубәкірдің айтуына қарағанда, тойға әзірлікке 200 миллион қаражат қарастырылуда. Осы қорыққа Абай рухына тағзым етіп келетін келетін меймандарға, шет елдік туристерге жағдай жасау, Абай музейін халықаралық дәрежедегі заманауи музейге айналдыру бағытында да бірқатар іс-шаралар жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта Қарауыл-Семей тасжолына 2 миллиард 487 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары жасалған. Абай ауданындағы Кеңгірбай би ауылында мәдениет үйі салыныпты. Мәдениет және спорт министрлігі Жидебайдағы Абай музей-үйіндегі мол мұраны үш тілдегі аудиогид, мультимедиялық қондырғылар арқылы балалар мен жастарға, шетелдік қонақтар назарына жаңаша ұсынуды жоспарлап отыр.

Бір сөзбен айтқанда, ақын Абай дүниеге келген тарихи мекендердің инфрақұрылымы жаңарып, асфальт жол салынып, Жидебай жақ заманауи талаптарға сай болмақ. Жақсы-ақ!

Өткен жылы Жидебай жаққа 100 мыңға жуық турист барса, биылғы шілде айына дейін ғана 50 мыңнан астам адам ақынның атамекенін тамашалаған. Ал келесі жылы туристер саны бірнеше есеге өсетіні даусыз. Жидебайға келгендер арасында Германияның немістері де бар екен. Олар Абай мен Гетені қатар қойып, Гетенің өлеңдерін жатқа оқыпты. Абай аудармасын тыңдап тамсаныпты. Соның бірі «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі, әні жайлы бірер сөз жазсақ...

Қараңғы түнде тау қалғып...

Вольфганг Гете! «Жолаушының түнгі жыры»! Төрт тармақты екі шумақтан құралған теңдессіз туынды! Мұны орыстың, қазақтың ақындары аударғанынан бейхабар жапондар неміс тілінен өз тілдеріне аударыпты. Бұл өткен ғасырдың басы екен. Жапон тіліндегі «Жолаушының түнгі жырын» француз өз тіліне аударыпты. Бірақ сәтсіз, өте сәтсіз шыққан деседі. Гете - алып ақын, дау жоқ, Лермонтов - өрелі ақын, дау жоқ. Ал Абай, қазақтың Абайы - Данышпан ақын. Әйтпесе, «Жолаушының түнгі жыры» аудармасымен, әнімен өзімізді былай қойғанда, жат жұрттықтарды тәнті етпес еді. 1780 жылдың күзінде Кикельхан шыңына жаяулап сапарға шыққан Вольф-ганг ақын шың әлде биік тау етегіндегі аңшы үйінің қабырғасына қарындашпен небәрі сегіз жол өлең жазады. Бұл «Жолаушының түнгі жыры» болатын. Осыдан 60 жыл өткен соң Лермонтов бұл өлеңді неміс тілінен тікелей аударған. Арада 52 жыл өткенде Лермонтовтан («Из Гете») Абай аударыпты. Әнін жазды, домбырамен күмбірлетті. Музыка зерттеушілері «Қараңғы түнде тау қалғып»-тың 3 нұсқасы бар дейді. «Қараңғы түнде тау қалғып» - Абай ақын аудармаларының шоқтығы биік озық туындысы. Бұл - лирикалы-философиялық миниатюра! Табиғат сыры пен адам қарекеті, тынымсыз тіршілік, өмір ағысынан шаршаған адам жанының тыныштық аңсаған сәтін Гете тамыршыдай тап басса, Лермонтов еркіндеу аударып, түпнұсқадағы философиялық ой-түйінін табиғи қалпында қалдырған, дейді әдебиетшілер. Миниатюрасы немістікі болғанмен, орыс табиғатына лайық. Ал Абай аудармасында қазақтың бейнесі, ой-пайымы, табиғаты тұр. Жидебай жақ... бейуақта мұнартқан Шыңғыстау бөктері, тау төбесіне күміс сырғадай ілініп қалған сұлу Ай, жусан, қараған, тобылғы иісі, әуп-әуп үрген иттердің дауысы, шырылдаған шегіртке үні - бір ансамбль! Тұтас! Түн тыныштығын тербетіп тұр. «Қараңғы түнде тау қалғып тұр». Ай астында көгілдірленіп, сайын далада жүзген ақ кемедей Абай, Шәкәрім кесенелері ағараңдайды.

Осы «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін, әнін білмейтін қазақ жоқ. Бұл өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланған екен.

Ақындар үндестігі

Үш кезеңде, үш жұртта, үш түрлі дәстүрде ғұмыр кешкен үш ақын! Аралары 52-60 жылдан. Яғни, өлең ғасырдан ғасырға жеткен. Міне, осы үш алып ақын 1984 жылы Қарауылда «бас қосты». Осы жерде неміс Гете, орыс Лермонтов, қазақ Абайға мәрмәр тақтадан ескерткіш қойылды, үш ақынның бейнесі мен үш тілдегі «Қараңғы түнде тау қалғып»-тың сөздері Гетеден «Über allen Gipfeln Ist Ruh...» деп басталып, Лермонтовта «Горные вершины Спят во тьме ночной», Абайда «Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап...» деп тасқа қашалып жазылды.

1979 жылы баянауылдық жерлесіміз, белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев неміс қаласы Габельбахтағы Гетенің музейіне Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі қашалып жазылған мәрмәр тақтаны және әнші М.Көшкінбаев домбырамен орындаған әннің магнит таспасын сыйға тартты. Бұл әнді алғаш өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында Латиф Хамиди нотаға түсірген екен. «Қараңғы түнде тау қалғып...» әні ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әндерімен сарындас, өлеңнің сөздері мен ән гармониялық үйлесім тапқан, саф алтындай құйылып түскен. Содан да болар, жүрекке жылы, құлаққа жағымды, сырлы, әуенді.

Сол жолы... Жидебайға сапарлағанда күзгі мөлдір кеш еді. Біз Абай әкімдігінің шақыруымен аудан орталығына бардық, әйгілі «Қаламқас» ансамблі арнайы концерт қойды. Сосын Жидебайға келдік. Бейуақыт еді. Аспан мөлдір қаракөк еді. Аспан төсінде Ай ілініп тұрды, қасында мең секілді жарық жұлдыз.

Қыздар ән сызылтты «Желсіз түнде жарық ай...», «Қараңғы түнде тау қалғып...». Шәкәрім ақын! Шәкәрім ақынның «Қайра, қайғысыз, қамсыз күндерім, Сайран, сауықты рақат түндерім, Сендерден не пайда?!..».

Қазақтың қос ұлы ақыны! Феномендер! Ортасынан оза туған кемел ойлы Абай! Шәкәрімді өзі тәрбиелеген. Меккеге, Францияға жіберген, о жақтың кітапханасын ақтарған. Лев Толстоймен хат жазысқан. Сонау Жидебайда жатып.

Сөзден жүйе, әннен кие кеткен шақта Абайды іздеймін...

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz