Күні кеше ғана ортамызда айтар әңгімесінінің әзілі мен қалжыңы көбірек Бақыт Баймұратов ағамыздың өмірден өтер кезегі келген екен. Біздің ортамызда «Қызыл туда» («Сарыарқа самалында») қаламдас ағаларымыздың бірі болған, үзенгілес қызмет атқарған Нәсіполла Есімов Бақытпен ауылдас, ғұрыптас екенін танытып: «Қараңдаршы, ағаларыңның шашының бір талы ағармағаны былай тұрсын, бетіне бір сызық-әжім түспеген. Қараңдар да тұрыңдар, осы тынбайтын күлкісімен бұл әлі жүз жасайтындардың қатарында болады», - дейтін. Қаттырақ айтылса да, әзіл екенін түсініп, «құрдастардың қазақша шымшыма ойыны осылай болуы керек», - деп біз де еріксіз езу тартатынбыз. Әзіл әзілімен қалды. Бақыт ағамыз Алла жазған уақытында дүниеден өтті.

Зымыран уақыттың қайда асығып бара жатқанын қайдан білейік. Уақыт шіркіннің редакциямыздың «планерка-жиналыс» өткізетін залында қаздай тізіліп, иық тіресе отыратын ағаларымызды ақырын ғана бір-бірлеп қайтпас дүниеге алып кетіп жататынын мойындамасқа уәж бар ма? Мен «Сарыарқа самалының» түлегі ретінде республикалық «Халық кеңесі» газетінің Павлодар облысы бойынша тілшісі қызметіне ауысқанда алыс ауылға өткендей сезінгем. Бірақ, қайда болсақ та, ұшқан ұямыздан алшақ шықпадық. Бірде көз үйренген редакцияға келсем, ұзын коридорда біреудің әлденеге ренжіген қатаң дауысы естіледі. «Мынау кім?» деген сауалыма бір жас жігіттеріміздің бірі: «Бақыт ағамыз ғой» деп іле жауап берді. Ағамыз айналадағыны байқаған жоқ, сол бұрқыраған күйі жоғары қарай өтіп кетті. Ағамыздың газеттің жауапты хатшысы қызметінде жүрген кезі еді. Қарамағындағы қыздардың бірінің қызметіне көңілі толмай, буырқанып келеді екен. Қашанда ақжарқын жүретін ағамыздың осындай қатаң мінезділік көрсететінін бұрын байқамаппын. Ойланып қалдым. Өз ісіне жауапты адам осындай мінез танытады. Біреулер тапсырған жұмысты дұрыс орындамағанда да мінезін бір өзгертпей, сол күлкімен қарсы алса, іс алға жылжымас еді ғой. «Бір уақыт мінезділік танытқаны да жөн екен» деп түйіндеп, ағама риза болып қалдым.

Менің редакцияға алғаш әдеби қызметкер болып келіп, тырнақалды материалдарымды қабылдаған аға- мызбен зейнеткерлікке шыққан жылдарына дейін қызметтес болдық. Міне, осы жылдарда адамдармен қатынаста тек ақжарқын мінезін көрдім. Жоғарыда атап өткендей, нақты іске келгенде мінезділік көрсетуден тартынбасын да байқадық.

Тағы бірде қолында диктофоны бар, көрші кабинетте отыратын маған жүгіре келді.

- Тыңдашы, аудандағы бір механизатордың сөзін жазып алған едім. Тап мына тұсы түсініксіздеу естіліп тұр, - деп диктофонды қосты. Механизатор ағайындардың айтары белгілі ғой. Сөз арасында өрескел сөздер де кетіп жатыр.

- Ой, аға, олардың айтқанда-рының арасынан қайбір татымды сөз шығады дейсіз. Ұшқыр қаламы-ңыздың ұшымен басып белінен түзеп жібермейсіз бе? - деймін мен.

- Бәлкім, айтар сөздері әдемі болмас. Бірақ көптен көкейінде жүрген жақсы бір ойларын айтқысы келген шығар, - дейді ағамыз. Осылай да өз жұмысындағы кейбіреулер елеусіз деп санайтын тұстарға жіті қарайтын кездері болатын.

Бақыт ағамыз дүниеден өтті дегенде көп сөз бірден ауызға түспей де қалды. Ә дегеннен алдымызға әріп түспей, мониторға ойлана қарап қалдық. Иә, оның жеке тіршілігінде орайы келмеген тұстар да аз болған жоқ. Ол жағын көпшілікке білдірмеуге тырысатын. Сол езуіне күлкі үйірілген қалпы еңкілдеп келіп, ақжарқын амандасатын. Сол амандықтың арасынан «нихо» деген сөз шығатын. Сөйтсек, қытай тіліндегі сөзге ұқсастау келетін осы бір төрт әріпте «хал-жағдайды тәптіштеп сұрап қайтесің. Пешенемізге жазылғанмен жүріп жатырмыз да» деген мағына жатқан секілді. Соңғы кездерде кездескенде қысылып та, қыстығып та айтылатын шағын әзілі осындай болатын.

Бақұл бол, аға. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын.

 

Ғалымбек ЖҰМАТОВ, қаламдас інісі.

saryarka-samaly.kz